Бұл тойды да өткерді олар...
Алматыдан басталған жаңбыр Көкпектің жазығына іліне түйіршіктеліп, қарға айналды.
Аласа асуы, тіпті, түтеп тұр. Кеген асуына дендеп енгенде жел бәсеңсіп, қар жапалақтап тұр екен. Қарсы кезіккен көлік қарасы жоқ. «Жұрттың бәрі Мұқағалидың тойы деп, Қарасаз бен Нарынқолда жүрген шығар» дедік.
Күзгі қар тұрақтай алмайды, қанша борап тұрса да, асфальтқа түскен заматта еріп кетеді. Асуға сұғына түскен сайын қар қалыңдай бастаған, арғы басына ілінгенде тобықтан асты. Күреп жүрген техника көрінбейді, ары қарай еңіс, бізге аса қиын емес, ілдалдалап жүріп келеміз. Бері, Алматыға қарай шыққан жеңіл көліктер тізіле тоқтап тұр. Сонда ғана бағанадан бері қарсы кезіккен көліктің болмау себебін түсіндік. Жазғы дөңгелекпен жүрген ел аяқасты басып қалған қарға дайын болмай шыққан. Үштен, төрттен бірігіп, бір-бірінің көлігін итеріп, өрге қарай тырмысып келеді. Тұсынан үңіле қарап өтетін бізге «көмектеспесеңдер де, қар шашпай арырақ жүріңдерші» деп жазғыра қарайтындай.
–Тойға бара жатырсыңдар ма?.. Е-е, барыңдар! – деді жол шетіне шығып қалған көлігіне сүйеніп, темекі тартып тұрған жігіт.
Асудан өтіп, Кеген ауылына жақындағанда ғана қар күрейтін екі трактор өтті.
Мұқағалидың «Марусяның тауы» деген әңгімесі еске түскен. Онда да жұрт «Маруся» атап кеткен асудың жолы сөз болатын. Кейіпкерлерінің бірі «Маруся бүгін ашулы» дейтін еді, бұл жолы қанша қар борап тұрса да, Марусяның жолы момақан қалыпта жатыр екен, ағызып өте шықтық.
Таңғы бесте басталған қар той тарқағанға дейін борады да тұрды. Біраз ел Мұқағалидың ақ мата жабылған жаңа мүсінінің айналасында ошарылып тұр. Ескерткішті ашып беретін үлкен қонақтар келгенше жүретін дайындықтың бәрі біткен, ұйымдастырушылар да жол жаққа қарайлап қойып жүр.
Аудан болып бөлініп шыққанына көп өтпеген Нарынқолдың өзге ауылдарын қайдам, аудан орталығы біраз өзгерген сияқты. Бұрын да үлкен, келісті ауыл еді, тек жұрт түп қотарыла қаланы бетке алғанда босап қалған. Енді-енді бойына қан жүгіре бастағандай. Таудың етегіне жақындау ауылдың шетінен, шекараға тақау тұсынан екі көше үй түсіпті. Бүгін Мұқағалидың тойы қарсаңында сол үйлер салтанатты түрде табысталмақ.
Күткен қонақтар да келді. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, той иесі – облыс әкімі Амандық Баталов қардың астында қатар тұрып, қысқа-қысқа тілек айтып, бірнеше қызметкерге үйдің кілтін табыстады.
Одан әрі аудан орталығынан ашылған спорт мектебіне кіріп шықты. Футбол, волейбол, күрес залдарында балалар қонақтар келеді деп, арнайы жаттығу жасап жатыр екен, кірген бетте тақылдап өлең оқыды. «Құрметті Амандық Ғаббасұлы, мен сізге Мұқағалидың «Үш бақытым» деген өлеңін оқып берейін», – дейді. Дәл осы жағдай бірнеше мәрте қайталанды. Облыс әкімі ақырында: «Әй, сендер мені ғана айта бермеңдер», – деді. Ішінде астаналық қонақтар да бар, өзге жұрт күліп жатыр. Балаларды «протокол» бойынша сөйлетпей-ақ, өлеңдерін оқыта беру керек пе еді...
Біз кортежбен бірге келгенде Мұқағалидың ескерткіші «ашылып» қойыпты. Сірә, матасы малмандай су болған болар, алып тастапты. Жаңа көре алмай кеткенбіз.
Бұған дейін әлеуметтік желіде суреті тарап, «бота тірсек» мүсін туралы біраз сөз болған, ақыры облыстық әкімдік ескерткішті қайта жасататынын айтып, алып тастаған. Енді, міне, алдымызда «жаңа» Мұқағали. Әкімдіктің алдына қаратып қойылған тұғыр үстінде шағындау ақын бір қырындай, биіктен төмен қарап тұр. Өзгерген ештеңесі жоқ сияқты. Кейін білсек, әлгі шудан кейін тұғырына бір метр, аяғына 7 см жалғап, қайта әкеліп қойыпты. Уақыт тар, мүсіннің онша бір «өсе» қоймайтыны онсыз да белгілі болған, тек абажадай ақынның тым сынықсып тұрған мына тұрысы бәрібір көңіліңді түсіре береді.
«Тойымды неге ақпанда жасамадыңдар?» деп тұрған шығар», «Ескерткіші ұнамай қалған болар» деп, жиналған жұрт күн райын сан-саққа жүгіртіп, өзара сөз қылысып жатты. Әзілі басым. Ақын тойы деп келген елдің көңілінде кірбің жоқ еді. «Коронавирус болмаса, жазда Шәлкөденің төрінде дүркіретіп өткізбес пе едік?!» десіп, жауған қарды нұрға балап жүрген ел ішінде анау айтқандай таусылып жүрген адам жоқ. Бәрі қалыпты, бәрі өз жөнімен жүріп жатыр. Көпшілік те ескерткішті аздап қомсынғанымен, той үстінде тырнақ астынан кір іздегендей ешкімді көрмедік. Мұның бәрі ақынға деген елдің шексіз махаббатының арқасы еді.
