Бұқараны басқарудың 10 тәсілі
Көп адам өз ойы, көзқарасы мен ұмтылысы мұқият жоспарланған үгіт-насихаттың нәтижесі екенін тіпті аңғармайды. Себебі саяси биліктің мақсаттары мен ел азаматтарының мүдделері бір-біріне жиі қайшы келеді, сондықтан үкімет өзіне қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі әдістерді қолданады.
Халықтың санасын, соның нәтижесінде іс-әрекеттерін басқарады. Адамдар қазіргі саясатқа наразы болмас үшін билік олардың ойын бағыттап, түзетіп отырады.
Осы әлеуметтік құбылыстарды байқап, түсіну үшін жағдайға әр қырынан қарап, түрлі деңгейде талдай білу маңызды. Массачусетс технологиялық институтының лингвистика профессоры, америкалық көрнекті саяси публицист, философ және теоретик Аврам Ноам Хомский биліктің халықты жаппай басқару үшін жиі қолданатын әдістерін сипаттаған.
1-әдіс. Назарды басқа жаққа бұру
Халықтың санасын басқарудың ең қарапайым әрі ең тиімді тәсілі – адамдардың назарын үкімет қабылдап жатқан маңызды мәселелер мен шешімдерден басқа жаққа аудару. Биліктің шынайы жоспарлары туралы халық ойланбас үшін, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оларға түкке тұрмайтын, мәнсіз ақпарат көп көлемде ұсынылады.
Бұл тәсіл өте тиімді, өйткені адам психология, қазіргі заман философиясы, экономика, алдыңғы қатарлы технологиялар сияқты маңызды салаларда терең білімге ие болмағандықтан да әлсіз. Керісінше, шоу-бизнес, спорт, телесериалдар мен мистицизм туралы жаңалықтар кең көлемде таратылады.
Негізгі мақсат – адамның төменгі инстинктісін ояту: оның ойын тамақ, жыныстық қатынас және «басқалардың жағдайы менен де жаман» деген ойға аудару. Мұндай жағдайда адам дамымайды, әлемде шын мәнінде не болып жатқанын түсінуге ұмтылмайды.
Мақсат – адамның уақытын толықтай жұтып қойып, ойлануға мүмкіндік бермеу. Сонда оны басқару, манипуляция жасау әлдеқайда жеңіл болады.
2-әдіс. Ойлаудан эмоцияға назарды ауыстыру
Эмоция – адамның логикалық ойлау қабілетін әлсіретеді. Бұл тәсіл нейролингвистикалық бағдарламалауда жиі қолданылады. Эмоцияға әсер ету арқылы манипулятор екі бағытта бірдей жұмыс істейді: тыңдаушының рационалды ойлап, ақпаратты сыни тұрғыдан талдау қабілетін бұғаттайды және адамның түйсігіне қол жеткізіп, сол жерге идея, көзқарас, қорқыныш, күдік, тілек немесе қажет мінез-құлық үлгілерін «енгізе» алады.
Адамдар қорқынышты терактілер, жаппай қырғын, Африкадағы аш балалар, биліктің әділетсіздігі туралы естігенде қорқыныш, үрей, қайғы, мұң, аяушылық сияқты жағымсыз эмоциялар сезінеді, бірақ бұл құбылыстардың себептері туралы ойламайды. Біз оқып отырған ақпарат рас па? Неліктен осындай оқиғаларға жол беріледі? Мұны болдырмау мүмкін бе, жоқ па? Эмоция меңдеген адам айналасында болып жатқан оқиғалардың шынайы себептерін түсінуге қабілетсіз.
3-әдіс. Қиындықты әдейі тудыру, кейін оның «шешімін» ұсыну
Бұл әдісті «проблема – реакция – шешім» деп атауға болады. Билік әдейі бір мәселе туындатады да, халықтан алдын ала белгілі реакция күтеді. Халық әлгі мәселені жедел шешуді талап етеді, билікке қажеті де осы, өйткені алдын ала жоспарланған шаралары дайын тұр.
Мәселен, медиа арқылы, «қаладағы қылмыс деңгейі күрт өсті» деп халықты сендіреді. Сонда тұрғындар қауіпсіздік шараларын күшейтуді және азаматтық бостандығының шектелуін өздері-ақ талап етуі мүмкін. Сондай-ақ жасанды түрде экономикалық дағдарыс ұйымдастырып, террористік не техногендік қауіп тудыруы ғажап емес. Сонда халық мұндай жағдайдың салдарын жоюға, әлеуметтік құқықтарын шектеуге дайындала бастайды. Алайда есте сақтайтын жайт бар: ешбір дағдарыс өздігінен пайда болмайды.
