Бұлбұлдар түнде де сайрайды
Қала мен ауылдағы ағаш-бұтасы қалың, арықтан сылдырап аққан судың дауысы естіліп, әрбір ауладағы жап-жасыл бау ішінде, саябақтардан, тау жағалай өскен орман-тоғайлардан, иірімі сырғи қозғалған өзен маңайынан өтіп бара жатқанда өзін көрмегенмен, үні сан құбылатын басқа құстардың сайрауынан айрықша құс дауысына құлақ түрмейтін пенде жоқ шығар, сірә.
Жаздың лебі сезілген тұста, яғни, үстіміздегі ауыр киімдерді шешіп, күннің шуағы мол әрі ыстық түсе бастауымен бірге ағаш-бұта жапырақтары да жайқалып қалады. Адамзат баласына қысқы суықтан қажып шығуы және көктемнің жаңбырлы әрі ылғалды ауа райынан да біршама ығыр бола бастағанда, осы кез құс сайрауының үндері біршама қуаныш, серпіліс сыйлайтындай. Өмірдің қайнаған қазіргідей ағымында адамзат баласы кейде қоршаған ортаға зиян тигізіп, құлқынның құлы болып, жеке басының қамы үшін айналадағы табиғат сыйына мән бермейді. Кей жағдайда таптап, қопарып, қажетсінбей өте шығады. Ілгеріде, ата-бабаларымыз табиғаттағы әрбір тіршілік иесінің ерекшеліктерін танып, оны адамзат өміріне керекті тұстарын екшей білген. Орнымен пайдаланған.
Қазақ халқы көмейі бүлкілдеп, дауысы зор әншіні «Бұлбұл» деп әспеттеген. Осыған орай, дала табиғатымен үндесіп, әрекет ететін халық ретінде құстың да дауысын музыка, ән, күймен ұштастырып, тамаша, қайталанбас қазына қалдырған. Ұлт мақтанышы, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың орындауындағы Л.Хамидидің «Бұлбұл» әні өте керемет. Сондай-ақ Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйі ел мәдениеті мен ән-күй қазынасындағы бірегей туындылар. Сонымен бірге бұлбұлдың сайрағанынан шабыт алған басқа халықтардың да өнер туындыларын білеміз. Мәселен, А.Альябевтің «Соловей» романсы көптеген дауысы құлақ тұндырар бірнеше әншінің орындауында ұрпақтан-ұрпаққа жетуде. Аталған әндер мен күйлер өлмес өнер мұрасы ретінде, табиғаттың сыйы, бұлбұл құсын дәріптеудің жоғарғы шыңы іспеттес.
Қазақстанда бұлбұлдың 2 түрі мекендейді: оңтүстік бұлбұлы, зортұмсық бұлбұл және кәдімгі бұлбұл, солтүстік бұлбұлы. Оңтүстік бұлбұлы(Luscinia megarhynchos) – түсі бойынша кәдімгі бұлбұлға (Luscinia luscinia) өте ұқсас. Олар қалыпты тіршілік ететін, қоныс аударатын, ұя салатын құс. Сондай-ақ ала бұлбұл, көк бұлбұл, қаратөс бұлбұл, қызылтамақ бұлбұл деген түрлер де сайрақ тұқымдастарға жатады. Дегенмен бұлардың ішінен алғашқы екеуін нағыз бұлбұл құс деп атайды. Ол жағалаудағы ормандарда, тау бөктерінде, сонымен қатар жапырақты ормандарда, тоғайларда, бақтарда, орман екпелерінде, ұсақ шоқыларда, көбіне су маңайында, 1 600-2 000 метр биікте, бұталы алқапта мекендейді. Сонымен қатар қалалар мен елді мекендер орналасқан аймақтарда кездеседі. Ол сәуір айының ортасында, мамырдың басында жылы жақтан ұшып келеді. Ұясы жерге немесе бұталарға өте төмен, жерден 20 см-ден аспайды. Ұя құрғақ шөптермен жасалып, жұқа шөптер мен тамырлармен қапталады. Мекиені мен қоразының денесінің үстіңгі бөлігі біртегіс қою қоңыр болады, қызғылт реңктері де ұшырасады. Құйрығы қызғылт. Денесінің төменгі жағы біртегіс, кіршең ақшыл, кеуде тұсы сәл күңгірт. Ал жұтқыншағы мен іші, сирағының үстіңгі қауырсыны жағы ақшыл түсті. Аяқтары қара қоңыр, тұмсығы қара, тұмсық асты ашық қоңыр. Денесінің жоғарғы жағының қауырсындары қоңыр түсті, бұлдыр дақтары бар және өте жіңішке сызықтары болады. Бұлбұлдың салмағы 21-30 грамм, қанатының ұзындығы 85,0-95,0; құйрығы 85,5-90,0 мм. Бұлбұлдардың жұмыртқа салу уақыты мамыр айының ортасынан маусымның ортасына дейін жалғасады. Ұяда 3-5 жұмыртқа болады. Мекиені 13-14 күн басады. Балапандарды қоректендіруге екеуі де атсалысады. Балапандары маусымның аяғынан тамыздың ортасына