Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:47

Бүгінгі балаларға да керек кітап

1
Фото: baribar.kz

Бүлдіршіндердің әдеби журналы «Балдырғанның» жарыққа шыға бастағанына 70 жылға жуықтаса, кәсіби қазақ балалар әдебиетінің тарихын да соған тірейміз.

Өйткені осы кезеңнен бастап (1957 жыл) балалар әдебиетіндегі түрлі жанрлар қалыптаса бастады. Сол жанрлардың қалыптасуына, өзге тілдерден қазақшаға аударылуда «Балдырғанның» алғашқы қызметкерлері аянбай тер төкті. Алғашқы «бүлдіршіндер редакторы» – Мұзафар Әлімбаев болса, оның сарбаздары Бердібек Соқпақбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Қадыр Мырзалиев болатын.

Әңгіме Әнуарбек Дүйсенбиев туралы. Жаңа бүлдіршіндер журналының жауапты хатшысы осы кісі болатын. Оның қаламынан қазақ балаларының аузынан әлі күнге дейін түспей, жадынан жоғалмай келе жатқан небір ғажайып өлеңдер туды.

«Апаң сенің базардан,

Алма сатып әкелді.

Ең үлкенін, дәмдісін,

Саған таңдап әперді.

Не деп барып жеу керек?» деп, балаларды ойнатып отырып жаттататын өлең;

«Дала аппақ, жапалақтап,

Қар жауады тынбастан...» деп әдемі әнімен құлаққа сіңіп қалатын жыр;

«Ел жатқанда жатпаған,

Мен деп тыным таппаған...» деп, әр бала оңай тақылдай жөнелетін тақпақ иесін біле бермеуіміз мүмкін. Дегенмен мұның бәрі бір ақын – Әнуарбек Дүйсенбиевтікі.

Ал осы өлеңдерді бүгінгі балалар жаттаса несі айып?! Осыны ескерген Ziyat баспасы таңдаулы тақпақтарды жинақтап, «Ақ мамам» кітабын жарыққа шығарды. Кітап іші де балалар санасына сай көркемделіп, безендірілген. Кітап балабақшаның жоғары топ балалары мен бастауыш сынып оқушыларына арналған.