4-әдіс. Халықтың ақпаратқа қол жеткізуін шектеу
Халықты бақылаудың тағы бір тәсілі – адамдардың ойлануын шектеу, тіпті ойлануға мүлдем мүмкіндік бермеу. Оларға тек өз міндеттерін орындауға жететіндей, бірақ манипуляция жүріп жатқанын түсіне алмайтындай көлемде және сол мазмұнда ақпарат беріледі. Егер адам бұқараға ықпал етудің әдістері мен принциптерін білсе, оны басқару әлдеқайда қиын болады, сондықтан мұндай ақпаратты әдейі жасырын ұстайды.
Мысалы, қоғамның төменгі топтарына берілетін білім сапасы барынша нашар әрі үстірт болуы тиіс, сонда надандық деңгейі өзгеріссіз қалып, төменгі тап пен жоғарғы тап арасындағы алшақтық сақталады. Ал жоғары тап өкілдеріне, керісінше, сапалы әрі толыққанды білім беріледі.
Осылайша, жалпы білім беретін мектептердің қатарында лицейлер мен басқа да арнаулы оқу орындары жұмыс істейді, ал ол жерге тек қоғамда ықпалды, беделді ата-аналардың балалары ғана түсе алады. Мәселе тек ақшасында емес: сіз балаңыздың оқуына қажетті қаражатты толық ұсынсаңыз да, бәрібір қабылдамай қоюы мүмкін, өйткені мұндай орындарға тек «таңдаулылар» ғана қабылданады, ал тізімдер «жоғарыда» жасалады. Сондай-ақ «дұрыс» деп танылған белгілі көзқарастар әдейі насихатталады, олармен келіспеген адамның ойы тар деп жарияланып, оның пікірі жұртқа жеткізілмейді.
5-әдіс. Біртіндеп енгізу
Халыққа қолайсыз болатын өзгерістерді енгізу үшін оларды біртіндеп сіңіру жеткілікті. Жұмыссыздықтың артуы, халық табысының төмендеуі, тұрақсыздық, өмір сүру деңгейінің нашарлауы, салықтың көтерілуі, жекешелендіруді енгізу, жұмыс орындарының қысқаруы – осы тәсіл арқылы жүзеге асыруға болатын жағымсыз жаңалықтардың тек бір бөлігі ғана.
Егер мұндай өзгерістер бір сәтте болса, жаппай қарсылыққа немесе тіпті халықтың бас көтеруіне әкеп соғуы мүмкін. Ал біртіндеп енгізу тек наразылық пен өсек-аяң тудырады, кейде тіпті ешқандай реакция да болмайды.
6-әдіс. Таяздықты насихаттау
Бұл әдіс халықтың ақпаратқа қол жеткізуін шектеумен тығыз байланысты. Билік БАҚ-қа «қазіргі әлемде ақымақ, тәрбиесіз, арсыз болу – сән» деген ойды халыққа сіңіруді тапсырады. Әртүрлі ақпарат көздерінде саясатта, ғылымда, өнерде, дінде және басқа салаларда адамдардың орташа немесе тіпті әдепсіз мінез-құлқы туралы хабарлар пайда бола бастайды. Біз күн сайын жұлдыздардың тұрпайы әрекеттерін, даулы жанжалдарды, сиқырды, күмәнді әзілді естиміз.
Осының нәтижесінде қоғам азғындап, сананы пайдалы біліммен толықтыру мүмкіндігінен айырылады, ой-өрісін кеңейтуден қалады. Егер адамдар ақылды бола бастаса, олар айналасында не болып жатқанын түсінеді. Бірақ бұл билікке қажет емес, тіпті саяси және экономикалық элита үшін қауіпті болуы мүмкін.
7-әдіс. Орындауды кейінге қалдыру
Бұл да жағымсыз ақпаратты жеткізудің тиімді тәсілдерінің бірі. Әдістің мәні мынада: халықты «Өзгерістер жағымсыз болуы мүмкін, бірақ бұл өте қажет. Бұл өзгерістердің нәтижесі қазір емес, кейін болады» дегенге сендіреді. Мақсат – идеяны іске асыру үшін халықтың келісімін алу. Адам баласы тура қазіргі сәттегі тәуекелдерге емес, болашақтағы құрбандықтарға оңай келіседі.
