Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Бұлаң құйрық, орқызыл, алтайы түлкі

Түлкі
Фото:  Ақсай филиалы аңтанушысы Р.Алмасов

Жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Түлкі түгінен жазған» әңгімесін мектеп қабырғасынан оқып таныспыз әрі сол тіршілік иесінің еңбекқорлығы мен ұрпағына ерекше жанашырлығына таңданбасқа болмайды. Сондай-ақ жазушының суреткерлігінің шеберлігі тағы бар.

Қазақ ауыл балаларының қай-қайсысы да түлкі аңы туралы естісе, елең ете қалады. Өйткені олар ит айтақтап, кезекпен мал бағып жүріп, қыр-жоталарда үйме топырақ маңайындағы інге үңіліп, ішінде түлкі бар ма екен деген балаң ойын әрбір ауыл баласының ермегі деуге болады. Қыс түсе әуесқой аңшыларға ілесіп, мектептегі сол күнгі сабақ кестесі аяқталмастан тұра жөнелетін күндер артта қалды. Кешке ымырт түсе үйге су болған аяқты әрең басып, асқазан сазарып, қарын ашқаннан бұратыла кіретініміз қайда?! Бір таба нанды үзіп-соғып жіберіп, далаға шығып, мал жайғауға қораға асығамыз. Шаршағаныңның өтеуі – күні бойғы аңды алыстан болса да көріп, ізіне түсіп, тазы иттердің әрбір әрекетіне қызығып, табиғат сұлулығын тамашалап, бірнеше шақырымды жаяу жүріп, кейде жүгіріп, ін торуылдап, оның ішіндегі аңға түрлі аңшылық әдістерді қолданып, әуесқой аңшы ағалардың әзіл-шыны аралас әңгімелерін тыңдап жүріп кеш батқаны байқалмайтын. Тіпті аталған аңды алдыға тосып, ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан сол ауыл адамдарының қонысында «Түлкіқазған» (Жамбыл облысы Жуалы ауданы Т.Дүйсебайұлы ауылы) – деген бейресми сай атауы да бар.

Айтқандай-ақ, шеңгел өскен төбе бірнеше ауызды іннен тұрады. Ғасырға жуық уақытта, әсемділігімен көз арбайтын жыртқыш аңның әлі күнге дейінгі мекені. Балалық шақтағы ауылдан қазіргі Алматыдай ірі қала іргесіндегі табиғат сыйының тіршілігіне назар салайық.

