Бішкектегі жанжал. Араздықтан татулыққа
21 мамыр, Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиналысқа Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу төрағалық етті.
Іс-шараға Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь делегациялары қатысты.
Кездесуде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі кеңейту, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі басты мәселелер сөз болды. Бұдан бөлек, жиналысқа қатысқан елдердің өкілдері өзара екіжақты кездесулер өткізді.
Сол қатарда ҚР сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Тәжікстан, Пәкістан және Беларусь сыртқы саяси ведомстволарының басшылары –Сироджиддин Мухриддинмен, Мохаммад Исхак Дармен және Сергей Алейникпен кездесті.
Бұдан бөлек, Астанада жұрт көз тіккен тағы бір кездесу өтті. Ол Қырғыз республикасының сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев пен Пәкістан ислам республикасы премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дардың жеке кездесуі болды.
Екі ел министрінің жеке жүздесуіне Қырғыз астанасы Бішкек қаласында болған келеңсіз оқиға себеп болды. БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, Қырғыз елінде оқитын пәкістандық студенттер мен жергілікті жастар арасында төбелес болған. Салдарынан ондаған адам жарақат алып, бірнеше жас қамауға алынды.
Оқиғаға 13 мамыр күні орын алған кішігірім кикілжің себеп болған. 17 мамырда әлеуметтік желілерде осы төбелестің видеосы тарайды. Онда шетел азаматтары мен жергілікті жастар төбелесіп, Қырғызстан азаматтары соққыға жығылғаны айтылады. Сол видеодан кейін 18 мамырға қараған түні Бішкектің шығыс жағында бір топ адам жиналып, 4 күн бұрынғы жанжалға қатысы бар шетел студенттерін жатақханаға дейін қуып барған. Қараңғыда түсірілген видеодан қырғыз жастарының жатақхана маңында шетел студенттерін ұрып-соғып жатқаны көрінеді.
Қырғыз республикасы ішкі істер министрлігі сол түнде қалада жиналғандар саны 700-ге жеткенін хабарлады. Төбелес соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласпас үшін оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ келді, су шашатын құралдар да көзге түсті. Полиция қақтығысты таратып, 6 адамды құрықтады. Оның екеуі жергілікті тұрғын, төртеуі шетел азаматы.
Қырғыз үкіметі Бішкектегі тәртіпсіздік кезінде 29 адам зардап шеккенін, оның 15-і ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Кейін 41 адам медициналық көмекке жүгініп, 11 адам емханаға жатқаны белгілі болды.
Оқиғаға Пәкістан және Үндістан тарабы дипломатиялық реакция білдіріп, Қырғызстандағы студенттерін көшеге шықпауға үндеді. Пәкістан үкіметі 19 мамырдан бастап Қырғызстанда оқып жатқан студенттерін елге қайтара бастады. Екі күнде 540 Пәкістан азаматы өз еліне оралды.
19 мамырда Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары Авазбек Атаханов пен Пәкістан ислам республикасының Қырғызстандағы елшісі Хасан Али Зайгам кездесіп, Бішкектегі оқыс оқиғаны талқылады. Сондай-ақ олар екі елдің сыртқы істер министрінің кездесуін 21 мамырда Астанада өтетін ШЫҰ жиналысы аясында ұйымдастыруға келісті.
Астанадағы кездесуде Жээнбек Кулубаев пен Мұхаммед Исхақ Дар Қырғызстан мен Пәкістан арасындағы сауда, инвестиция, тоқыма өнеркәсібі, туризм, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Сондай-ақ консулдық-құқықтық салада консультациялар өткізу туралы шешім қабылданды.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Мұхаммед Исхак Дар Бішкектегі пәкістандық студенттердің қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша Қырғызстан үкіметі қолға алған шараларды толықтай қолдап, ризашылығын білдірген. Әрі осы мәселе бойынша өзара жүргізуге дайын екенін мәлімдеген.
2023 жылғы ресми мәліметтерге сүйенсек, Қырғызстанда 80 мыңнан аса шетел студенті білім алып жүр. Бұл елдегі студенттердің 35 пайызы. Шетел студенттерінің 61 пайызы Үндістаннан, 32 пайызы Пәкістаннан келген. Біздің ойымызша, бір мемлекеттегі жалпы студент санының 35 пайызын шетел жастарының иеленуі өте ақылға қонымсыздау сияқты. Өйткені шетелдіктердің үлесі қанша көп болса, кикілжің туу мүмкіндігі де арта түседі.
Қазақстан кейінгі 10 күнде 4 елге бейбіт келіссөз алаңын ұсынды. 10-11 мамырда Алматыда Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мен Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов келіссөз өткізген. Енді Қырғызстан мен Пәкістан дипломаттары Астанада бас қосып отыр.
Қазақстан өз аумағында бейбіт келіссөздер ұйымдастыру бойынша мол тәжірибеге ие. Мұндай жиналыстар біздің елде бұған дейін де талай өткен. Сарапшылар мұндай кездесудің Қазақстанға пайдасы болмаса, зияны болмайды дейді. Саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев екі шет мемлекет бір елге сенгені үшін сонда келіссөз өткізетінін айтты.
«Біз бейтарап, бейбіт еліміз. Шет мемлекеттерге келіссөз алаңын ұсыну өте жақсы шешім. Олар келіссөз өткізуге не үшін біздің елді таңдап отыр? Бұл ол екі елдің бізге сенетінін білдіреді. Мысалы, Пәкістан мен Қырғызстан, Әзербайжан мен Армения бізге сенгендіктен, Астана мен Алматыда кездесу өткізіп отыр. Сондықтан мұны дұрыс түсініп, жақсы жағынан қабылдау қажет. Мұны дипломатиялық жетістік деп бағалауға болады.
Мұндай кездесу үлкен елде өтсе, ол елдің саяси амбициясы мен мүддесі болады. Келіссөз өткізетін екі елге бұл тиімсіз болуы мүмкін. Ал Қазақстанның ондай мүддесі жоқ, біз екі тарапқа тең қарап, бірдей алаң ұсынамыз, сол үшін бізге сенеді. Мұны Қазақстан халқына сенімі деп қабылдауға болады.
Біздің елде де шетелдік студенттер білім алып жатыр. Өткенде Ғылым және жоғары білім министрінің есебін тыңдадым. Біздегі шетел студенттері келісімшартпен оқып жатыр, оның үстіне олардың саны да көп емес. Дәл қазір бізде бәрі тыныш деп ойлаймын.
Ал Қырғызстанның қателігі, ол елде шетелдік білім алушылар өте көп. Олар шетелдік студенттерді халықаралық рейтинг үшін қабылдап жатыр. Бұл рейтингте жоғары орынға ие болуға мүмкіндік беретін негізгі критерийдің бірі – сол оқу орнында білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны. Екінші бір себебі – қаражат мәселесі. Шетелден келген жастар тегін оқымайды, бәрі ақы төлейді», – дейді маман.
Қуан Өмірхан