Мысалы, «біз электр энергиясының бағасын 3 жылдан кейін көтеруге мәжбүрміз» дегенді халық «бағаны дәл қазір көтеру керек, өйткені бұл аса маңызды» дегеннен әлдеқайда жеңіл қабылдайды. Біріншіден, уақыт өте келе адамдар бұл өзгерістердің ерте ме, кеш пе болатынын мойындап, соған мойынсынады да, сол сәт келгенде оны үнсіз қабылдайды.
Екіншіден, адам «оған дейін кім бар, кім жоқ, бәлкім, жағдай өзгеріп, бәрі жақсы болып кетер» деп өзін жұбатуға бейім.
8-әдіс. Кінә сезімін күшейту
Бұқараны басқарудың тағы бір тиімді тәсілі – барлық қиындықтар үшін адамның тек өзі кінәлі екеніне сендіру. Мәселенің бәрі оның ақыл-ой қабілетінің жеткіліксіздігінде, жағымсыз мінез-құлқында немесе шешімін табуға жеткілікті күш салмай жүргенінде деп түсіндіреді. Нәтижесінде адам бәріне өзін айыптап, кінә сезіміне батып, өзін-өзі жазғыра бастайды. Бұл күйзеліс тудырып, әрекетсіздікке әкеледі. Ал нақты әрекеті жоқ, рухы өшкен адамнан билікке еш қауіп жоқ.
Адамды өзінің дәрменсіздігіне және құнсыздығына сендірудің көптеген әдістері бар, оларды қажет болған жағдайда билік халыққа керек ой қалыптастыру және олардың әрекетін бағыттау үшін пайдаланады. Айталық, халықты өмір сүру деңгейің төмен болатын себебі білімің төмен немесе жалқаулықтан деп сендіруге болады. Ал, шын мәнінде, оның себебі төмен жалақы мен жоғары салық болуы мүмкін.
9-әдіс. Халықпен бала сияқты сөйлесу
Халыққа жетілмеген, инфантильді адамдар ретінде қарау – сананы манипуляциялаудың және оны шексіз бақылаудың тағы бір тиімді тәсілі. Оратор үлкен аудиторияға жағымсыз ақпаратты жеткізу қажет болғанда құдды бір балалардың алдында сөйлеп тұрғандай екпін мен интонация, дәлелдер, қимыл-әрекеттер мен сөздерді қолданады. Адамдарды неғұрлым тереңірек адастыру керек болса, спикердің сөздік тіркестері де соғұрлым инфантильді бола түседі.
Бұл әдіс өте әсерлі, өйткені тыңдаушыға сын тұрғысынан ойлай алмайтын балаға қарата айтқандай екпіндете сөйлесең, оның аңқау әрі тез сенгіш бала сияқты реакция білдіру ықтималдығы жоғары. Әрине, бұл тәсіл адамдардың бәріне бірдей әсер етпейді. Бірақ жоғарыда сипатталған түрлі манипуляциялардың әсеріне ұшыраған кең аудитория үшін мұндай инфантилизацияның ықпалы зор.
10-әдіс. Адам болмысын оның өзінен артық түсіну
Бұқараны басқару үшін психология, нейробиология және биология салаларында терең білім қажет. Ғалымдар адамды жан-жақты зерттеп, көптеген талдау жүргізеді, ал осы еңбектерден алынған құнды тұжырымдар қарапайым халыққа емес, билік басындағы топтардың қолына түседі. Соның салдарынан билік элитасы мен қарапайым адамның білімі арасындағы алшақтық жылдан-жылға ұлғайып барады.
Жүйе қарапайым адамның физиологиялық, психологиялық жағдайы туралы оның өзінен де көп біледі. Сондықтан жүйенің адамға үстемдігі де, ықпалы да зор. Адам өзінің болмысын жақсы білсе, өзін басқаруға қабілетті болады. Ал біздің жағдайда бұл білім жүйенің қолында, демек адам қалай ойлайтынын және қалай әрекет ететінін де солар шешеді.
Біз сізге қоғамды манипуляциялаудың түрлі әдістері туралы баяндадық. Осыларды саралай отырып, сіз шындыққа жанаспайтын, біреуге тиімді ойды сіңіруге тырысушыларды тап басып тани аласыз; нені шынайы қабылдауды өзіңіз шешесіз; осы арқылы біреудің тықпалаған ойын емес, шынайы көрініс көз алдыңызда болады.
Кейбіреулер ешкіммен таласпай, бұйығы, бейқам өмір сүргенді қалайды, ал енді біреулердің ойы тәуелсіз, олар шынайы жағдайды түсінгісі келеді. Қай жолды таңдасаңыз да, өз құқығыңыз.
Ноам ХОМСКИЙ.
Аударған Шынар ӘБДІЛДА.