Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:12, 27 Маусым 2023

Бүліктен сыйлыққа дейін...

None
None

Өткен аптаның өтіп жатқан басқа да апталардан асқан айырмашылығы болмаған еді. Абайдағы өрт басылмай жатып, Астана маңында қураған шөп жанды.

Үкімет бағаны тұрақтандыруға әлі де қауқарсыз екенін тағы да танытты. Белсенділерді қудалау тоқтар емес.  Түрмедегі Сатыбалды бостандықтағы Нұрсұлтан көкесіне зәулім сарайын сыйға тартты. «Прокуратура туралы» заңға шет елге шығарылып кеткен капиталды қайтаратын механизмдер қарастырылған түзетулер енгізді. Арыстанбек Мұхамедиұлы сегіз жылға сотталып кетті…

Алайда, бұл жаңалықтардың бәрін көлеңкеде қалдырған Ресейдегі әскери бүлік болды. Шынын айтсам, Пригожиннің де – маршы бүлік пе, әлде бүлікке ұқсаған басқа нәрсе ме –  әлі де түсініксіз. Бүкіл әлем көз тіккен, құлақ түрген бұл оқиға екі тәуліктен асып барып, аяқталып та қалды. Пригожиннің мәлімдемесі, Ростовты басып алғаны, Путиннің оны «опасыз, сатқын» деп жариялағаны, Мәскеудегі ажиотаж, санасы және шамасы барлардың шет елдерге қаша бастағаны – бәрі, бәрі үлкен бір тарихи оқиғаның хабаршысы тәрізді еді. Алайда, айтарлықтай шу көтерілгенімен, бәрі де төбелессіз тарап кетті. Енді бүкіл әлем сарапшылары «бұл өзі не болды» деген сауалға жауап таба алмай дал.

Сонымен не болды?

Жеке меншік «Вагнер» әскери компаниясының иесі, бұрындары түрлі қылмысы үшін бірнеше рет түрмеге отырып та шыққан, былайғы жұрт «Путиннің аспазы» атап кеткен Евгений Пригожин, жұмадан сенбіге қараған түні,  мәлімдеме жасап, әділдік үшін жорыққа шығатынын айтқан. Оған себеп – қорғаныс министрі Шойгу мен Бас штаб бастығы Герасимовтың өзіне істеп отырған қастандығы дейді. Бұлардың арасындағы кикілжің біраз уақыттан бері өршіп тұр. «Шүріппені басуға»  түрткі болған «Вагнердің» тылын қорғаныс министрлігіне қарасты  күштердің  ракетамен атқылағаны екен. Сылтау табылып тұр, Пригожин миллионнан астам тұрғыны бар Ростов сынды, стратегиялық маңызы бар,  ірі қаланы бір де бір оқ атпастан басып алды. Таралаған бейне жазбалардан сондағы екі генералдың да, қорғаныс мигистрінің орынбасары Евкуровтың да Пригожиннің алдында мүләйімсіп отырғанын көрдік. Одан «вагнер»  тоқатамастан Мәскеуге қарай тартты. Осы тұста, орта жолдағы Воронежде мұнай қоймасы өртенді. Пригожиннің мұздай қаруланған алты мың сарбазы келесі тәулікте Мәскеуден екі жүз шақырым ғана қашықта орналасқан Тулаға жетіп барған болатын. Путин болса, сенбі күні таңертең Пригожинді сатқын, опасыз деп жариялап, Ресей мемлекеттігіне үлкен қауіп төнгенін мәлімдеді. Бүлікшілердің сазайын тартатынын да айтты. Сөйтті де, Мәскеуді тастап шықты. Кейбір инсайдтық ақпараттарға қарағанда, Валдайдағы тастай бекінісі бар  резиденциясын паналаған көрінеді. Путин сол сенбі күні өзіне жақын бірнеше елдің президентімен телефон арқылы сөйлескен. Оның бірі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Әйтсе де, бұлардың бір де бірі Путинге қолдау көрсете қоймаған көрінеді. Тоқаевтың баспасөз қызметі бұл мәселе Ресейдің ішкі ісі деп, Қазақстанның бұл мәселеден өзін аулақ ұстауға тырысатынын көрсеткен болатын. Содан, Пригожиннің «Мәскеуді аламыз!» деген ұранын да, оны сарбаздарының қолдағанын да көрдік. Бірақ… Бірақ талайлар алақанын ысқылап, күткен оқиға  «болмай жатып, бордай тозды».

