«Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1986 жылмен өлшенбейді»

Биыл еліміздің 30 жылдық тәуелсіздігін атап өтудеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ.
Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1986 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, ғұн, сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», – деп қағидатты сөздерін айтты. Бүгінгі және келешек ұрпақ тәуелсіздік үшін күрестің идеялардан басталғанын және олардың дәуірлер бойы сабақтаса отырып, бүгінгі күнге жеткенін білулері керек. Сондықтан жас оқырман қауым назарына ел тарихындағы тәуелсіздік идеялар мен олардың басты кезеңдеріне қысқаша сипаттама беруді жөн көрдік.
Идея – тарихи дамудың нәтижесі бола тұрып, даму барысында өзінің көптеген қырлары мен мазмұнын айқындаған, толысқан ұғым. Ол бүкіл даму тарихындағы жасалған рухани байлықтарды бойына сіңірген жүйе болып табылады. Оның қалыптасуы тарихи кезеңдердің сабақтастығы арқылы белгілі бір әлеуметтік-саяси, мәдени кеңістікте күрделі құбылыс ретінде жүзеге асады. «Мәңгілік ел» идеясының қалыптасуы да осындай күрделі де ұзақ жолдан өтті. Ежелгі ғұн, сақ және оларды жалғастырған түркілердің дүниетанымы бір болды.
Қазақ халқының дүниетанымы көне замандағы сақ, ғұн және түркiлердің тайпалық мемлекеттiк құрылымдарының қарапайым түрлерiнен бастап, Қазақ хандығының дәуiрлеу кезеңiне дейін қалыптасты және одан әрі заман талабына сәйкес жетілу, толысу процестерін бастан кешірді. Осындай күрделі дүниетаным «Мәңгілік ел» идеясы қалыптасуының басты алғышарты болды. Ұлттық болмыстың кескінін бейнелейтін ұлттық өзіндік санада генетикалық код ретінде жасырынған және дәстүрлі қазақ қоғамындағы осындай халықты біріктіруші идеяның ізін халқымыздың арасынан шыққан тұлғалардың әлеуметтік-саяси ойлары мен философиялық көзқарастарынан табуға болады. Бұл көзқарастар әдетте мемлекетшілдік, ел тағдыры, тәуелсіздік, жер және т.б. қоғамның сол кездегі күрделі де маңызды саяси-әлеуметтік мәселелерін қамтыды.
Х ғасырдың аяғында «Мәңгілік ел» идеясының саяси философиялық негізін шығыстың көрнекті ойшылы, философ әл-Фараби жасады. Ортағасырлық шығыс философтары пікірталастарының ортақ бір проблемасы «мәңгілік» мәселесі еді. Ғалымның мәңгілік теориясы әлемнің жаратылысы туралы діни ағымдарға қарсы бағытталды. Әл-Фарабидің екінші бір принциптік қағидасы – ақыл-ойдың бір мәнді болуы адамдарды мәңгілікке бастайтыны. Бұл жерде жеке адамның мәңгілігі туралы емес, адамдар құрған қоғамның мәңгілігі туралы сөз болып отырғанын түсіну қиын емес. Сөйтіп, өз заманында әл-Фараби осы мәселелерді ғылыми жүйеге келтіріп, өзіне дейінгі және өз замандастарынан ілгері, озық ілім қалыптастыра алды. Нәтижесінде, «Мәңгілік ел» жай ұғым емес, саяси философиялық маңызды тұжырымға айналды.
Қоғамды құратын адамдардың дүниетанымы сол қоғам идеясының алғышарты болып табылады. Таным жөніндегі әл-Фарабидің ілімдерін қазақ елінде жалғастырған және қазақ шындығымен терең байланыстырған Абай болды. Әл-Фараби дәстүрінің жалғасы Абайдың «толық адам» жөніндегі ой-пікірінен айқын сезіледі. Абайда жиі сөз болатын «толық адам», «жарым адам», «адам болу», «инсаниаттың кәмаләттығы», «бенделіктің кәмаләттығы», «толық инсаниат», «адамшылық», «адамның адамдығы», «адам болу» т.б. атаулық мәні бар ұғымдар, сөздер тобы, ол жайлы пікірлердің шығар көзі әл-Фараби еңбектеріндегі ой желісінен туындайды.
Ежелгі сақ, ғұндар мен олардың ұрпақтары – түркілердің дүниетанымындағы «мәңгілік» туралы түсініктері («ел», «жер», «еркіндік» туралы) кейін б.з. V ғасырдың екінші жартысында түркілер өз қағанатын, яғни мемлекеттігін құрғанда «Мәңгілік ел» мемлекеттік идеологиясына айналды. Алғаш рет «Мәңгі ел» мұраты мемлекеттік идеология ретінде Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге арналған бітіктаста түркі еліне жария етілген. Сонымен қатар «мәңгі» сөздері Тывадағы Чаа-Қол-1, Оя, Уйбат, Ұлық Кем, Ел Бажы өзендері жағасындағы бұғытастарда және де Абақан өзенінің бойындағы «Алтын көл», Ұлық Кем өзенінің сол жағалауындағы «Бай-Бұлын», Абақан, Тывадағы «Сайғын» бітіктастарындағы жазбаларда кездеседі. «Мәңгі» сөзінің көне түркі жазба ескерткіштерінде осыншама жиі кездесуі кездейсоқ емес. Бұлай болуы ежелгі түркі дүниетанымында «мәңгілік» түсінігі кеңінен танымал екенін білдіріп қана қоймай, оның бүкіл түркі жұртының аңсаған мұратына айналғанын көрсетеді. Оған дәлел ретінде Күлтегін бітіктасында жазылған нұсқасын келтіруге болады. Онда «мәңгі» сөзі Өтүкен мекенінде бейбіт өмір сүріп, сауда керуенін жіберу арқылы елдің аш-жалаңаш болмай, мұңы жоқ, тоқтықта болатыны жайлы контексте келтірілген.
