Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 28 Қыркүйек 2024

Бүгінгі балаларға қандай кейіпкерлер қызық?

Зәуре Төрехан
Фото: Зәуре Төрехан

Халқымыз мыңдаған жылдық ғұмырында бала тәрбиесін көшпелі тұрмысқа оңтайландырылған, кемелденген далалық мектептің негізінде жүйелі іске асырған. Халық ауыз әдебиетінің, фольклордың көптеген үлгілері осыған дәлел.

Әр дәуірдің өзіне сай баласы, сол баланың қызығушылығына сай кейіпкері болады. Бүгінгі балалар не оқиды? Оларға қандай кейіпкерлер қызық? Балаларға арнап қалам сілтеген жазушы ең әуелі осыны ескерсе керек. Жаһанданған дәуірдің қасиеті мен қасіретіне қатар айналған технологияның дамуы бүгінде қызылды-жасылды суреті арқылы бала атаулының санасын оңай жаулап жатқаны өтірік емес. Осы турасында біз бүгін балалар жазушысы, көпке «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» фэнтези кітабымен танымал Зәуре Төреханмен сұхбат құрдық. 

Ең алдымен әңгімемізді сіздің шығармашылық жолыңыздағы жаңалықтардан бастайықшы. Жақында «Жошы хан» комикс-кітабы жарық көреді екен. Жалпы балалар тақырыбына жазудың қиындығы мен қызығы жайында айтып беріңізші. Әдебиеттің дәл осы саласына қызығуыңыздың себебі неде? Балалар әдебиетінің жазушысы ретінде өз миссияңызды қалай сипаттар едіңіз?

– Әлемде балалар әдебиеті ең көп сұранысқа ие және ауқымы кең бағыттардың бірі, себебі балалар әдебиетінен комикстер, мультфильмдер, компьютерлік ойындар, мерчендайзинг сынды жанрлар туады. Балалар әдебиетінің мықтылығы сол, ол өнімдердің тұтынушылары есейген соң да өзінің балалық шағында әсер еткен кейіпкерлерді ұмытпайды. Менің балалық шағымда жақсы көретін кейіпкерлерім ниндзя тасбақалар болатын, ал есейген соң ол кейіпкерлердің авторлары туралы білдім. Аталмыш комиксисттер Кевин Истмен және Питер Лэрд өздерінің жинап-тергендерінің бәрін осы комиксті шығаруға салып, оны алғаш рет 1984 жылы басып шығарған. Сол жылы күтпеген жерден үлкен сұранысқа ие болып, 1987 жылы комикс бойынша мультсериал шықты, ойыншықтар жасалды, кино түсірілді, видео ойындар, медиа өнімдер жасалды, сөйтіп олар тек осы ниндзя тасбақалар туралы идеясының арқасында әлемге танымал болып, өмір бойы табысын көріп жүр. Мен сол мультфильмдерді көргенде, өзім де шабыттанып, болашақта осындай кітап жазып, мультфильм шығарамын деп өзіме уәде еттім және сол кезде мен де балаларға арналған шығармаларыммен таныламын деп көз алдыма елестеттім.

Алайда уақыт өте келе, есейген соң мен арманымды ұмыттым, басқа қызығушылықтарым пайда болды, оның үстіне математикам да жаман емес еді, мен банк саласын таңдадым, сол жерде көп жылдар бойы құнды қағаздармен айналыстым, бірақ өзімді бақытты сезінбедім. Сөйтіп, анамның батасымен балалық шағымдағы арманымды еске түсіріп, жазушылыққа бет бұрдым. Бұл сала да оңай емес екен, жалпы қай мамандықты таңдасаң да, оңай ештеңе жоқ. Шындығына келгенде, шығарма жазу бір бөлек те, оны кітап етіп шығару, оқырмандарыңды табу бір бөлек нәрсе, ол үшін талантпен қатар көп уақыт, шыдамдылық, табандылық, өмірдің өзгерістеріне бейімделгіштік керек. Мүмкіндіктер келгенде, оларды жіберіп алмау керек, мен банкирмін, маған кітап жазу қайда деп отырмадым, батыл болдым, қорықсам да, ұялсам да, өзімнің «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» кітабымды конкурсқа жібердім, «Алматыкітап» маған Алматы туралы кітап жазып беріңіз деп айтқанда бас тартпадым, нәтижесінде «Менің сүйікті қалам – Алматы», «Ел жүрегі – ажарлы қала Астана» кітаптары шығып, мен танымал жазушы бола бастадым. Сөйтіп бірте-бірте жазушылық жолға түстім.