Пригожиннің өзі мәлімдеген мақсаты – Қорғаныс министрлігіндегі басшылықтан Шойгу мен Герасимовтың кеткені. Путин туралы ондай ештеңе айтқан жоқ. Баяғы «сыра королі» Төлешовтің төңкеріс жасап, вице-президент болып отырғысы келетіні сияқты. Бұл «бүліктің» бір «шикілігі» осында. Ертең «Вагнер» Мәскеуге басып кірсе, «қуырдақтың көкесіне қарық болармыз» деген көптің көңілі сенбі кешінде су сепкендей басылды. Пригожин мәмілеге келе салды. Кейінірек, оны жұбатып, келісімге келтірген Беларус басшысы Лукашенко екенін білдік.  Келісім шарты бойынша, Пригожин де, «Вагнер» сарбаздары да жауапқа тартылмайды, бұлар енді Ресей территориясын тастап, Беларус асады.  «Вагнер» Қорғаныс министрілгіне бағынбаған күйі қала береді. Шойгу мен Герасимов та орындарында қалды. Әрине, Путин өзі террорист атаған аадмның талабын қалай орындасын? Міне, әлемді дүрліктірген бұл «әскери бүлік» туралы оқиғаның қысқаша фабуласы осындай.

Сарапшы, саясаткерлердің көкейінде «бұл өзі не нәрсе болды?» деген сұрақ  қалды. Бүкіл оқиғаны жіліктеп, бүге-шігесіне дейін шағып шыққан сарапшылар оның маңызы мен мәнісін сан саққа жүгіртіп әуре. Біреулері  бұл жан-жақты ойластырылған қойылым десе, екіншілері оқиға шынайы, тек соңына дейін тұруға Пригожиннің батылы бармады дегенге саяды. Шынымен-ақ, күрмеуін әбден шатап тастаған, көп тұсы дүдәмал, кей тұсы күлкілі. КГБ-ның ізбасары Ресей қауіпсіздік қызметі мұндай бүліктің дайындалып жатқанын  қалайша білмей қалған? Соншама армиясы бар Шойгу өзіне қарсы келе жатқан,  Путин мемлекетке қауіп төндірген опасыз  деп атаған,  бірнеше мың ғана сарбазы бар Пригожинді неге тоқтатпады? Оп-оңай Ростовты басып алған соң, емін-еркін, еш кедергісіз  Тулаға дейін жетті емес пе? Ресей президенті өзі  сатқын деп таныған адамды қалайша кешіре салды? Неге олар Беларусь жерін паналайтын болды?

