Британиялық компанияның Каспий құбыр консорциумынан ресейлік тарапты шығару ниеті бар
Британиялық Shell компаниясы «Роснефть»-пен ортақ құрған кәсіпорынды таратып, Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) үлесін Ресеймен бірлескен құрылымсыз басқаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігіне жақын дереккөз хабарлаған.
Дереккөздің айтуынша, бүгінде Shell КТК-ның шамамен 7,4% үлесін үш компания арқылы иеленеді. Соның ішінде Rosneft-Shell Caspian Ventures құрылымы консорциумның 7,5% иелік етеді, оның жартысына жуығы – шамамен 3,7% – Shell компаниясына тиесілі.
Компания жалпы пакетін сақтауды жоспарлағанымен, ресейлік тарапты серіктестіктен шығару жолдарын қарастырып отыр. Мұндай шешімге АҚШ-тың санкциялық саясаты ықпал еткен. Қазан айында Вашингтон «Роснефтьке» шектеулер енгізсе, Ресей президенті Shell мен «Роснефтьтің» КТК-дегі үлестеріне қатысты мәмілелер жасауға рұқсат беретін жарлыққа қол қойған.
Бұған дейін АҚШ әкімшілігі КТК-ны, «Тенгизшевройлды» және Қарашығанақ жобасын санкциялардан шығарған. АҚШ Қаржы министрлігі бұл жобалар бойынша неге қызмет көрсетуге рұқсат етіп, бірақ үлестерді сату немесе басқа тарапқа өткізуге тыйым салған.
Сонымен қатар жақында КТК-ның Новороссийскідегі теңіз терминалына украиналық теңіз дрондарымен үш мәрте шабуыл жасалды. Консорциум бұл әрекеттердің азаматтық инфрақұрылымға бағытталғанын мәлімдеді.