Бүгінде менің миссиям балаларды шабыттандыру, оларды батыл болуға және ешнәрседен қорықпай алға ұмтылуға, өмірде өз жолдарын табуға ынталандыру болып табылады. Менің кітаптарым, балаларға отбасылық құндылықтарды дәріптейді, өзін-өзі ұстау мәдениетін үйретеді, үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет көрсетуді, Отанға, елге, тарихқа адалдық пен сүйіспеншілікке баулиды. Мәселен, Жошы хан комиксін шығарудағы мақсатымыз, қазақ хандарының үлкен бабасы қандай тұлға еді, оның өмірі қалай өтті, ол қандай қиындықтарды еңсерді, нендей жетістіктерге жетті деген сияқты сұрақтарды қоя отырып, көркемдік-визуал арқылы балаларға тарихты білуге көмек беру – Алтын Орда бойынша әлем тарихшыларының еңбегін халыққа түсінікті тілде жеткізіп беру. Бұл ойымыз жүзеге асты деп ойлаймын.

Байқауымша, балалық пен даналықтың екі ортасында өмір сүретін әдебиеттің бұл түріне қалам тербейтіндер бүгінде саусақпен санарлық қана. Бар болған күнде де жарнамасы кемшін. Қазір балаларды қызықтырудың өзі мұң боп барады. Диджитал әлемде олар бейнероликтің алғашқы он секундынан өзіне керегін таппаса, ауыстыра салады. Жалпы, бүгінде балалар әдебиетіне және балаларға арнап жазуға талпынған қаламгерге қойылатын басты талап қандай?

– Бүгінде балалар әдебиетінде жүрген қаламгерлер аз емес, бірақ олардың көбісі басқа мамандық бойынша жұмыс істейді, бірен-сараны ғана өзін толыққанды балалар әдебиетіне арнап жүр. Диджитал заманның өз артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Мәселен, егер жазушы өзін-өзі жарнамаласа, өзінің жеке брендін құрса, онда өзінің танымалдылығы арқылы оқырманын табады. Ал егер тек кітап жазып қана отырса, әлеуметтік желілерде көрінбесе, оны ешкім танымайды, демек оның шығармаларын бірен-саран оқырман ғана оқиды, бұл – заңдылық. Сол себепті, балаларға арналған шығармаларды жазатын қаламгер жан-жақты болуы тиіс, ол дегеніміз – жазудың қыр-сырын меңгеру керек, кітапты шығарудың жолын тауып, белсенді болу керек, кітап шықпай тұрып, жарнамасын үдетіп, жасап үйрену керек, оқырмандармен ұдайы кездесіп, кітаптарын насихаттап, көрсету керек. Сонымен қатар бүгінгі қазақ қаламгері бір-бірімен бәсекелеспейді, әлем әдебиетінің майталмандарымен бәсекеге түседі, демек жазушы шетел трендтерінен хабардар болып, олардың әдебиетін анализден өткізіп, олардың кемшін тұстарын өзіне артықшылыққа айналдыруы керек, яғни шығармашылығында қолдану керек, өзінің қиялынан туындайтын шығармаларды әлемге қаратып жазса, тіптен жақсы және ол қаламгер мұқаба суретіне, иллюстрациялардың сапасына аса назар аударуы керек, сонда ғана шетелдік әдебиетпен бәсекелесе алады және кітап дүкеніндегі сөрелерде тұрған кітаптардың арасынан ерекшелене алады.

Жалпы балалардың әлемін түсіну дегеннің өзі күрделі дүние екені анық. Сонымен бірге әдебиетті тәрбие құралы болуға міндетті емес деген пікірлер де бар, ал сіз бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Бұл пікір өте дұрыс, орынды айтылған деп санаймын, Кеңес заманында әдебиет тәрбие құралы болу керек деп қалыптасып қалған, алайда бұл пікір бүгінгі заманға сай келмейді. Көріп отырғанымыздай, қазір әлем әдебиетін жаулап алған шығармалардың көбісі тәрбиелік форматта емес, мықты идеяға негізделген. Мәселен, танымал қытайлық драматург Ма Боюнның «Қытай қылқаламдарының аруақтары» деген кітапта, автор қылқаламның ішіне Қытайдың танымал қаламгерлерінің, ғалымдарының рухтарын байлап қояды, сөйтіп сол қылқаламға ие болған бүгінгі заманның адамы сөз құдіретіне ие болып, рухтас қаламгердің талантымен өзінің талантын дамытады, бірақ бес саусақ бірдей емес, кейбір зымияндар қылқалам рухын жамандық жасауға, басқа адамдарды сөз күші арқылы мәңгүрттендіріп, оларды құлға айналдырады. Автордың бұл хикаясы мультсериалға айналып, әлемді таңғалдырып жатыр. Ал жапондық жазушы Цугуми Обаның «Өлім дәптері» атты мангасының идеясы әлем оқырмандарын одан да қатты қызықтырды және жер жүзінде манганың миллиондаған фанаттары бар. Бұл мангада өлім құдайы өзінің дәптерін әдейі жерге түсіріп алады, дәптерді полиция бастығының баласы тауып алып, дәптердің құпиясын ашады, яғни дәптерге кімнің есімі жазылса, сол өледі. Сөйтіп мектеп оқушысы өзін құдай санап, дәптерге бүкіл мафияның, қылмыскерлердің есімдерін күні-түні жазып, бәрін құртып тынады, олардың есімдері біткен соң, жас бала тіпті болмашы қылмысқа барғандарды да жазалай бастайды, сөйтіп өзі қылмыскерге айналады, алайда оны тоқтататын адам бар ма? Бұл және әлемнің назарын өзіне аударған көптеген басқа да шығармалар оқырманды тәрбиелемейді, оқырманның қиялын дамытып, ойын қозғап, оқырманға өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді.

«Балалар әдебиеті – үлкен әдебиеттің кіріспесі» деген біржақты пікір қоғамда әлі күнге дейін белең алып тұр. Оған балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы анық дәлел. Алайда соңғы жылдары түрлі жобалар қолға алынып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, оның барлығы айтарлықтай нәтиже бере ме – ол уақыттың еншісінде. Балалар әдебиетінде үлкен өзгеріс болуы үшін нақты қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Меніңше, балалар әдебиетін дамыту үшін алдымен үздік шығармаларды, әсіресе жастардың шығармаларын таңдап алып, оларды кітап етіп шығарып, бүкіл кітапханаларға тарату керек. Жыл сайын кітапханашыларға қаламгерлердің аты-жөні жазылған каталогты ұсыну керек, каталогта қаламгерлердің бұрындары шыққан және жаңа кітаптарының тізімі, синопсисі болу керек, сонда ғана балалар жазушылардың шығармаларын оқи отырып, оларды таниды. Содан соң, балалар әдебиетіне жарнама жетіспейді, қайта-қайта бір авторларды бағдарламаларға шақыра бермей, әртүрлі авторларды шақырып, халық танысын деп әрқайсысы туралы бір-бір бағдарлама жасау керек деп ойлаймын.

Оқу мәдениетін көтеру де маңызды. Мәселен, мен шетелдік баспагерлермен жазысып, кездесіп, сөйлесіп тұрамын, олардың айтуынша, кітапты оқу үшін мемлекет неше түрлі тиімді жобаларды жүзеге асырады. Испания тұрғындарының 60%-ы кітап оқиды екен, ал Германияда кітап оқу өте төмен деңгейде, ол елдегі бала жылына тек 1,5 кітап оқиды екен. Кітап оқуды арттыру үшін, неміс мұғалімдері 100 минут кітап оқыған балаға інжу береді екен, бала інжулерді жинап, өзіне моншақ білезік жасайды. Нидерланды елінде балаларға кітап бингосын ойнатады немесе кітап питчиңін, яғни жарнамасын жасатады. Кімнің питчиңі өтімді болса, сол жеңеді. Сонымен қатар Мексикада, Бразилияда, тіпті Германияда мұқтаж отбасыларға айына бір рет поштамен кітап жіберіліп тұрады. Осындай әлем тәжірибесі Қазақстанға да керек, креативті шешімдер арқылы балалар кітабын оқытуды көтерсек, біздің де балалар кітап оқу мәдениетін жастайынан қалыптастырып, болашағы зор болатын еді. Ал балалар жазушыларының кітап жазу құлшынысы артар еді.

Қазіргі балалар баяғыдағы біз бен сіздей мыстан кемпір, тау қопарған Толағай сияқты ертегілерді оқымайтыны анық. Шет ел авторлары аниме, комикс, супербатырлар арқылы балаларды қызықтырудың жолдарын іздейді, сондай-ақ оларда жабық тақырыптардың өзін бала танымына сай беру бар, оны басқа жақтан келген біреулер емес, біздің балалар оқып жатыр (арасында бізге келмейтіндері де табылады). Жалпы балалар әдебиетінде өмірден кейінгі өлім, ересектікке қадам басу сияқты осындай онтологиялық тақырыптарды көтеру мәселесіне қалай қарайсыз?

– Әлем әдебиетінде, кино өнерінде мәңгі 6 тақырып, 200 сюжет бар деп айтылады. Олар қандай алты тақырып десеңіз, жақсылық пен жамандықтың айқасы, махаббат пен өшпенділік, достық пен сатқындық, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, есею және қазіргі заман тақырыбы – космос пен роботтар тақырыбы. Барлық қаламгерлер осы тақырыптарда қалам тербеп, айтар ойын өзінің мәнерімен жеткізеді. Алайда тек онтологиялық тақырыптарды көтеріп жүрген қаламгерлер ғана Астрид Линдгреннің премиясын, Х.К.Андерсеннің алтын медалін иеленіп жүр және ол дұрыс та, себебі ондай қиын тақырыптарды көтерген қаламгер жас оқырмандарының жан жарасын жазып, оларға демеу болуға, одан артық зиян келтірмеуге, өмірге деген құлшынысын арттыруға, өмірдің мәнін ашып көрсетуге тырысуы керек. Бұл оңай дүние емес. Бүгінгі заманның басты проблемасы – ол өзіне қол салу, буллинг және соғыстан жапа шеккен балалардың психологиялық қиындықтарын айтуға болады.

Осы тақырыптардың бірін мен де алдым, «Айша және Үй пірлері» деп аталатын повесімнің басты тақырыбы – ол ата-ана мен бала тақырыбы, идеясы – әрбір үйдің Өмір бәйтерегі болады, ол ағаштың энергиясын бақыт, махаббат, сәттілік, байлық, ақыл, денсаулық, мұң, қорқыныш пірлері тұтынады, отбасы мүшелері қандай көңіл күйде болса, сол пірді қоректендіреді, есесіне, Сәт пірі отбасы мүшелерінің жолын ашады, Бақыт пен Махаббат пірлері оларды мейірім мен махаббатқа бөлейді, денсаулық пірі Аман үйде пайда болған Ауру пірін қуалайды, алайда Үй пірлеріне қарама-қарсы күштер де жоқ емес, олардың мақсаты – отбасының берекесін бұзып, шаңырағын шайқалту. Кітаптың бас кейіпкері Айша оларды жеңіп, өзінің отбасын қорғай ала ма? Осы сұрақ оқырманын ынтықтырады деп ойлаймын.

Кез келген балаға не жасөспірімге өз дәуірінің оқиғасы қызықты. Кітаптан бөлек, мультфильмдерден де өзін, анығында, өзі кешіп жатқан дәуірдің кейіпкерлерін көргісі келеді. Классикалық балалар әдебиетіндегі образдар жүйесі мен қазіргі заманғы балалар әдебиетіндегі кейіпкерлердің қандай айырмашылықтары бар? Менің ойымша, бүгінгі балаларға Қожадан гөрі суперқаһармандар әлдеқайда қызықты сияқты.

– Классикалық әдебиет те, заманауи әдебиет те, қашан да фольклорға негізделеді. Әр елдің қаламгері төл мәдениеті мен тарихына, этнографиясы мен өз жеріне тән аңыз-әпсаналарға арқа сүйейді, сондықтан образдар жүйесі ешқашан өзгермейді, өзгеретіні – тек сол образдарды заманға бейімдеу әдіс-тәсілдері ғана. Әр заманның өз суперқаһармандары болғаны анық, олар мифтер, ертегілер, ал қазір фэнтези, фантастика арқылы түрленіп, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Сонымен қатар әр заманда белгілі бір жанр көбірек өтімді болады, біз оны әдебиеттегі дәуір деп атаймыз, себебі әр коллективті ұрпақтың өз проблемалары, сұраныстары, күтімдері болады, яғни жазушылар ұжымдық бейсаналыққа мән беріп, сол тақырыптарды көтереді. 17 ғасырда ертегі, аңыз-әпсаналар сұранысқа ие болса, 18 ғасырда – комедия мен трагедия, 19 ғасырда – классицизм, романтизм, 20 ғасырда – сюрреализм мен экспрессионизм, ал біздің заманымызда ең көп сұранысқа ие жанр – фэнтези мен ғылыми фантастика. Бұл жанрлар балалар әдебиетінде де аса танымал. Сол себепті мен де фэнтези жанрын таңдап алдым, бүгінде осы жанрда «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты», «Айша және Үй пірлері», «Күйекөбелектер шаһары» сияқты кітаптарды жаздым. Олар біздің балалардың жоғары сұранысына ие кітаптар деп сеніммен айта аламын және шетелдік оқырмандарға да түсінікті болады деп үміттенемін.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім Ерболқызы