Осыған қарағанда, қойылым сияқты. Ол не үшін керек? Оны түсіну үшін Пригожиннің мәлімдемесін тыңдап шыққан дұрыс. Ол бар бәлені  Шойгу мен Герасимовқа жабады. Соғысты бастаған да солардың амбициясы көрінеді. Жеңіліп жатқандары да сол екуінің кесірінен екен. Яғни, Путин жәй ғана алданып қалған. Бір қызығы, Пригожин талай шындықтың бетін ашып тастады. Әрине, былайғы жұрт білетін шындық. Соғысты бастауға мұрындық болған,  Украина сегіз жыл бойы Донбасты атқылады деген  себептің нақақ  жала екенін, басқа да себептердің «сыныққа табылған сылтау» ғана  екенін айтты.  Яғни, бұл ультра патриот  Путиннің соғысының еш себебі жоқ екенін мойындап отыр. Сонысымен-ақ ертең путиндердің ақталуына жол қалдырмады десек те болады. Бірақ, Ресей президентін атап, нұсқап көрсеткен жоқ. Кінәлілер соның маңындағылар ғана. Мұнысы сонда, Путинді ақтап алуға саяды емес пе? Путиннің кәзір, өзі бастаған,  бұл соғыстан қалай да болса аман шығудың жолдарын қарастырып жатқаны белгілі.  Гаағаға  барғысы жоқ. Жиған, тергенінен айырылғысы жоқ.  Соған қарағанда, мұнысы «сасқан үйректің» әрекетіне де ұқсайды. Өзінің кінәсі жоқ екенін Пригожиннің ауызымен, осындай резонансты, шулы оқиға арқылы жеткізгені болса ше? Басқаша айтылса, еленбей қалар ма еді.  Оның үстіне, Пригожиннің Ресей саяси сахнасына кездейсоқ келмегені белгілі. ФСБ-ның жобасы екенін  талай білгіш талайдан бері айтып жүр. Қауіпсіздік комитеті араласпаса, солар солай деп шешпесе, оны Путиннің қасына кім жолатсын? Қалай десек те, Пригожин Путиндердің өз адамы, сенімді серігі. Қайда барса да, аспазы мен дәретханасын бірге көтеріп жүретін сезікті жанның оның қолынан тамақ жегені оған деген сенімінің жоғары екенін білдірсе керек.

Ал, «Вагнер» неге Беларус жеріне ойысатын болды? Бір жағынан, Пригожин Беларусқа кетті ме, әлде Ресейдің шалғай бір губерниясына кетті ме, еш аырма жоқ десек қателеспейміз. Өйткені, бұл елдің  саяси да, экономикалық та тетігі кәзір Путиннің уысында.  Батька байлаулы. Екі себебі анық көрініп тұр. Бірі – Лукашенконың мүмкін болар толқулардан қорғау керек болады. Бірер күн бұрын Украина  жағында Ресей басқыншыларына қарсы соғысып жатқан этникалық беларустардан құралған полктің командирі  Калиновский  өз елін азат етуге атттанатындары туралы мәлімдеме жасаған болатын. Екіншіден, ертеңгі күндері Пригожинді Украина жеріне  Беларус  жағынан басып кіру үшін де пайдалануға болады.

Мәселенің анық-қанығы бірер күнде айқындалып та қалар. Дегенмен де айта кететін бір нәрсе – Пригожиннің «бүлігі» Ресей сыртқы жүнін қанша қампитса да, әлсіз әрі бейберекет мемлекет екенін көрсетіп берді. Әскері әбіржіген, әлеуметі селқос, мемлекеттік құрылымдары әлсіз, былайша алғанда, ішкі дүниесі быт-шыт елді көрдік. Енді, Мәскеудегі биліктен дәмесі бар талайдың да өз тәлейін сынап көруге талпынуы да мүмкін. Ресейде қазіргі күндері «Вагнерден» бөлек 28 жекеменшік әскери құрылым бар. Яғни бұл ел, соғыс біте салып, өзара «разборкаға» дайын отыр. Тіпті соғыстың біткенін күтпейтін де сыңайлы.

Иә, Ресейдің «разборкасы» өз басына, оны қойып, өзіміздің «қойды» санасақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі жағдайға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізді. Талдап, тас-талқанын шығарып тастайтындай мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені ол кеңесте не айтылып, не мәселе көтерілгенінен толық хабарымыз жоқ. Баспасөз қызметі арқылы бізге жеткені – мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі туралы жалпы сөздер ғана. Яғни тұрақтылықты қалай сақтаймыз, қауіпсіздігімізді қалай қорғаймыз, біз Конституция бойынша елдегі биліктің бірден-бір қайнар көзі – қара халық үшін беймәлім. Сонда қалай? Ертең, аяқасты, елге қауіп төне қалса, біз бағыт-бағдарсыз қалсақ ше? Өйткені жоғары жақтың не ойы бар екенін білмейміз ғой!

