Бішкек Путиннің сапары алдында Украина елшілігін LED-экранның артына жасырған
Бішкекте Украина елшілігінің ғимараты президент резиденциясының дәл жанында орналасқан.
27 қарашада мұнда ҰҚШҰ саммитіне келген Ресей президенті Владимир Путиннің сапары қарсаңында елшілік алдына бірнеше қабат биіктігіндей алып LED-экран орнатылды. Бұл конструкция Украина туын толықтай көлегейлейтіндей етіп қойылған.
Журналист Григорий Пырлик 20 қарашада Telegram желісінде экранның монтаждалып жатқан суреттерін жариялаған. Оның дерегінше, құрылым «Ынтымак Ордо» деп аталатын жаңа президенттік резиденцияны сырттан шолуға болатын тұсты жауып тұр. Экранның биіктігі бірнеше қабат үймен шамалас.
Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі түсіндірмесінде бұл экран «үкіметтік видеоматериалдар мен протоколдық шараларға визуалды сүйемелдеу үшін» орнатылғанын хабарлады. Алайда бірқатар БАҚ пен сарапшылар оның пайда болуын Путиннің сапарымен тікелей байланыстырды.
Қырғызстандағы Украина елшілігі өкілінің айтуынша, бұған ббайланыты бір себеп бар екені айқын.
Саяси аналитик Турат Акимов «Азаттыққа» берген сұхбатында бұл жағдайды Ресей Федералдық күзет қызметімен (ФСО) байланыстырды. Оның айтуынша, Путиннің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ФСО өкілдері әдетте 10 күн бұрын келіп, барлық аумақты зерттейді.
«Олар Украина елшілігінен қауіп төнуі мүмкін деп есептеген болуы ықтимал. Қырғыз тарабы сол талаптарды орындаған сияқты», – дейді сарапшы.
Владимир Путин 26–27 қараша күндері Бішкекте болып, ҰҚШҰ саммитіне қатысты. Кейін «Ынтымак Ордо» кешенінде прокремльшіл журналистер сұрақтарына жауап беріп, Украинаға қатысты бірнеше мәлімдеме жасады.
Путин: Желтоқсанда АҚШ делегациясы "Трамп жоспары" бойынша келіссөзге келетінін растады" деді.
Кремль бұл жоспарды "болашақ келісімдердің негізі ретінде қарастыруға дайын" екенін айтты;
Украина шығыс өңірлерден әскерін шығармайынша, соғыс тоқтамайтынын мәлімдеді:
"Украина әскерлері басып алған аумақтардан кетсе – соғыс тоқтайды. Кетпесе – біз оны жаулап аламыз", – деді Путин.
Киев: "Территория берілмейді, Конституция тыйым салады"
Украина Президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак The Atlantic журналына берген сұхбатында Киев ешқандай аумақтық концессияға бармайтынын айтты.
«Украин Конституциясы территория беруге тыйым салады. Бұған ешкім бара алмайды. Зеленский президент болып тұрған уақытта Украина оккупаланған аймақтарды Ресейге ешқашан мойындамайды», – деді ол.