Бірнеше күнде 25 адамның жол апатынан қаза табуына байланысты ІІМ үндеу жасады

Соңғы күндері Қазақстан жолдарында бірнеше ірі жол-көлік апаты болып, ондаған адамның өмірі қиылды.
Бұл апаттар еліміздегі жол қауіпсіздігінің қаншалықты өзекті мәселе екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бірнеше күннің ішінде ондаған отбасы қара жамылып, ел ішінде ауыр күйзеліс орнады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басты себебі – жүргізушілердің жауапсыздығы мен жолдағы тәртіптің сақталмауы.
Қайғылы оқиғалар тізбегі
-
11 қыркүйек күні Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, салдарынан 10 адам қаза болды.
-
14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көлік соқтығысып, қарсы бағытқа шыққан бір автокөліктің әрекетінен тағы 10 адам мерт болды.
-
Ал Қарағанды облысында болған апатта 5 адамның өмірі үзілді.
Барлығы бірнеше күн ішінде 25 адам көз жұмды.
Ішкі істер министрлігі қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, әр факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Министрлік қазақстандықтарға арнайы үндеу жолдады:
«Бұл – жай ғана жол апаты емес. Бұл – орны толмас қаза. Барлық жүргізушілерге ескертеміз: жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневр жасау, белдік тақпау – осындай қателіктер адам өмірін жалмайды».
ІІМ алдағы уақытта кең көлемді тексерулер жүргізетінін хабарлады. Негізгі назар:
-
көліктердің техникалық жағдайына,
-
қалааралық бағыттарға,
-
жолаушы тасымалымен айналысатын жеке компанияларға аударылмақ.