Ата-бабалар тарихындағы маңызды дәуір Алтын Орда империясының өмір сүрген кезеңі болып табылады. Оның басым халқы түркілерден болғандықтан, бұрыннан келе жатқан «Мәңгілік ел» идеясы Алтын Орданың да мемлекеттік идеологиясына айналды. Алтын Орда өзінің қол астындағы орасан зор территориядағы елдер мен халықтарды біріктіру мақсатында түркілердің «Мәңгілік ел» мемлекеттік идеологиясын қолданған. Оны «Мәңгі Көк Тәңірі» сөз тіркестерінде «мәңгі» сөзі мен «тәңірі» сөзінің Шыңғыс ханның ресми құжаттарында жиі кездесуінен көрінеді. «Тәңірінің өзі қолдайтын, қамқорлығына алатын ел боламыз!» деген Шыңғыс ханның жарлығынан осыны байқауға болады. Алтын Орда дәуірінде «Мәңгілік ел» құру идеясы «Мәңгі Тәңірінің күші» тұрғысында кездеседі. Сондықтан оқырмандар бұл тарихи кезеңге сәйкес деректерді «Мәңгі Тәңірінің күші» сөздерімен басталған: Күйік ханның мөрінен, Арғұн ханның француз королі Филипке жазған хатынан және Алтын Орда ханы Өзбектің елшісін растаған құжаттардан кездестіре алады. Мысалы, төмендегі Арғұн ханның хаты «Мәңгі Тәңірінің күші» сөздерімен басталған. Тағы да бір мысал: 1246 жылы Күйік ханның хатын саяхатшы Плано Карпини Рим папасына жеткізген. Бұл хатты 1920 жылы поляк ғалымы Кирилл Каралевский Ватикан мұрағатынан тапқан. Хатқа «Мәңгі Тәңірінің күші» деген сөздері бар Күйік ханның мөрі басылған және ондағы жазудың түрік тілінде екенін Францияның ірі моңғолтанушысы Поль Пелльо зерттеу жүргізіп дәлелдеген.
Қазақ хандығының қалыптасуы Асанқайғының «Жерұйықты» іздеу идеясымен сәйкес келеді. Ақиқатында, Күлтегіндегі «Өтүкен жынысы» («Өтікен жынысында отырсаң, Мәңгі ел тұтып отырар ең»), Асанқайғының «Жерұйығы» қазақтың ата-бабалары – түркі жұрты мен Қазақ елінің «мәңгілік ел» болу мұратының бір-бірімен жалғасып, сабақтасатынын айқын көрсетеді. Қазақ хандығы тұсында «Мәңгілік ел» идеясының сабақтастығы. «Мәңгілік ел» мемлекеттік идеологиясы болған Түркі мемлекеттерінің сабақтастығын хандықтар мемлекеті тұрғысында жалғастырған тұлғалар: Жәнібек пен Керей, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, соңғы Кенесары хан еді. Мысалы, «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп айтылатын осы бір қысқа ғана ауызекі нақыл сөздердің мағынасында бүкіл сол Қазақ хандығы құрған мемлекеттің «Мәңгілік ел» мұратына жетудің жолын айшықтайды. Тәуке хан тұсында үш бидің қатысуымен «Жеті жарғы» жинағының шығуы да сол тарихи кезеңде заңға негізделген тұрақты мемлекет құрудың амалы болатын. Қай хан болсын өз заманында Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оны күшейту үшін бар күш-жігерлерін аямағаны белгілі.
Ұлт зиялылары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы күресе отырып, қазақ халқының болашақта алдыңғы қатарлы ел болып қалыптасуының жолдарын іздестірді. Міне, осы кезеңде «Мәңгілік ел» мұратына жету үшін Алаш идеясы көмекке келді. Алаш зиялылары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов және т.б. шығармаларынан оқырмандар қазақ жері мен елінің тәуелсіздігі туралы ұстанымдары мен көзқарастары және олардың іс-әрекеттері Алаш идеясы туы астына шоғырланды. Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың «Біртұтас Түркістан» идеясы да осы «Мәңгілік ел» идеясының түркі әлеміндегі бір көрінісі болды. Осы жерде экс-президенттің: «Мемлекеттік тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе тек қазіргі ұрпақтың ғана меншігі емес. Ол – өткеннің алдындағы борыш және келешектің алдындағы жауапкершілік», – деген сөздерін еске алған орынды. 2014 жылдың басында экс-президент Н.Назарбаев халыққа жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясы ретінде жария етті.
Аталған ұлттық идеялар қазақ халқының ата-бабаларының дәуірлер сынынан өткен, халықпен бірге жасасып, сабақтастықпен шыңдалып осы күнге дейін жеткен идея болды. Сонымен қатар бұл біреудің ашқан жаңалығы не болмаса абстрактылы ұғымдар жиынтығы емес, өз ата-бабаларымыздың дүниетанымынан басталған, дәуірлер бойы ұлттық құндылықтарды бойына жинақтаған, сан ғасырлар бойғы халқымыздың арманын жүзеге асырудағы рухани-саяси ұстанымы болғаны ақиқат.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. «Мәңгілік ел», тәуелсіздік идеясы халықпен бірге жасасып, сабақтастық қай дәуірде болсын үзілмек емес. Оған тарих куә.