Бруцеллез ауруын халыққа қолдан таратып жатырмыз
Басқа ауданды білмедім, Абай облысының Үржар ауданында бірнеше жылдан бері мал шаруашылығында бруцеллез ауруымен күрес тек малдан қан алумен ғана шектеліп келе жатыр.
Ал бруцеллезге шалдыққан малдың еті қасапханада сатыларда іліп қойып, қанын сорғытып, Алматыға автобуспен жіберіліп отырады. Ешқандай зарарсыздану процесі жүрмейді. Қасапхана етті арзан бағада алады да ақшасын береді. Сонымен болды. Мал дәрігері үшін әйтеуір ауру малдан құтылып, көз алдынан кетсе болды. Өткен жылдан бері малды бруцеллез ауруына қарсы вакцина егу жұмысы басталды. Бірақ одан ешқандай нәтиже жоқ. Алты айда бір, үш айда бір егілмейтін де болды. Бірақ ауру тоқтаған жоқ. Вакцина ешбір гарантия бермейді екен. Ондай вакцинаның не қажеті бар? Өте қауіпті бруцеллез сияқты жұқпалы ауруды да, вакцинаны да қалталы басшылар бизнеске айналдырып алған болар деп түсінемін. Бұл жағдайды жоғары биліктегілер білмейді деп ойлаймын. Білген күнде тексеруге келген адамның қалтасын толтырып, кетіп қалатыны даусыз. Мемлекетке келтіріп жатқан шығын, халыққа жасалып жатқан қастандық ешбір тексерусіз қала бере ме деген ой мазалайды.
Мен 85-ке келген адаммын. Өзімнің де мамандығым мал дәрігері. 1967 жылы Жарбұлақ совхозында істеп жүргенімде мені Аягөз ауданы «Майлин» атындағы совхозға бас мал дәрігері етіп жіберген еді. Совхозда бруцеллез ауруы күйіп тұр екен. Малдан ай сайын екі рет қан аламыз. Қатты қиналдым. Бір күні «Ветеринарный законодательства» кітабын қарап отырып, академик Веселовскийдің шығарған «штамм19» вакцинасын ексе, бруцеллез ауруы тоқтайтынын оқыдым. Бірақ оны егуге республиканың, Мәскеудің рұқсаты керек екен. Мен ешбір рұқсатсыз жоғарыда айтылған заңдылыққа сүйеніп, барлық погосовьені «штамм 19» вакцинасын егіп тастадым да, ауданға отчетімді алып бардым. Ауданның бас мал дәрігері «екеуміз де сотталатын болдық» деп ұрысты. Отчетты қабылдағанда облыстық ветотдельдің бастығы мені қолдап, үш айдан соң қан алып көріңдер деп тапсырыпты. Қан алғанда барлық мал аман болып шықты. Маған екі жылдың ішінде совхозда бруцеллез ауруынан айықтырды деген мақтау қағаз келді. Бірнеше жылдан соң Мақаншы ауданының «Қарабұлақ» совхозына бас мал дәрігері болып ауыстым. Бұл совхозда «штамм 19» вакцинасын қолданып, бруцеллез ауруын тоқтаттым. Кейін «штамм 19» вакцинасының орнына ірі қараға «штамм 82», қойға «рев1» дейтін вакцина шықты. Олар да мықты вакциналар еді. Ал қазіргі вакциналардың ешбір пайдасы болмай отыр. Сондықтан бұл вакциналар қалталы адамдардың қалтасын толтыратын құрал деп қана ойлаймын. Ғалымдар тексеріп, анығын айтатын күн бола ма? Болмаса, қылмыс жалғаса береді ме? Соған сіздердің тараптарыңыздан бір қозғау болса екен деген ниетпен жазып отырмын.