Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:55, 18 Наурыз 2022

Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет мүддесін биік қою керек

None
None

Кез келген дамыған немесе дамушы мемлекеттердің алдында тұрған ең үлкен мәселенің бірі – бұқаралық ақпарат құралдарының қуатты болуы.

Баспасөзі қуатты елдің өзі де зор. Себебі, қазақ «сөзі мықтының өзі мықты» деп бекер айтпаған. Сондықтан Жаңа Қазақстанның алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту.

БАҚ-ты дамыту үшін не істеу керек? Бұл өзі тақырыптық ауқымдылығы кең сауал. Әрине, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту үшін ең алдымен сөз бостандығының болуы міндетті. Сөз бостандығына тұсау салатын, цензурасы бар мемлекет баспасөзінің дамымайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да ашық айтты.  

Бүгінде баспасөз үлкен билікке ие. «Төртінші билік» деп айтылуы содан. Бірақ соңғы жылдары газет-журналдар мен сайттардың қызметін әлеуметтік желі ауыстырып барады. Сол үшін баспасөз бәсекеге қабілетті болуы керек. Әлеуметтік желі газет пен сайттар сияқты мәселені жан-жақты қамти алмайды. Ол жағынан мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне, біздің елде әлі күнге дейін ауыл-аймақтар интернетпен толық қамтылмаған. Сондықтан, газет-журналдың ғұмыры әлі де ұзақ болатыны анық. Біреулердің газет өледі деген байбаламына әлі ерте. Ауыл тұрғындарының бәрі дерлік ұялы телефоннан немесе компьютерден сайттарды қарап, әлеуметтік желіден ақпарат оқып отырған жоқ. Елу жастан асқан қазақстандықтардың мүмкіндігі электронды БАҚ-ты қарауға қауқарсыз екенін ұмытпағанымыз жөн. Сол үшін отандық баспасөзді дамыту үшін ауыл-аймақты әлі де газет-журналмен қамтамасыз ету, газет оқытуды қайтадан жолға қою керек. Кітап қана емес, күнделікті газет-журнал оқып тұру – жастарды сауаттылыққа тәрбиелейді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс» — деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отандық баспасөзді дамытудың бірден-бір жолы – баспасөздің өз көзқарасы болуы керек деген сөзі. Дұрыс, баспасөздің ел ішіндегі және әлемдегі кез келген оқиғаға, үрдістерге өзінің пікірі болуы керек. Өйткені, қазіргі уақытта әлемде ақпараттық соғыс қатты жүріп жатыр. Оның алдын алу – баспасөздің өз пікірінің болуы. Содан кейін кейбір мемлекеттердің пропагандасына қарсы тұру үшін де отандық баспасөз қуатты болуы, ақпаратты жедел тарата алуы, сауатты саяси немесе экономикалық сараптамалар мен талдаулар жасай білуі қажет.

Отандық БАҚ-ты дамытудың тағы бір пайдасы, мемлекет басшысы Жолдауда атап айтқандай, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Қ.Тоқаев «Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек» — деді. БАҚ-тың әуелдегі міндетінде «баспасөз халық пен билік арасына дәнекер болуы керек» деген жазылмаған ереже бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенде, ол осыны меңзегені даусыз.

Қазақстан Президенті «БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деді өз Жолдауында. Бұдан не түсінуге болады? Бұл мемлекеттің мүддесінен, қазіргі қазақ қоғамның сұранысынан, қазақ медиясының дамуынан туған дүние болса керек.

Әдетте журналистер өздері жазған материалға соншалық мән бере бермейді. Бірақ хатқа түскен дүние тасқа түскен таңбамен бірдей. Сондықтан, БАҚ не жазса да, жанашырлықпен, ұлт мүддесі мен мемлекет мүддесін биік қоя отырып жазуы керек! Әлдебір саяси топтардың ығында, кейбір елдердің пропагандасына еріп кетпеуі, әрбір журналистің немесе әрбір БАҚ-тың өзінің ішкі цензурасы, өзіндік пікірі болғаны дұрыс. 

Негізінен, Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі саяси, экономикалық, қоғамдық мәселелерді көтеруде еліміздегі БАҚ саласы қалыс қалған емес. Әлем алдында әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тарихямызды, құндылықтарымызды танытуда БАҚ-тың үлесі теңдессіз. Қазір ақпараттық технологиялар дамыған кезеғ екенін ескерсек, БАҚ саласының жетілуі біздің қоғам үшін өзекті. Ендеше осы саланың жүйелі жұмыс істеуі үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай БАҚ-тың жүйелі әрі сапалы жұмыс істеуі қай кезде де өзекті.    

Тегтер: