Бүгінгі балалар не оқып, жас авторлар не жазып жүр?

Қазіргі бала – жаһандану мен цифрланудың ортасында өсіп келеді. Оның танымы TikTok пен YouTube бейнелерімен, визуалды анимациялармен, цифрлы кітаптармен қалыптасып жатыр.
Осы ортада әдебиет – ұрпақ тәрбиесінің басты құралы ретінде өзінің орнын сақтап қала ала ма? Бүгінгі баланың қандай кітап оқитыны ғана емес, оған қандай шығармалар ұсынылатыны да маңызды. Бұл – ұлттық болмысымызды, тілдік қабілетімізді, дүниетанымымызды сақтайтын күретамыр сала.
Классика мен комикс ортасындағы бала
Бала оқырманның қолындағы кітаптар бірнеше арнаға бөлінеді:
Мектеп бағдарламасы арқылы берілетін Абай, Ыбырай, Ахмет мұралары.
Шетел әдебиетінің бейімделген нұсқалары: Гарри Поттер, Marvel кейіпкерлері, Disney ертегілері.
Қазіргі заманауи қазақ балалар әдебиеті, оның ішінде жас қаламгерлердің тың туындылары.
Соңғы арна – ерекше назарда. Себебі дәл осы бағыт баланың жүрегіне жақын, тіліне түсінікті әрі ұлттық мазмұнды заманауи тілмен ұсынады. Мұндай қаламгерлердің қатарында Аслан Тілеген, Ретбек Мағаз, Серікбол Хасан сынды жас авторлар бар.
Аслан Тілеген – қалжың мен парасатты қатар ұсынған ақын
Аслан Тілегеннің балаларға арналған өлеңдері жеңіл әрі ойлы. Ол баланың күнделікті өмірінен мысал ала отырып, күлкі мен кекесін арқылы тәлімді ой ұсынады. Мысалы, «Айқанаттың жауабы» атты өлеңінде ақыл мен қиялдың шекарасы жымдасып жатыр – бала логикасымен "Қанатсыз ай ұшып жүрсе, менің атым неге Айқанат болмасын?" дейді. Бұл – баланың ойлау қабілетін күшейтетін тәсіл.
«ҰЯТ-АЙ» және «П әрпі бар сөз» сияқты туындыларында автор баланың күнделікті сәттерін өткір әрі юмормен бейнелейді. Ал «Бөпе қай тілді түсінеді?» өлеңінде үштілділік мәселесімен қатар, ұлттық тілдің құндылығын нәзік жеткізеді. Мұндай өлеңдер – бүгінгі қазақ баласының нақты өмірімен тікелей үндесіп жатыр.
Ретбек Мағаз – заттарды сөйлеткен жаңашыл ақын
Ретбек Мағаздың «Үй мүліктерінің айтысы» атты өлең-топтамасы – балалар поэзиясындағы ерекше құбылыс. Бұл туындыларда үйдегі әрбір заттың өзіндік «мінезі» бар, олар пікір таластырып, өз рөлін дәлелдеуге тырысады. Осындай тәсіл арқылы автор балаға тұрмыстық заттарды бағалауға, тәртіп пен тазалықты ұғынуға, әрбір заттың қызметін түсінуге жол ашады. Өлеңдегі есік, кілем, үстел, теледидар – бәрі де тірі кейіпкерлерге айналады. Бұл – баланың қиялы мен эстетикалық сезімін дамытудың тиімді тәсілі.
Серікбол Хасан – ұлттық тәрбиені жүрекке жеткізетін автор
Серікбол Хасанның балаларға арналған өлеңдері – адамгершілік пен ұлттық тәрбиеге құрылған. «Жұрттың баласы», «Мен жазушы боламын», «Қанатым болса» сияқты туындылар – баланың ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік береді. Өлеңдерінің басты ерекшелігі – заманауи баланың психологиясын түсіне отырып жазылғаны. Мысалы, «Өміріңде бармын ба?» атты өлеңінде баланың анасына ренішін жеткізуі – қазіргі смартфонға байланған қоғамға ауыр сұрақ тастайды.
«Қоңыр күз», «Жеті шелпек», «Менің әжем» сияқты шығармаларында ұлттық салт-дәстүр, маусымдық ерекшеліктер, отбасы құндылығы көркем тілмен берілген. Автор балаларды өмірге жақындатуға тырысады.
Болашақ кімнің қолында?
Қазіргі балалар әдебиетінің болашағы – осындай жас қаламгерлердің қолында. Олар біріншіден, баланың тілі мен түсінігіне сай жазады. Екіншіден, тәрбиелік мәні бар тақырыптарды терең әрі жеңіл жеткізеді. Үшіншіден, ұлттық құндылық пен заманауи стильді үйлестіреді.
Ең бастысы – олар балаға жоғарыдан емес, қатарынан қарайды. Сол себепті олардың шығармалары шынайы қабылданады. Бұл әдебиет – жас ұрпақтың санасын жаңғыртатын, қазақша ойлайтын ұлтжанды ұрпақ тәрбиелейтін әдебиет.
Қазіргі балалар әдебиеті – өзгеріп жатқан, сонымен бірге үміт пен әлеуетке толы сала. Аслан Тілеген, Ретбек Мағаз, Серікбол Хасан сынды жас қаламгерлердің шығармалары дәл осы әдебиеттің жаңаша тынысын көрсетеді. Ендеше, ұлт болашағы үшін балалар әдебиетін қолдау – тек әдебиетшінің емес, бүкіл қоғамның міндеті.