Билік пен белсенділер арасындағы текетіресте еш өзгеріс жоқ. Ne Deidi youtube арнасының авторы, журналист Думан Мұхаметкәрімге экстремистік баптар бойынша айып тағылып, қамау мерзімі тағы да екі айға ұзарды. Оның әкесі де, саяси белсенді азаматтар да, адвокаты да бұны «саяси мәні бар іс» деп мәлімдеді. Думанды экстремист қылып танытқан оның Мұхтар Әблязовтен сұхбат алып, эфирде тыйым салынған ҚДТ қозғалысының есеп-шоттарын көрсеткені болып тұр. Думан былтырғы қаңтар оқиғасы туралы көптеген шындықтарды ашып жүрген, билікті ашық сынап жүрген журналист. Қазір елімізде мұндай экстремистік бап бойынша сотталып кеткендердің саны жүз шамада.

Мәлік Ахметқалиев есімді тағы бір белсенді азамат Көкшетауда ұсталды. Бұл әлі «экстремист» емес, әзірге «наркодиллер» ғана. Жергілікті биліктің мазасын жиі алып, қоймайтын сұрақтарды қойып, әкім, шенеуністердің қытығына тие беретін көрінеді. «Санкция берілмеген тінту кезінде, полиция оның қалтасынан кір жуатын ұнтаққа ұқсас бір пакет тауып алған» дейді ресми мәліметте. Мен біздің полицейлердің көрегендігіне қайран қалам. Қоғамдық белсендінің дәл осы күні қалтасына психотропты наркотик салып шығатынын қалай біліп қойған? Оның үстіне, жүргізілген тексеруге қарағанда, оның қанынан есірткі ізі табылмаған. Яғни есірткімен әуестенбейтін адам. Қайтсе де, қолға түсті.

Депутат Альберт Рау үкімет пен жергілікті әкімдердің бағаны тұрақтандыруға қарсы бағытталған іс-әрекеттері еш нәтиже берген жоқ дейді. Соны да жаңалық деп… Альберт мырза, ондай іс-әрекет қашан нәтиже беріп еді? Оны өзіңіз де білесіз. Сонда, депутат мұны не үшін айтты? Мәселе қылып көтере отырып, бір амалын табу үшін бе, әлде бағаның өсе беретінін ашық мойындау үшін бе? Ал үкімет болса, апта бойы маңызды тауарлардың бағасы өскен жоқ деп мақтанды. «Ұзағынан сүйіндірсін» дегің келеді, бірақ… Бірақ қайдам. Ауыл шаруашылық министрі Қарашөкеев «фермерлік жылыжайлар алып жатқан егіс аумағы 62 гектарға қысқарып кетті» дейді. Тауардың өзіндік құнының қымбаттығы себеп болса керек. Яғни көкөністі сырттан сатып алу арта түседі. Демек, қымбаттай түсуі заңдылық.

Ал қаңтардан соң қамауға алынған жалғыз «назарбаев» Қайрат Сатыбалды өзінің Үшқоңырдағы зәулім сарайын әлі де бостандықтағы көкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартты. Демек, елдің аптығын басу үшін, Назарбаевтардың арасынан басқасы емес, осы Қайраттың таңдалғаны да бекер емес болар. Көкесінің алдында бір «косягы» болып тұр ғой. Назарбаевтың фамилиясы аптаның соңында тағы да аталды. Оған Александр Лукашенко телефон соғып, өзара Қазақстан – Беларусь қарым-қатынасын (?) халықаралық жағдайды талқылаған көрінеді.

Тегтер: