Бүгін Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот басталды: ашық түрде өте ме?

Астанада белгілі қоғам белсендісі, “Biz Birgemiz Qazaqstan” қайырымдылық қорының төрағасы Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды.
Сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына күдіктілер қарсы болған. Сонымен қатар процесті фото және видеоға түсіруге де тыйым салынған. Елорда сотының баспасөз қызметі тыңдаудың өткенін растады, алайда бұған дейін бұл туралы ресми хабарланбаған.
“Бүгін алдын ала тыңдау өтті. Баспасөз қызметі бұл жайында жеке де, журналистердің ортақ чатында да хабарлаған жоқ. Қазір сот отырыстың ашық не жабық форматта өтетінін шешу үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Тыңдау аяқталған соң қосымша ақпарат беріледі”, - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Перизат Қайрат қоғамда еріктілер қозғалысын дамытуға қосқан үлесімен танылған. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторына гуманитарлық миссия ұйымдастыру сынды түрлі қайырымдылық бастамаларымен көзге түскен.
Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Бұған қоса, 2023 жылдың қарашасында Палестина халқына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллион теңгесін жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылды.
ҚМА мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда Перизат Қайрат дәл осы қаражаттың есебінен Нұр-Сұлтандағы элиталық Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер, сондай-ақ 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігін сатып алған.
2024 жылдың 16 қарашасында Астана тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Ал 13 желтоқсанда оның элиталық пәтерлері мен автокөліктері бұғатталып, үйінде тінту жүргізілген. Тінту барысында қайырымдылық қаражатқа сатып алынған жоғары құнды техника мен әлемдік брендтердің (Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б.) киімдері, зергерлік бұйымдары, аяқкиімдері мен сөмкелері тәркіленді.
Іс бойынша сот процесі жалғасуда.
Шешім: Волонтер Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесі ішінара жабық өтеді. Айыпталушылардан жауап алу сәті көпшілікке көрсетілмейді. Қалған бөлігі ашық форматта өтеді. Сот отырыстары дүйсенбі және сейсенбі күндері болады. Алғашқы отырыс 14 шілде күні сағат 10:00-де басталады.