Түлкі
Фото:  Ақсай филиалы аңтанушысы Р.Алмасов

Түлкі – дене тұрқы 52-77, құйрығының ұзындығы 39-51 см, салмағы 3,3-6,8 кг. Қазақстанда мекендейтін түлкілердің түстері әртүрлі. Олардың ішінен терісінің жүні қып-қызыл, құм түстес реңсіз сұрғылт, бірен-саран қаралау түсті жыртқыштарды да кездестіруге болады. Бәріне ортақ белгі – құлақ қалқандарының сырты қара, ұзын әрі үлпілдек жүнінің ұшы ақ. Қазақстанда түлкілердің 4 түрі тіршілік етеді: Қазақстан түлкісі (V.v kazakhstanica);, қараған (V.v karagan;, дала немесе құм түстес түлкі (V.v diluta), Тянь-шань түлкісі (V.v ochroxantha). Қазақстанда бұл жыртқыш барлық жерлерде өздері ін қазып немесе басқа бір аңның (әсіресе борсық пен суырдың) ескі індерін пайдаланып мекендейді. Тіршілігіне қолайлы жағдайлар іздеп, бір орыннан екінші орынға көшіп-қонып отырады. Жаппай қоныс аударуы – салқын түсе, күзде анық байқалады. Жылына бір рет түлейді. Ол ақпан-сәуір айларында басталып, жүндері уыс-уыс болып түсіп, жазда тек қылшықтары ғана өседі. Күзге қарай түбіттері шыға бастап, қазан айының ортасында, қарашада толық жетіледі. Қар жауып, оған аунаған сайын оның жүні құлпыра түседі. Қазақтың «Қарға аунаған түлкідей» деген теңеуі осыған байланысты айтылса керек. Көпшілік жағдайда жемін аулауға ымырт жабыла шығады; қыс пен ерте көктемде – күндіз де індерінен шығып, қорегін іздеп, сенделіп жүре береді. Қорегі: түрлі сүтқоректілер, омыртқасыз жәндіктер, аздап шөптесін азықтар. Қоректерінің құрамы жыл маусымдарында өзгеріп отырады. Олардың негізін кеміргіштер мен жәндіктер құрайды. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы – далалы белдеуден биік құз-жартасты, мұздықтар, шыңдар орналасқан таулы аймақ. Бірыңғай қылқанды орман және аралас тоғайлар мен бұталықтар көмкерген беткейлерден тұрады. Сонымен қатар альпі, субальпі аймақтарында да орналасқан. Жан-жануарлардың мекендеуіне қолайлы орындар өте көп. Түлкілер тау етегінен бастап, альпі зонасына дейін мекенін өзгертіп отырады. Шиебөрі мен қасқыр басым шатқалдарда түлкі көп мекендемейді. Әрбір сай мемлекеттік инспектордың күзетінсіз қалмайды. Олар кездесетін аң-құсты күнделік кітапшасына жазып отырады. Соңғы кездерде түлкі атаулы таудың биік аймағынан тіркелуде. Себебі төменгі белдеуде шиебөрі қарасы көп. Олар бұлаң құйрықтыны біртіндеп ығыстыруда. Ұлттық парктің аңтанушы-биологтары мен айналым инспекторларымен бірлесіп таудың жоғарғы белдемі, яғни т.д 2000 м жоғары орындарға қойылған фотоқақпандардан алынған мәліметтер негізінде түлкі тіршілігі бақыланды. Жылдың маусым айынан қыстың қаңтарына дейін бір нүктеден бақыланған жоғары белдемде (т.д 3000 м биіктікте) түлкі күнделікті, кейде күнара фотоқақпан камерасына түсті. Әрбір өткендегі сырттай мінез-құлқы мен тұрпаты, басқа аң-құстардың тіркелуі, табиғат құбылыстары бейнетаспаланып, құнды ғылыми материалдар алынды. Бақыланған мониторингтік орындардан түлкінің жыл бойы сол аймақты қызғыштай қорып, жиілеп өз мекен ету аумағын белгілеп, (нәжіс тастап, зәр шашып, арқасымен аунап, түгін қалдырып, тұмсығын сүйкеп, сілекейін жағып дегендей) кетіп отырды. Бақылау барысында түгінің өзгеруіне фенологиялық қадағалау жасалынды.

Бала кезде табиғатпен етене жақын өскен біздер үшін әлі де түз тағыларына қызығушылығымыз басымдау. Ал, керісінше, қазіргі мектеп жасындағы балалар, оның ішінде өз балаларымыз да бұған аса ден қоймайды. Мегаполистегі құмырсқаның илеуіндей қайнаған өмір ағымында олар да жаңаша бағыт (телефон, түрлі оқу орталықтары, спорт секциялары, түрлі дәмханалар, ойын-сауық орталықтары, т.б) ұстанады. Хайуанаттар бағындағы қыдырыс олар үшін қинап жүргізіп аралатумен тең. Мектептегі жаратылыстану, өсімдік, жануарлар тұрғысындағы білімдер терең әрі қызықты деп айта алмаймыз. Натуралистерді табу қиын. Білім ошақтарында оқылған танымдық сабақтар ( ЕҚТА тарапынан) өте көп болуы қажет. Жалпы түлкі жыртқыш аң болса да, орман шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына айтарлықтай пайда келтіреді. Себебі олар кеміргіштердің сан алуан түрлерін жояды және жас жаутаңдары (күшігі) өсімдік зиянкес түрлі қоңыздар мен шегірткелерді қорек етеді. Мысалы, Ұлттық парк аумағында құтыру аурулары тіркелмеді. «Көп жорытқан түлкі – терісінен айырылар» деген ескі мақал қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысы шамалы. Себебі ұлттық паркте барлық табиғат тіршілік иелері мен нысандары қатаң қорғалады.

