Бұлқынған Башқұртстан
Қаңтардың 15-19 аралығында Ресей құрамындағы Башқұртстанда халық бір толқып барып басылды.
Шамамен төрт миллионнан аса халқы бар аймақтың Баймақ атты шағын қаласында тұрғындар жергілікті белсендінің сотталуына қарсылық танытып, түрлі саяси лозунг көтеріп, президент Владимир Путин тағайындаған басшы Радий Хабировтің отставкасын талап етті. Полиция бейбіт халықты ұрып-соғып, көзден жас ағызатын газ шашып таратты, ондаған адамды ұстап әкетті. Оқиғаны «соғыс басталғалы бері Ресейдегі ең үлкен наразылық акциясы» деп бағалаған сарапшылар Башқұртстанның тәуелсіздігі мен Ресейдің ыдырауы туралы айта бастады.
БАЙМАҚТАҒЫ ТАРТЫС
Бостандық! Бостандық! Бостандық! Қаңтар күні Ресей құрамындағы Башқұртстанның Баймақ қаласында мыңдаған адам сот ғимаратының алдына жиналып, осылай деп ұран көтерді. Әлеуметтік желіге тараған видеоларды қарап отырған сырт адамға мына наразылық бір сәт орыстың отарынан босап шығуды көксеген бұлқыныс іспетті көрінді. Башқұрттың туын көтеріп, өз әнін айтып, өз тілінде сөйлеген жұрттың жұрнағы болса да бар екен. Құрсауда отырса да түгелдей құрып кетпепті. Бәрінің талабы – бір адамның бас еркіндігі. Баймақтың еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін Фаиль Алсынов деген азаматты босатып алғысы келді.
Фаиль батыр! Фаиль батыр!
Бостандық! Бостандық!
Арда ұлын азат етуге жиналған ел қақаған қара суыққа қарамады. Тіпті бәрі бір адамдай жұмылып, жоғарыдағы ұрандарды айтқанда ауыздарынан шыққан бу Баймақтың аязын түріп тастағандай. Сот үкіміне келіспеген башқұрттар біраздан соң президент Владимир Путиннің атын атап, саяси талап қоя бастады. Көп ішінен ортаға шыққан бір адам Кремль қожасынан Башқұртстанның қазіргі басшысы Радий Хабировты қызметінен алып, оның орнына қолынан іс келетін өзге біреуді жіберуді сұрады. Тыңдаушы жұрт қол шапалақтап, қошаметтеп, қолдап әкетті. Сөзінше, соғысқа байланысты қазір ел ішін беймаза көңіл күй меңдеп барады, ал Хабиров халықты өзіне қарсы қойып, отқа май құйған. Айтқанының жаны бар. Өйткені Фаиль Алсыновтың үстінен іс қозғау туралы арызды өзге емес, дәл сол Башқұртстан басшысы Радий Хабировтің өзі жазған.
«Баймақ аудандық соты Алсыновқа төрт жыл түрме жазасын кесті», – деп хабарлады қара күртеше киген, қолына дауыс зорайтқыш ұстаған бір адам.
«Неше? Неше жыл дейсің?» – деген сұраулы дауыстар жан-жақтан дабырлап, шу қоюлана түсті. Балағат сөздер, аһ ұрған өкініш үндері де естіліп жатты.
Арада аздаған уақыт өткенде полиция мен далада тұрған көп жанжалдасып қалды.
Ресейдің федералды телеарналары, үлкен газет-журналдары оқиға орнынан хабар таратпаған соң елден соғыс басталғанда шетелге қашуға мәжбүр болған тәуелсіз ақпарат құралдары әлеуметтік желіге ғана сүйенді. RusNews сайтының бірді-екілі журналисінің желіге жазғаны болмаса, Баймақтағы оқиғадан толымды дерек аз. Батыстың CNN, BBC сынды беделді басылымдарының бәрі Алсынов жақтастары ашқан кіп-кішкентай «Куштау Байрам» деген телеграм арнаға сүйенді. Түске дейін жап-жақсы жұмыс істеп тұрған бұл телеграм арна біраздан соң ашылмай қалды. Баймақта WhatsApp желісі де бұғатталды. Оның сыры кейін белгілі болды. Ескертуге құлақ аспаған елді полиция күштеп таратпаққа әрекеттенген. Көзден жас ағызатын газ шашып, граната жарған күштік құрылым қызметкерлеріне башқұрттар қар лақтырып, қарсылық көрсетті. Саны басым демесеңіз, бес қаруы сай, резеңке таяғын оңды-солды сілтеген ОМОН жасағына кәрі-құртаң мен әйелдер бұйым болып па, бір сағатқа жетер-жетпес арпалыстан соң жағдайды түгел бақылауға алды. Жиырмаға жуық адамды ұстап, автозакка салып әкетті. Қалғаны газға тұншығып, көзінен жас парлап, таяқ өткен еті ауырсынып, өзара улап-шулап қала берді. Бір жағынан күннің суығы да қысып, бесін ауа жұрт тарауға мәжбүр болды. Фаиль бостандыққа шықпады, Хабиров қызметінен кетпеді.
