Бітімгерлер күні: бейбітшіліктің алдыңғы шебінде

29 мамыр – қақтығыстарды реттеуге, қауіпсіздікті қорғауға, бейбітшілікті сақтауға елеулі үлес қосатын Біріккен ұлттар ұйымының халықаралық бітімгерлер күні.
Бұл күн – әлемнің әр түкпіріндегі бейбітшілікті қамтамасыз ету жолында жанқиярлықпен қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілетін зор құрметтің белгісі. Қазақстандық әскери қызметшілер де Біріккен ұлттар ұйымының туы астында бейбіт миссияларда табандылық пен жоғары кәсібилік танытып келеді. Қазақстан үшін бұл дата – тек жаһандық мойындаудың белгісі ғана емес, елдің бейбіт миссиялардағы нақты тәжірибесін айғақтайтын маңызды белес.
Қазақстанның бітімгерлік қызметтегі жолы 2003 жылы алғашқы инженерлік-саперлік «Қазбат» жасағының құрылуымен басталған. Сол тарихи қадам еліміздің халықаралық қауіпсіздікке қатысу қызметінің іргетасын қалады. 2014 жылы Қазақстан Қарулы күштерінің өкілі алғаш рет Батыс Сахарада БҰҰ әскери бақылаушысы ретінде қызмет атқарды. Содан бері қазақстандық әскери қызметшілер Ливан, Кот-д’Ивуар және Батыс Сахара сынды әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында еңбек етіп келеді.
2024 жылы Қазақстан Африка мен Таяу Шығыстағы бірқатар күрделі аймақтарға қосымша бітімгерлер жіберді. Олардың қатарында Орталық Африка Республикасы, Мали мен Конго Демократиялық Республикасы бар. Бұл миссиялар – тек кәсіби даярлықты ғана емес, жан-жақты төзімділік пен жоғары жауынгерлік рухты талап ететін қызметтер.
Қазақстан – ТМД елдері ішінде БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына дербес мандат алған алғашқы әрі әзірге жалғыз мемлекет. Қазір ол аумақта 139 отандасымыз бейбітшілікті сақтау бағытында жауапты міндет атқарып жүр. Олар атысты тоқтату режимін бақылау, қарсы тараптар арасындағы сенімді нығайту және аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарып келеді.
Бұл жетістіктер Қазақстанның халықаралық аренадағы салмағын арттыра түсетіні анық. Алматы қаласында орналасқан Бітімгерлік операциялар орталығы бітімгерлерді құқық, тіл, гуманитарлық және психологиялық тұрғыда жан-жақты даярлауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің бітімгерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
БҰҰ бітімгерлері күні – қаза тапқан бейбіт сарбаздарды еске алып, бейбітшілік жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың қажырлы еңбегін мойындайтын күн. Қазақстандық бітімгерлер ерлігі мен кәсібилігіне ту етіп, мемлекет беделін әлем алдында абыроймен көтеріп келеді.
2014 жылдан осы уақытқа дейін Біріккен ұлттар ұйымның бітімгерлік миссияларына 750-ден аса қазақстандық әскери қызметші қатысып, бейбітшілік пен тұрақтылық жолында аянбай қызмет етіп келеді. Бұл – Қазақстан Қарулы күштеріміздің кәсіби даярлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бітімгерлердің бейбітшілік жолындағы қызметі еліміздің халықаралық беделін нығайтатын маңызды қадам екені белгілі. Сондай-ақ олардың жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі – жас ұрпаққа үлгі боларлық ерлік пен кәсібиліктің көрінісі.
Биыл мамырда ел президенті, ҚР Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Голан жоталарынан оралған алғашқы бітімгерлерді марапаттау кезінде олардың еңбегін жоғары бағалаған болатын. Мемлекет басшысы Бітімгерлердің ең күрделі жағдайда да қазақстандық әскери қызметшілердің тиімді қызмет ете алатынын дәлелдегенін айтып, бұл еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанға деген сенімді нығайтатынын атап өтті.
Елназым Қуанқызы