дейін қанаттанады. Бір маусымда екі рет ұрпақ өрбітуі мүмкін деген де көзқарас айтылып жүр, бірақ бұл дәлелденбеген тұжырым. Қайта жұмыртқа басуы заңдылық, себебі алғашқы жұмыртқасы жойылуы да мүмкін. Зерттеушілердің еңбектерінен танысқанымыздай, бұлбұл ұясын өте таза ұстайды. Әр кез әкелген жемнен соң балапандары ата-енесіне өзінің қағын тосады да, үлкендері тасып алып кетеді немесе жеп қояды. Қызықты жағдайдың бірі, жұмыртқадан шыққан балапанның басына жарып шыққан жұмыртқа қабығының жартысы киіліп бірнеше секунд әлде минуттар аралығында әрлі-берлі қисалаңдап тұрады. Кейін қызылшақаның басындағы телпекті ата-енесі ұядан аулаққа тасып, ұя тазалығын қамтамасыз етеді. Қанаттанған балапандар ұя маңайынан алысқа ұзамайды. Дәл осы уақыттарда үй мысықтарының зияны көптеу тиюі мүмкін. Сондықтан да үй мысықтарының аса жабайыланып, санының өсіп, аулада көп болғаны құс балапандарына кесірін тигізеді. Тіпті Ұлттық парктің ауласына жақын маңдағы саяжай аймағынан көтеріліп, қызметтік орманшы үйін маңайлап (кордон), қалың бұта арасындағы ұсақ құстарды аңдып отырғаны бірнеше рет байқалған.
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына оңтүстік бұлбұлы сәуір айы ортасынан ауғанда ұшып келді. Сайраған дауыстары сәуірдің соңғы аптасы мен мамыр басталғанда барлық шатқалда жиірек естіле бастайды. Әрбір шатқалда, мекен ету орнында ұдайы бақылаулар жасалады. Орнитолог ғалым Е.С.Чаликованың зерттеуіне сүйенсек, Талас Алатауы өңірі бойынша 2010-2020 жылдары фенологиялық құбылыстары: Алғашқы кездесуі 25.04-10,05, соңғы кездесуі 29.08-16.09, соңғы әндетуінің естілуі 11.07-21.07, жұмыртқа салуының соңғы рет байқалуы 20.05-30.05, балапандарды тамақтандырудың соңғы көрінуі 11.06-21.06, қанаттанған балапандардың пайда болуының көрінуі 20.06-30.06. Демек, сайрағыш құстардың ішіндегі ең мықтыларының бірі – оңтүстік бұлбұлы – 3 айдан аса ғана елімізде мекен етіп, Африка құрлығына қыстауға ұшады. Бұлбұл құсының ұясы жерге өте жақын салынатынын ескеріп, әрі балапандары жаз айының ортасында пайда болатынына жіті мән берілу керек. Мұнда, ең маңыздысы, барлық Ұлттық парк аумағына келетін тұрғындарға абай болу қажет. Өйткені орман өрті ұсақ құстар үшін өте қауіпті. Кей жағдайда, тауда ит ерте шығатындар да мұны ескерген жөн. Итке мұрындық немесе тұмылдырық кигізу шарт. Олар мекен ететін биотоптарда барынша сақтық шаралар қолданып, әсіресе қалың өскен қалақай, суға жақын жыныс бұталар мен шырмауықтар, қара бүлдірген, т.б топталып өсетін өсімдіктерді аталған құстың балапан өргізгенінше тиіспей тұру маңызды. Өйткені Ұлттық парк пен Алматы қаласы және қала маңы елді мекендерден байқағанымыздай, барлық жерде бұлбұл әні естіле бермейді. Олардың сайрауы жаппай емес, кей тұстардан ғана тыңдалды.
Енді бұлбұл құсының бірнеше ерекшелігін айта кетейік. Әдетте, тынбай сайрайтын құстар мекендеу аумағын белгілеу үшін әрі өз жұбын табу үшін аталық құстар әндетеді. Олардың арасында кемі 3 жыл өмір сүрген кексе құстардың үндері әдемі шығады. Бұлбұлдар түнде де сайрай алады. Әсіресе басқа құстар түнде белсенді болмаған уақытта бұлбұл үні алыстан құлаққа жетеді. Негізінен түнде жұбын таппағандар сайрайды. Бұлбұлдың ағылшын тіліндегі аудармасының өзі түн әншісі (Nightingale) дегенге саяды. Жұптасқан құстардың балапандары шыққанша сайрап, одан кейін доғарады. Жалпы сәуір айының аяғынан бастап мамыр және маусым айының ортасынан аса бұлбұл дауысы естілмейді. Бау-бақшада әнін есту үшін, қолайлы жағдай туғызып, тарта білу қажет. Әрбір ел азаматы өз ауласын жасыл желекке айналдырып, ағаш-бұталарды көптеп егу қажет-ақ. Әрдайым бақта бұлбұл сайрасын.
Тұңғыш Жапарқұлов,
Іле-Алатау МҰТП ғылыми қызметкері