УФАДАҒЫ ҚАРСЫЛЫҚ
Баймақтағы полиция мен тұрғындардың тартысы аяқсыз қалған жоқ. Екі күннен соң 19 қаңтарда Башқұртстан астанасы Уфа қаласында мыңға жуық адам орталық алаңға, башқұрттардың ұлт батыры Салауат Юлаев ескерткішінің жанына жиналды. Юлаев – 1773-1775 жылдары Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқан, оның жетекшілерінің бірі болған тұлға. Мына соңғы наразылық акциясын да уфалықтардың дәл сол батырдың ескерткіші жанында өткізуінде жасырын сыр жатса керек. Юлаев патшаға қарсы шықса, соңғы жылдары башқұрттардың бас көтерері атанған Фаиль Алсынов түрлі қарсылық акцияларын ұйымдастырып, Путиннің саясатына сәйкеспейтін лозунг көтеріп жүрген белсенді еді.
Уфадағы наразылық акциясын Кремльге қарсылық деп кесіп айтуға келмейді. Жиналғандардың ішінде арқасына «қара халық» деген жазу жапсырған бір әйел мен өзгелерден гөрі көзге көбірек түсе берген бір ер адам ұсталды. Жай серуендеп жүргенін айтқан мыңға жуық өзге жұрт полицияның үркітіп-қорқытуына көп шыдас бере алмай, тарап кетті. Бір адамға араша түсу әрекеті болса да, бұл башқұрт халқының түпсанасында бостандыққа деген ынтызарлықтың, азаттыққа деген аңсардың барын аңғартып қойды. Башқұрт тілі мен мәдениетінің жұтылып бара жатқанына қатты алаңдайтындарын айтып, мәселенің тым тереңде жатқанын меңзеп, негізгі проблеманың шетін шығарғандар да болғанымен ұр-тоқпақтан қауіптенген ел табандап тұра алмады.
Баймақта және оның ізін ала Уфада болған наразылық акцияларын Кремль «жаппай тәртіпсіздік деп есептемейді» деді президент Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Бірақ Песковтың қалың мұрт басқан аузынан шыққан уәж құзырлы органдарға керісінше естілсе керек, «жаппай тәртіпсіздік» бабымен іс қозғап, ұсталғандарды жауапқа тартуға кірісіп кетті.
АЛСЫНОВ ПЕН ХАБИРОВТІҢ ТЕКЕТІРЕСІ
37 жастағы Алсынов Башқұртстан аумағында ұлтшыл-либерал ұстанымымен ұзақ жылдардан бері танымал адам. Университет қабырғасында жүргенде 2008-2014 жылдары «Көк бөрі» деген топқа қосылып, оның жетекшілік деңгейіне дейін көтерілген жігіт. Алсыновпен бірге топты басқарған Руслан Габбасовтың (қазір шетелде тұрады – ред.) «Башқұрт ұлтшылының жазбалары» деген естелік кітабында «Көк бөрі» орыс скинхедтеріне қарсы табанды тойтарыс берген ұйым болғаны көрсетілген. «Көшеде орыс ұлтшылдарымен шартпа-шұрт айқаса кететін едік, кеудемізді бастырмадық» деп жазады Габбасов. Оның естелігінде, «Көк бөрі» жай ғана көше жігіттерінің тобынан башқұрттардың ұлттық мүддесін көздейтін, саяси мәселелерді талқылайтын, башқұрт тілі мен мәдениетін насихаттауды қолға алған қозғалыс деңгейіне дейін көтерілгені айтылады. «Сондайда бәрімізден ерек көрінгені Фаиль. Ол таза башқұрт тілінде сөйлейтін және әр сөзі жүректерге жететін» деп сипаттайды. 2014 жылы Алсынов та, Габбасов та «Көк бөрі» тобынан шығып, «Башқұрт» деген бөлек ұйым құрады. «ВКонтакте» желісіндегі парағында кемі 60 мың жазылушы болған бұл парақ арқылы башқұрт мәдениеті мен тілінің мәселесін насихаттаған. Парақ бетінде Кремльге бағытталып бірнеше үндеу де жариялаған. Онда Башқұртстанды шыққан тегі башқұрт адамдарының басқаруын, сырттан ешкімді тағайындамауды талап еткен және Башқұртстан аумағындағы алтын-күміс, мұнай сынды қазба байлықтың бәрі башқұрт халқының меншігі боп танылуы керек деген.