Тұңғыш Жапарқұлов

Іле Алатау МҰТП ғылыми қызметкері

түлкі
Фото:  Ақсай филиалы аңтанушысы Р.Алмасов

Тақырыпқа тұздық

Түлкі – суық Антарктидадан өзге барлық континенттерінде өмір сүреді. Сондай-ақ әр халықтың аңыз әңгімелерінде түлкі образы жиі кездеседі, оны негізінен айлакерліктің, қулықтың бейнесі ретінде суреттейді. Қазақтың ежелгі аңыз-әңгімелерінде түлкі айлакер есебінде айтылады. Сондай-ақ «түс түлкінің боғы» деген де тәмсіл бар. Бұл сөз – қорқынышты, көңілге дық түсіретін түс көрген адамды жұбату үшін айтылса керек. Көрген түсті көңілге алма, түлкінің боғындай қадірсіз, керексіз дүние есебінде қабылда деген ізгі ниеттен туындаса керек. Сосын «қарға аунаған түлкідей» немесе «қырдан қашқан ор қызыл түлкідей» деген де теңеулер жиі айтылады. Бұл – түлкінің сұлулығын сипаттаған теңеулер. Осыған жалғас қазақ түлкінің терісінен тымақ, ішік тігіп киген, оны серіліктің, салдықтың белгісі ретінде түсінген. Ал қансонарда түлкі аулау – аңшылықтың ең бір қызықты, нығметті түрі болған. Аулаған түлкісін үлкендердің қанжығасына байлау – ізеттіліктің, кісіліктің нышаны саналған. Демек, аңыз-әңгімелерден тартып, күнделікті тіршілікке дейін түлкі ежелгі қазақ өміріне етене араласып, сіңісіп кеткен.

Түлкінің тарихы да тым терең. Олар қола дәуірінен бері адамдармен бірге өмір сүріп келеді. Әуелде түлкіні ит сияқты қолға үйретіп, пайдаланған. Түлкілер тіпті иелерімен бірге жерленген. Мұндай қабірді Барселонада археологтар тапқан. Ғалымдар мұны кемі 500 жыл бұрын жерленген болуы мүмкін дейді. Қытайлар мен жапондар түлкінің айрықша қабілетіне сенген. Олар түлкілер адамдарды сиқырлап, өздеріне бағындыратын қасиеті бар деп ұғынған. Түлкі туралы әлемде небір қызықты деректер айтылады.

Біз бүгін солардың біразын оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

* Түлкілер ит тұқымдасына жататынына қарамастан, олар иттерге қарағанда мысықтарға көбірек ұқсайды.

* Түлкі тұқымдасына жануардың 10 түрі кіреді: кәдімгі, ауғандық, американдық, құмды, тибеттік және басқа түлкілер.

4. Ең кішкентай түлкі – аскөк түлкі. Бұл үлкен құлақтары бар сүйкімді және шөл жануары. Оның денесінің орташа салмағы 1,5 келіден аспайды, ал ұзындығы 40 сантиметрге жетеді.

5. Түлкілердің иіс және есту түйсігі ең дамыған. Олардың көмегімен түлкілер қоршаған ортаны барлап, бақылай алады.

11. Түлкінің көзіндегі арнайы жасушалар жануарға суреттің жарықтығын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Осы қабілетінің арқасында бұл жыртқыштар түнде тамаша көреді.

12. Түлкінің құйрығы әшекей ғана емес, маңызды мүшесі. Түлкі құйрығының арқасында жүгіру кезінде тепе-теңдікті сақтайды, сонымен қатар қыста аяздан қорғану үшін оған оранады.

15. Түлкі магнит өрісін ғарышта жүру үшін емес, олжасын табу үшін пайдаланады. Бұл оның ерекше қабілеті.

17. Түлкілерді ақылды жануарлар деп айтудың негізі бар. Мысалы, олар бүргеден құтылу үшін қызықты әдіс пайдаланады. Тісіне таяқ ұстаған түлкілер судың тереңіне түседі, бүргелер осы кезде ағашқа жармасады. Біраз уақыттан кейін таяқшаны және оған жабысқан бүргелерді лақтырып жібереді.

20. Түлкілер сағатына 50 км жылдамдыққа жүгіре алады.

25. Ғалымдар түлкінің 40-қа жуық дыбысын шығара алатынын анықтаған. Мәселен, олар иттің үргеніне еліктей алады.

26. Беларуссияда түлкінің құрметіне тиын шығарылған. Оның бетінде түлкінің рельефті басы бейнеленген. Көздері кішкентай гауһар таспен әдіптелген. Мұндай монетаның құны 50 рубль.

27. Түлкі өте сезгір. Ол 1 метрлік қар қабатының астындағы тышқанның қозғалысын ести алады.

34. Түлкінің көру қабілетінің жалғыз кемшілігі – реңктерді ажырата алмайды.

36. Түлкі тамақты шайнамай жұтады.

37. Түлкінің табандарында жіңішке түктер түріндегі компас бар. Бұл түктер түлкінің желдің бағытын ажыратып, бағытын анықтауға мүмкіндік береді.

38. Түлкілер, қасқырлар сияқты, моногамды жануарлар. Олардың өмір бойы бір жұбы болады.

43. Бағымдағы түлкілер 25 жылға дейін өмір сүреді. Ал жабайы табиғатта 6-8 жылға дейін тіршілік етеді.