Аудандағы ауылдардың бәрі қазақша, тарихи атымен аталады. Бірақ әлі күнге кейбір ауылды нақтылау үшін бұрынғы орысша атауына жүгінуге тура келеді. Ленин, Крупская, Партсъезд, Коммунизм… Бірақ сол ауылдардың ішінде бұрынғы Энгельс деген атауын қайталатып сұратқызбаған бір ауыл болыпты – Қарасаз!… Бұл да Мұқағалидың шарапаты. Бәрі өз ұлының өлеңін жатқа соғады және соның көбі Қарасаз бен «Атамекеннен» бастайды. Сөз өнерін, ақындықты алдымен Мұқағалимен өлшейді. Екі сөздің басын қосып сөйлей қалғаны жерлес ақындарына жүгінбей өте алмайды.
Тағы бір қызық әдет – ақын атын басқалардан қызғанатындай, өзге ақындардан биік қойғысы келіп тұратындай. Соның бәріне қарап тұрып, бұл елдің дүниеге Мұқағали көзімен қарауға ұмтылатынын ойлайсың. Бала кезіңде «Ертең 11-ді бітіріп, Алматыға барасыңдар. Сол кезде Мұқағалидың жерлесі екенсің, бір өлеңін оқып жіберші» десе, не бетіңді айтасың?» деп, ақын өлеңін жаттауды міндеттейтін мектебің есіңе түседі. Мұқағали осы аймақтың тұтас бір рухани тірегі болып кеткендей. Сондықтан да ақын үшін ештеңеден тартынбайды, ештеңесін міндетсімейді, не істесе де алғаусыз, шынайы. Ақынның тойы туралы жағымсыз жарты сөз болса да, шығып кетпесін деп бәйек болады. Өйткені олар Мұқағалиды шексіз сүйеді. Бәрі бірдей терең түсіне бермес, бірақ сүйеді! Және өзге бір ауылда, өзге бір қалада, өзге бір түкпірде Мұқағалиды өзіндей сүйетін тағы біреулердің бар екенін, көп екенін жақсы біледі. Өзінің олардан бір артықшылығы – ақынмен жерлестігі бар екенін де ешқашан ұмытпайды. Сол үшін де ақынға қайта-қайта тағзым етеді, ол туралы айтыла қалған жарты ауыз сөзге де елеңдесіп жүреді. Ал ақынның ғасырға аяқ басар қарсаңда тұрған 90 жылдығына арналған тойдың сауыны бұдан бір жыл бұрын-ақ құлағына жетіп, дегбірін алып біткен. Әне болады, міне болады, кейінге шегеріліпті, тағы ары жылжыпты деп жүріп, күзді орталаған. Енді болмайтын шығар деп жүргенде, шағындап өткізген мына тойды қиялымен ұштастыра алмай, пұшайман күйге де түскен болар. Әйтеуір, бейжай қалмағаны анық.
«Шіркін, жазда Шәлкөдеде жасағанда-шы!» деп жүріп, бұл тойды да өткерді олар. Біз түстенуге отырған киіз үйде «Ақынның 100 жылдығы Арқада өтсін» деген тілек айтылып қалды. Бұл сөздің басқаға қалай әсер еткенін Құдай білсін, бірақ ақын жерлестері мұндай сөзді ауырлау қабылдайды. Дүниеге көзін Мұқағалимен ашқан, алғашқы жаттаған өлеңі де Мұқағалидың жыры болған ел үшін ақынның тойы тек осында – Қарасазда, ұзаса Нарынқолда болуға тиіс сияқты. Олар Мұқағалидың күллі қазақтың құшағында жүрген, ХХ ғасырдың ең даңқты ақыны екенін білсе де, өз құшағынан шығарғысы жоқ.
Мұқағалидың 90 жылдығына арналған мүшәйра, ғылыми байқау, ғылыми конференция; ақын-жазушының жүрекжарды сөзі, лауазымды адамдардың тілегі, тойға арнап үй тіккен ауылдастардың пейілі, үйіне түскен төрт қонаққа жиырма адамдық дастархан дайындап, құда күткендей қабылдаған азаматтардың кірбіңсіз көңілі, жас баладан тісқаққан әртіске дейінгі ақын жырын жатқа соққан ақын жерлестерінің ішкі тебіренісі мен жарасымды мақтаны Мұқағали даңқының енді ешқашан төмендемейтінін тағы бір дәлелдеп, тарихқа сіңіп кетті. «Қайран Қарасазым-айды» ыңылдай айтып, жұрт үйді-үйіне беттеп бара жатты.
«Қырық ауыл бір төбе болса, менің өзім бір төбе» дегендей, Елшенбүйректің етегіне жантая кеткен Қарасаз қалып барады. Өзге жолы сәл ескірсе де, Мұқағалидың 90 жылдығында тағы бір мәрте жаңарған Қарасаздың тақтайдай тегіс жолы «Сен менің еліме бар, жерімді көр» деп тәкаппарси қалыпты.
Байынқолдың жағасындағы тоғай ішіндегі алаңқайға тігілген ақшаңқан үйлерден көңілді шыққан жұрт даурығысып, бірдеңе жетіспейтіндей артына қарайлай-қарайлай аттанысып жатты. Бәйге болады деген. Ауа райына байланысты ертеңге шегеріліпті. Бір күн бойы ашылмай қойған жылаңқы күн көбесі сөгіле бастаған жұқалтаң бұлттың ар жағынан әлсіз мұнартады. Ауаға да шуақ араласа бастағандай. Ертең бәйге болатын болды...