Фаильдің есімі ақпарат құралдарында жиі аталып, көзге көбірек түскен кезі башқұрт жеріндегі Күштау аталатын төбешіктен алтын өндіруге келгендерді қуып шыққан 2020 жыл еді. Башқұрт халқы үшін бұл төбешіктің рухани мәні жоғары. Бұл өңірде Күштау, Орақтау, Торатау және Шахтау деген төрт ірі төбешік бар. Өздері оны тау санайды. Оның соңғысы Шахтауды 1950 жылдары әк қазып, жермен-жексен еткен. Қазір оның орнында шалшық су ғана қалған. Ал басқа үш төбешікке ондай тағдырды қимаған башқұрт жұрты оларды қазуға, бүлдіруге қарсы. Алайда жергілікті биліктің жоспары басқа. Геологтар төбешіктердің бірі Күштаудың қойнауы алтынға бай екенін анықтаған. 2019 жылы Башқұртстан билігінің келісімімен осы тау игерілу керек болады да, бір компания ауыр техникаларын сүйреп, Күштауға жетеді. Осы сәтте башқұрт халқы да бас көтеріп, карьер қазуға жол бермеуге тырысады. Бір жылдан аса арпалысып жүріп Күштауды арашалап алады. Башқұртстан басшысы Радий Хабиров халықтың талабына амалсыз келісуге мәжүр болады. Бірақ ол тауды қорғағандарды «экстремист» етіп көрсету үшін қаралау науқанын жалғастыра берді. Осы жолда жүзден аса адам ұсталып, әкімшілік жазаға тартылып, 10-15 күнге қамалып, айыппұл арқалап, әбден қуғынға ұшырады. Арасында «Башқұрт» ұлтшыл қозғалысының жетекшісі Фаиль Алсынов та бар. Наразылық акцияларын ұйымдастыру кезінде алдыңғы шепте жүрген «Башқұрт» ұйымын сот 2020 жылы «экстремистік ұйым» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салды және әлеуметтік желідегі парақтарының бәрі бұғатталып, жабылады. Содан бері Алсынов құзырлы органдардың жіті бақылауында.
Алсынов сонда да айылын жимады. Алтын іздеген ірі компаниялар да Башқұртстанды шарлауын жалғастыра берді. Ақыры билік пен халық 2023 жылдың сәуір айында Башқұртстанның Баймақ ауданында тағы текетіреске түсті. Алтын өндіруші компаниялар тағы бір ауылдың іргесін қазуға кірісті. Бұған тағы да баймақтықтар наразылық білдіріп, күнде жиын өткізіп, кеңес құрды. Сондай кеңестердің бірінде Алсынов көп алдында Украинадағы соғысқа башқұрт азаматтарының көптеп кетіп жатқанын, жерді қорғайтын адам қалмағанына қынжылады. Ұзақ сөзінің арасында сырттан келетін мигранттардың жергілікті халықтың ертеңін ойламайтынын айта келе «қара халық» деген тіркесті қолданады. Көптен бері аңдып, қапысын таба алмай жүрген жергілікті билік осы сөзден «ұстайды». Сөйтеді де Башқұртстан басшысы Радий Хабиров «Алсынов өңірде қара жұмыс істейтін армяньдарды «қара халық» атап, ұлтаралық араздықты қоздырды» деп сотқа арыз жолдайды. Алсынов айыпты мойындамайды. «Қара халық» тіркесі біреудің түсі немесе түрін емес, «қарапайым ел» мағынасындағы жалпылама сипаттаушы мәнде айтылғанын алға тартады. Оның аргументтерін әлсіз деген сот Алсыновты төрт жылға түрмеге жібереді.
Өткен аптада Баймақтағы нарызылық акциясында халықтың «Хабиров кетсін» деген талап қоюы да осыдан. Жұрт «Хабиров Алсыновтан кек алғысы келеді» деп есептейді. Хабировтің өз «шындығы» бар. Ол – Алсынов бастаған белсенді топты «Ресейді іштен ірітуді көздеген, шетелден басқарылатын арандатушы топ» етіп көрсетуге тырысады. Халық пен полицияның қақтығысын жергілікті биліктің кемшілігі екенін мойындаған Хабиров Алсынов тобын «әсіредіншіл», «ұзын сақалды салафиттер» деп кінәлайды.
РЕСЕЙ ЫДЫРАЙ МА?
Алсыновқа үкім шыққан сәтте башқұрттың танымал әншісі Алтынай Валитов «Башқұрт халқы өз батырын қорғау үшін көтерілді» деп, наразыларды қолдап, видео жариялады. Ол видеода «мемлекеттік пропаганда бәрімізді орыс деп атайды. «Бәріміз – орыспыз» деген ұранмен башқұрттарды Украинадағы соғысқа жіберіп, қырып жатыр. Бірақ біз – орыс емеспіз. Сандаған ғасыр тарихы, өзінің жеке тілі мен жері бар башқұрт халқымыз» деген. Осы үндеудің ертеңінде Валитовтың Уфадағы үйіне полиция келген. Содан бері әншіден хабар жоқ.
Журналистердің, түрлі сарапшылардың бағалауынша, өткен аптада Башқұртстанда болған халық толқуы Ресейдің Украинаға басып кіргенінен бергі билікке ең ірі наразылық акциясы. Украиналық басылымдар көбірек жазып, түрлі саясаттанушыларға талқылатты. Көбінің келісетін ортақ пікірі – «ерте ме, кеш пе Башқұртстан Ресейден бәрібір теңдік сұрайды». Украина ресми билігі де соғыс басталғалы бұл нарративті жиі қайталайды. Былтыр көктемде Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резников (қазір министр басқа адам – ред. ) «майдан даласына балаларыңды жібермеңдер, орыстардан гөрі сендер көбірек қырылып жатсыңдар, тұқымдарың таусылып қалатын болды» деп, арнайы үндеу жолдаған. Ол алдағы бірнеше жылда әбден әлсіреген Ресейден құрамындағы ұлттар егемендік алып шығатынын болжаған. Тіпті соғыс басталған соң көп ұзамай Украина парламенті Башқұртстан тәуелсіздігін мойындайтыны туралы құжат та дайындап қойған.
Башқұртстанда бейбіт халықты күшпен басқан полиция әрекетін ресейлік саясаттанушы Аббас Галямов «жүрекке жара салу» деп бағалайды. Өзінің телеграм арнасына жазған пікірінде ол: «Алсынов — кездейсоқ тұлға. Оның орнында басқа кез келген адам болуы мүмкін еді. Бұл жерде кім болғаны маңызды емес. Наразылыққа халықтың ішінде жиналған ашу-ыза мен режимнің әлсірей бастағанын сезуі себеп болып отыр», – дейді 2010-2014 жылдары Башқұртстан басшысының бас көмекшісі болған Галямов. Сөзінше, башқұрттардың жуық арада тәуелсіздікке қолы жетпейді, бірақ «соңғы оқиғалар еркіндікке деген ұмтылыстың дәні егілгенін көрсеткен». Совет одағының ыдырауын мысалға келтірген ол башқұрттар, татарлар мен сібір халықтары соғыстан әбден қалжыраған Ресейден теңдікті күреспей-ақ алуы мүмкін. Украиналық саясаттанушы Виктор Андриусов «Башқұртстандағы наразылық Путин жүйесіне аса қауіпті емес» деп есептейді. Оның айтуынша, Ресейде қандай да бір төңкеріс етектен емес, құзар шыңнан басталады. «Халық өзін қор сезініп отыр. Сондықтан наразылық этникалық cипат алып барады. Өйткені адамдарда өз мүддесін қорғайтын заңды құралдар жоқ. Ашық сайлау, тәуелсіз ақпарат құралдары, әділ сот, бейбіт наразылыққа шығу құқығы сияқты конституциялық кепілдемелер жоқ» – дейді ресейлік саясаттанушы Дмитрий Орешкин. Орешкиннің пікірінше, халық бәрінен де Украинадағы соғысқа наразы, өйткені негізгі ауыртпалық – Дағыстан, Бурятия, Тыва, Башқұртстан мен Татарстанға түскен.
Айтпақшы, Алсынов 21 қаңтар күні сыртта өзіне араша түскен жақтастарына Челябинск облысы Магнитогорск қаласындағы тергеу изоляторынан хат жазды. «Хабиров бәріңді оп-оңай экстремист қылып шығарады» деген ол башқұрт тілінде жазылған хатында елді арандап қалмауға, заң талаптарын сақтап, тәртіпке бағынуға шақырады және «мен үшін қан төкпеуді сұраймын» деген.
Айгүл Баба