Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 25 Тамыз 2022

Бұқаралық спорттың болашағы зор!

None
None

Спорт — мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеретін көрсеткіш.

Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.  

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Мәселен, жақында ғана шахматшы қыздарымызды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдаған кездесуден соң Үндістанда өткен  44-ші шахмат олимпиадасында спортшы қыздарымыз  үздік нәтиже көрсетіп, ел үмітін ақтады.

Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар жасалуда.

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол!

Тегтер: