Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:32, 30 Мамыр 2023

Бүйрек бүктеп түсіреді

None
None

Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселенің бірі – иммуно-химиялық талдау жасайтын аппараттың жоқтығы.

Оған қоса бүйрек ауруларын емдейтін мамандардың да тапшылығы бар. Иммуно-химиялық талдау жасайтын аппарат бүйрек ауыстырған азаматтарға ауадай қажет бүгінгі заманның зәру құрылғысы. Бұл аппаратқа көріну үшін науқастар елордаға, Шымкент пен Алматыға қатынауға мәжбүр. Бүйрегі сыр берген қаншама науқас осындай шағыммен барлық жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып болған.

Мәселе сонау 2020 жылдан бері созылып келеді. Сол кездегі аймақ басшысы ден қойып, тиісті тапсырмалар да берген. Алайда нәтиже болмаған.

Қызылорда облысында зәр шығару жүйесі ауруымен диспансерлік есепте 20 мыңдай адам есепте тұрса, оның ішінде ең қауіптілері – гемодиализ алатын науқастар саны – 560, бүйрек трансплантациясын жасаған науқастар саны 100-ден асып отыр.

2016 жылы қыркүйек айында созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар арнайы сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа кіріп, «ауруларды қарайтын врач жоқ, емдеудің алгоритмі бекітілмеген, анализ жасайтын аппараттар ол жоқ, науқастарға арналған дәрілері де бірде бар бірде жоқ» екендігін айтып, мәселені жеткізеді. Көшербаев сол кездегі (бүгінде сенатор) облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназароваға тапсырмалар береді. Бірақ бірқатар жұмыстар басталғанмен, аяқсыз қалады.

Науқастар жасалған жұмыстарға көңілі толмай, басқармадан «Нұр Отанға» ауысып кеткен А.Әлназароваға барғанмен де іс бітпейді. 2019 жылы жандары қиналған олар сол кездегі облыс әкімінің орынбасары (бүгінде облыстық мәслихат хатшысы, «Аманат» партиясының облыстық филиалы төрағасы) Наурызбай Байқадамовқа барады. Алайда әкім орынбасары науқастарды онлайн да, оффлайн да қабылдап, түк шеше алмайды. Сол уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының креслосына Сәбит Пазылов жайғасқанымен, ол да мәселені шешуге дәрменсіздік танытады. Бұл арада еміне шипа іздеген қаншама сырқат жан өмірден өтіп жатты.

Жандарына араша іздеген науқастар 2020 жылдың қазан айында сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың онлайн қабылдауында болып, медициналық емдеудегі проблемалар мен кемшіліктерін айтады. Нәтижесінде созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарды медициналық емдеудегі қордаланған проблемаларды шешудің және науқастарға көрсетілетін медициналық қызметті дамытудың, оның ішінде такролимус аппаратын сатып алуды көздейтін 16 тармақтан тұратын арнайы «Жол картасы» жасалынады. Сол кездегі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков (бүгінде денсаулық сақтау басқармасының бастығы) әкімнен тапсырма алып, мәселені шешеміз деп уәде береді. Бірақ әкімнен бастап жауапты тұлғалардың барлығы қол қойған құжат әрекетсіз қалып, мәселе тағы жабулы қазан күйінде қалады. Осылайша, «Жол картасының» орындалуынан үміт күткендер «жол картасымен» бірге жолда қалады.

Жандары қиналған науқастар денсаулық сақтау басқармасының басшысы (сол кездегі) С.Пазыловқа қайта-қайта барғанымен, құрғақ уәдемен қала береді. Көңілі қалған олар 2021 жылы сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметовке онлайн кіріп, мәселені қайта басынан бастайды. Бұл қабылдаудың соңы да өтірік уәдемен аяқталып, үміт үзіледі.

Бір жыл ешнәрсе орындалмаған соң науқастар қайтадан тиісті мекемелер есігін жағалайды. Болмаған соң «Хабар» телеарнасына шағымдарын айтып, эфирге шығады.

2022 жылы ақпанда сол кездегі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға жиналып барғанымен, құр уәделерге тойып, тағы қайтады. Бұл мәселе одан кейін облыстық қоғамдық кеңесте де қаралып, нақты ұсыныстар беріледі. Тағы да нәтиже болмайды.

Үмітін үзбеген науқастар былтырғы жылдың 5-тамызында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болады. Әкім жауапты басшыларға қатаң тапсырма береді. Алайда одан бері де қаншама уақыт өтсе де Нәлібаевтың тапсырмасы орындалмайды. Науқастар «ЕГОВ» арқылы да облыстық денсаулық сақтау басқармасынан әкім берген тапсырманың орындауын талап етеді. Жауаптар тағы да құрғақ уәделер мен түсініксіз жазбаларға ұласады.

Жылдап шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселенің жай-жапсарын еститін құлақ болса барлық тиісті салаларға жеткізілген. Алайда нәтиже жоқ.

Жергілікті биліктен әбден көңілдері қалған науқастар енді өз мәселелерінің арнайы шешу жолдарын да ұсынып отыр. Олар кем дегенде 3 жас білімді дәрігер-нефролог мамандарды әртүрлі ынталандыру жолдарымен облысқа тартуды, сырттан жоғары санатты тәжірибелі дәрігер-нефрологтарды тоқсанына бір рет шақырып, кеңес беруді, ҚР ДСМ 2013 жылдың 30 желтоқсанындағы №765 бұйрығына сәйкес науқастарды ауруханаларға жылына кем дегенде 1 рет жатып-тұруын қамтамасыз етіп, науқастардың әр өлім-жітімділік жағдайына терең талдау жасап, себептерін анықтауды сұрайды. Сондай-ақ Такролимус аппаратын алып берсе екен деген өтініштерінде қоса жолдайды.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының соңғы берген хабарламасында, облыстық қан орталығындағы Такролимус концентрациясын анықтайтын аппаратқа реагент биылғы жылдың мамыр айының аяғына дейін және «Орталық қалалық емханасы» ШЖҚ КМК-на «Иммунохимический анализатор» аппараты 1 маусымға дейін келетіні айтылды.

Алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселенің шешілуіне жұмыс істейді деген ойдамыз.

Тегтер: