Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтеді
Мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін — әдебиет, өнер, адамдары (Ханбибі Есенқарақызының сөзі)
21 мамыр күні Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні 2013 жылдың қараша айында бекітілген. Бүгінгі таңда Қазақстанда 8000-ға жуық мәдениет ошақтары жұмыс істейді, онда 64000-нан астам маман қызмет етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша олардың жалақысы 2023 жылы 2021 жылғы деңгейден 45% өскен.
Бұл күнің ерекшелігі туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында атап өтті.
«Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесін тойлаудың қоғамымыз үшін маңызы зор. Бұл осы саланың мыңдаған өкілдерінің әрқайсысының атқарған орасан зор рөлін еске салады. Оларсыз дамуымызға, рухани баюымызға аса маңызды көптеген мәдени шараларды өткізу мүмкін емес еді.Сонымен қатар, мәдениет пен өнер ең маңызды тәрбиелік миссияны атқарады. Оларсыз адам тұтас, дамыған, рухани бола алмайды.Мәдениет пен өнерді мерекелеу мәдени мұраны сақтаудың, патриотизмді тәрбиелеудің және қоғамымыздың жалпы мәдени дамуының маңыздылығын атап өтеді»,- деді министр өз сұхбатында.
Ресми мәліметтерге жүгінсек, тек соңғы үш жылда бүкіл ел бойынша 700-ден астам жаңа мәдениет нысаны жөнделіп, 168 жаңа нысан салынған. Биыл 11 жылда алғаш рет материалдық емес мәдени мұраның ұлттық тізімі жаңартылды. Бұл тізімге қосымша 75 элемент енгізілген.
Министр Аида Балаева өз сұхатында мәдениет саласын дамытудағы президенттің ерекше рөлін ерекше атап өткісі келетінін айтты.
30 жылда алғаш рет «Халық әртісі»құрметті атағы тағайындалып, 8 мәдениет қайраткеріне берілді. Еліміздің және шет мемлекеттердің азаматтарына мәдениетаралық және ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында «Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытында мәдениет пен өнер саласындағы үздік жұмыстар мен туындылар үшін» сыйлығы тағайындалды.
2023 жылы мемлекеттік қолдаумен түсірілімі 2022 жылы басталған 18 фильм өндірісі аяқталды, сонымен қатар 19 жаңа киножоба шығарылды. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі аясында Анкара, Ыстанбұл және Краков (Польша) қалаларының анимация студияларында анимация саласында 12 қазақстандық студент, маман оқытылды.
Көп жылдан бері кітапханашы болып жұмыс істеп келе жатқан Сәлима Тоқтасынқызының айтуынша, жыл өткен сайын Қазақстанда кітапханашыларға деген қолдау артып келеді.
Жалпы біздің Ұлттық кітапханада 24 бөлім жұмыс істейді. Оқырмандарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 14 оқу залы бар. Сол 14 оқу залында қазіргі таңда оқырмандар толық отырады, бізден ақпарат алады. Кітапханашылардың қазір мәртебесі өсіп келеді, мысалы жалақымыз көбейіп жатыр, қоғамда, мемлекет тарапынан біздің мамандығымызға қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы көпшіліктің оқуға деген, кітапқа деген көзқарастары өзгерді деп ойлаймын. Өйткені қазір білімді ұрпақ, «Жаңа Қазақстан» деп жатырмыз, ертең осы өсіп жатқан ұрпақ бізді көтереді. Білімді ұрпақ. Қазір біздің президент тарапынан көтеріп жатқан мәселе- білімді ұрпақ тәрбиелеу ғой.
21 мамыр күні өз кәсіби мейрамын кино, театр, кітапхана, музей қызметкерлерімен қатар жазушыларда атап өтеді. Қазақстан президенті кітапхана ісі, әдебиетке айтарлықтай көңіл бөлінетінін өткен жылы болған Ұлттық құрылтай барысында айтқан болатын.
«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек. Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын»,- деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл бастамасын қазақ ақыны әрі жазушы Ақберен Елгезек қолдайтынын айтты. Себебі бұл мемлекет үшін өте маңызды дүние дейді жазушы.
«Президенттің «Балалар кітапханасы» бағдарламасы қабылданады, мектеп кітапханаларының бәріне көркем әдебиет, қазақ тіліндегі көркем әдебиет жеткізіледі дегенде, өте қатты қуандым. Автор ретінде, баспагер ретінде, жалпы азамат ретіндеқатты қуандым. Өйткені көркем әдебиетті оқымай өскен бала, бұл жартылай адам болып өседі деп есептеймін өзім. Айталық қазір аузымыздың суы құрып, қызығып жүрген Илон Макс болсын, Amazon –ды құрған Безос болсын, Стив Джоб болсын, Майкросовтың иесі болсын олардың барлығы көркем әдебиет оқып, өскен. Өз сұхбаттарында айтады. Илон Макс мысалы фантастикалық әдебиетті оқып, өскен. Сол арқылы бүгін Марсқа ұшайын деп отыр. Демек адамның миын, оның рухани әлемін бәрін көркем әдебиет тәрбиелемесе оның орнына басқа идеология тәрбиелейді. Айталық фанатизмге бұрынлған небір идеология тәрбиейді, субкультура тәрбиелейді, деген сияқты. Жарым-жартылай адам өседі»,- деді ақын.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні демалыс күні болмаса да бұл күні Қазақстанада түрлі шаралар, кездесулер, концерттер, көрмелер ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің еңбегін марапаттау, бағалы сыйлықтар тапсыру және мемлекеттің мәдениетін дамытуға қосқан үлесін көрсететін атақтарды беру арқылы сала мамандарына көңіл бөледі.
Мәдениет және әдебиет қызметкерлері кітап, өнер, мұрағат, салт-дәстүр сияқты тарихи-мәдени жәдігерлерді сақтау және зерттеумен айналысады. Олар мәдени мұраны сақтау мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде шешуші рөл атқарады. М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжаһан Жұмабекқызы жылына бір рет келіп, ескерілетін кәсіби мейрамға орай өз әріптестерін құттықтады.
«21 мамыр- өнер және мәдениет қызметкерлерінің төл мекересі. Осы төл мереке қарсаңында өнерге, мәдениетке еңбек сіңіріп жүрген барша қазақстандық азаматты құттықтаймын. Кино, театр, музей,кітапхана салаларында жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен. Сонымен бірге бұл салаларға қазіргі таңда үкімет тарапынан көңіл бөліне бастағаны бізді қуантады.Мәселен, кітапханашылардың жалақысы, биылғы 2024 жылдың басынан бастап өсті. Біз оларды естігенде, әрине, қуанамыз. Мұның өзі қазіргі таңда біздің еліміздің экономикасының көтеріле бастағаны,өнер және мәдениет қызметкерлеріне ерекше көңіл бөле бастағанын көрсетеді. Өнер және мәдениет қызметкерлеріне толағай табыс тілей отырып, отбасына амандық, шығармашылық шабыт тілеймін. Еліміз амандықта, тыныштықта, бейбіт өмірде өмір сүрейік», деп құттықтады Гүлжаһан Жұмабекқызы.