Бұл билік не бүк, не шік болмады
Қазақстанды көпвекторлы саясат құрдымға кетіреді
«Қазақстанның көреген билігі көпвекторлы саясат ұстанады» деп қақсап келдік. Бірақ бүкіл әлемді айтпағанда, қазірдің өзінде-ақ өзіміздің Орталық Азия өңірінде әскери-саяси шиеленіс өршіп тұр екен. Оған кешегі Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында бұрқ еткен қантөгіс қақтығыс дәлел болып отыр.
Бірақ Қазақстан да қоймайды-ау, қорғаныс министрлігі биыл баяғы «Дала қыраны» деген әскери оқу-жаттығуын қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. «Дала қыраны-2021» деген ауқымды шара осы жазда АҚШ, Ұлыбритания және Канада әскерінің қатысуымен өтеді екен.Қазақстан билігі бұл әскери оқу-жаттығуды республика ұстанған көпвекторлы саясат факторына сай деп санайды. Алайда батыс елдерінің қатысуымен өтетін бұл әскери жиынның «көпвекторлы Қазақстанның» өз еркімен мүше болып кірген ҰҚШҰ (ОДКБ) нормаларына қарсы келетінін ойламай қалғаны қызық. Әсіресе қазір АҚШ пен Ресей арасында үлкен кикілжің басталған тұста Қазақстан біраз жылдан бері ұмыт қалдырған «Дала қыранын» бас салып өткізейін деп шыға келіпті.
Ендеше әлгі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы туралы келісімге қарайық: «онда бір немесе бірнеше мүше-мемлекеттің тұрақтылығы, территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне төнген қауіпке қарсы ұжымдаса күресу» көзделген. Ал америкалық және НАТО-ның ресми құжаттарында Қазақстанның ресми серіктесі, одақтасы мен досы болып отырған Ресей «стратегиялық қарсылас» деп анық көрсетіледі. Мәселен, АҚШ үшін Қытай да жау саналатын «қарсылас». Ал қу Қытайың ШЫҰ бойынша Қазақстанның құжатта жазылған одақтасы және досы. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің ынтымақтастық, достық пен тату-тәтті көршілігі туралы келісімінде ҚХР-ға қарсылас саналатын мемлекеттерге әскери дайындық жағынан көмек көрсету еш көзделмеген.
Сонымен, қызық болайын деп тұр. НАТО-ның биыл жазда Қазақстан жерінде өтуі тиіс «Дала қыраны-2021» әскери оқу-жаттығуынан кейін Ресей мен Қытай тарапының Қазақстан билігіне «мынауың қай сасқаның» дегендей нақты айып тағып, жағадан алатын жөні болады. Қазіргі заманда баяғыдай ананы да, мынаны да алдап, аферист болып жүрудің уақыты өтіп кеткен-ау, шамасы. Қазақстан ғана емес, «көпвекторлы саясат ұстанып отырмыз» дейтін өңірдегі басқа да көптеген мемлекеттердің қулығы ашылайын деп тұрған сияқты. «Көпвекторлы саясат» деген сөздің түп-төркіні одақтас-серіктес мемлекеттеріңмен арадағы қарым-қатынасты кей кезде қаперден шығарып, оның орнына өзге елдердің қызығы мен жақсылығын, олардың жеңілдіктері мен мол ақшасын алу жолындағы есек дәмеге, жанталасқа ұқсап-ақ тұр. Бірақ дейміз, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам емес пе еді? Мұндай арамза саясат, әсілі, жазасыз қалмайтын сықылды. Рас, екі көзі екі жаққа алақ-жұлақ ететін Қазақстан Республикасы қашанғы екі кеменің басын ұстап отыра алар екен? Әйгілі мақалда айтылғандай, бұлардың ендігі суға кетіп қалатын қаупі шын таяды.