Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 19 Сәуір 2023

Бүйрек саудасы донорларды ғана емес, алаяқтарды да «жарылқайды»

None
None

Ата-бабаларымыз денсаулықты бақыттың төресіне балауы тегін емес. Он екі мүшеңнің саулығы үлкен олжа.

Бір сырқатпен тар төсекке таңылып, түн баласы ауыр дерттен ұйқыға жарымай жүрген жарымжан жандар қаншама? Санға жүгінсек, қазіргі кезде еліміз бойынша 3805 адам сау ағзаға зәру. Трансплантацияны күтіп отырғандардың 80-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Ең өкініштісі, ағзаны трансплантациялау кезегінде тұрғандардың 10 пайызы бақытты сәтке жете алмай, өкінішпен бақиға аттанғандар. Бүгінде Қарағанды облысында 324 сырқат донорды зарыға күтіп жүр.

          Өткен аптада мәжіліс қабырғасында депутат Гүлдара Нұрымова көтерген үкіметке бүйрек сатуды заңдастыру туралы сауалы қарағандылықтарды қапаландырды. Тіпті кенді өңірдің дәрігерлері «мәйіттік ағза доноры керек!» деген аңдатпа тақырыппен конференция өткізді. Келелі жиынға Астанадан арнайы өкілдер келіп қатысты. Дәрігерлердің айтуынша, елімізде мәйіттік донорды пайдалану тым кенже қалған. Күні бүгінге дейін жасалған трансплантацияның 15 пайызы ғана мәйіттік донордан жасалған. Негізінен отаның бұл түрі туыстық донор арқылы іске асады. Бірақ туыстық донор сырқатқа қажетті мүшенің біреуін толықтырады. Зауалы сол, көмек қолын созған адамның өзі мүгедек болады. Сондықтан дәрігерлер қажет мүшені толықтай мәйіттен алу тиімді екенін айтып жатыр. Депутаттар ұсынған тірі адам ағзасын саудалауды заңдастыру – халықтың осал тобы үшін жығылғанның үстіне жұдырық болмақ.

— Мұнымен бірнеше қиындықтар туындауы мүмкін. Әдетте, материалдық жағдайы мүшкіл жандар осындай қадамға баруы ықтимал. Бірақ донор маңызды шешім қабылдамас бұрын алдымен денсаулығына келетін зардапты ойлағаны жөн. Менің ойымша, күн тәртібіне шығарылған мәселені егжей-тегжейлі зерттеу қажет, – дейді республикалық трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының директоры Сәуле Шайсұлтанова.

Реципиент не дейді?

          Қарағандылық Марат Түсіпов бүйрегіне екі мәрте трансплантация жасаған. Ауыр отаны бастан өткерген азамат мәйіттің ағзасын донорлыққа пайдануды толық құптайды.

– Мен ауыр жағдайға тап болған сәтте осындай пайымға келген едім. Маған ең алғашқы ота 2004 жылы Пәкістанда жасалды және сол елдің азаматы донор болды. Оған 20 мың АҚШ долларын төледім. Қаржылық шығын оңайға соқпағанын ашық айтамын. Барлық ауыртпашылықты отбасым мен туыстарым септесіп көтерді. Алайда арада 6 жыл өткен соң, әлгі бүйрегім сыр беріп, 2007 жылы қайта трансплантацияға жаттым. Ол жолы маған жақын қарындасым донор болды. Қазіргі күні жағдайым қалыпты. Маған екінші өмір сыйлаған қандас қарындасым тұрмысқа шығып, сәби сүйді. Оның денсаулығы да жаман емес. Пәкістандағы клиникада жатқан сәтте көп нәрсеге қанықтым. 2000 жылдың басында Оңтүстік Азияда кез келген адам донор бола алатын. Есімде, Пәкістанға Малайзия, Индонезия, Жапония, Америкадан күн сайын жүздеген сырқат донор іздеп келді. Солардың біразын көрдім. Клиникада күн сайын 4-5 науқастың ағзасына трансплантация жасалады екен. Кейін ел үкіметі азаматтарының денсаулығына алаңдап, донорларға тоқтау салды. Білем, бізде де бұл мәселе өткір тұр. Әзірге, халыққа ағзасын саудалауға рұқсат жоқ. Қазақстанда көбіне жақындары донор болады. Әлбетте, қатерге саналы түрде бас тігіп бару оңай емес. Себебі олардың біреуі күні ертең жасанды аппаратқа тәуелді болып қалуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер айтқандай, келешекте мәйіттің ағзасын донор ретінде пайдалануды енгізген жөн. Ол үшін халыққа кеңінен ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек, – дейді, біз тілдескен кейіпкер.

          Статистикаға жүгінсек, қазақстандықтардың 70 пайызы дүниеден өткен марқұмдардың ағзасын мұқтаж жандарға беруге қарсы. Отандық тарансплантологтардың айтуына қарағанда, қайтыс болған кей марқұмдар 8 бірдей сырқат жанға сау мүше сыйлайтын мүмкіндікке ие көрінеді. Дегенмен бұл адамның ағзасын саудаға итермелейтін факт емес.

— Халықтың 70 пайызы әлеуметтік қиындыққа тірелген кезеңде бұл тақырыпты қозғау қауіпті. Өз қолы өз аузына жеткен, саналы халқы бар дамыған мемлекеттер донорлықты гуманитарлық көмек ретінде қабылдайды. Біз бұған әлі дайын емеспіз. Себебі донор болуға ең бірінші болып қарызға батқандар мен еліктегіш жандар ықылас танытуы мүмкін. Әрі-беріден соң, оның салдары халықтың жаппай мүгедек боп қалуына әкеп соғуы ғажап емес, – дейді қоғам белсендісі Ниқан Омарханов.

Медицина ғылымының кандидаты, денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері Аманжол Нұрбеков:

— Елімізде адам ағзасы сатылса, «қара нарық» көтеріледі. Екіншіден, кісі ұрлығы қаулайды, әсіресе жастар мен балалардың ғұмырына қатер көбейеді. Сондықтан оған үзілді-кесілді қарсымын, – дейді.

Ал бұған сіз не дейсіз, оқырман?

Тегтер: