Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:50

Бурабайда жүздеген отбасы жерінен айырылуы мүмкін

1
Фото: скриншот

Ақмола облысындағы Бурабай курорттық аймағында жер дауына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр.

Бірнеше жылдан бері заңды түрде иеленіп, пайдаланып келген кәсіпкерлер мен тұрғындар жер телімдерінен айырылу қаупіне тап болғанын мәлімдеген.

Қазіргі таңда бұрын жасалған сатып алу-сату келісімдері сот арқылы қайта қаралып, мәмілелердің заңдылығы даулы мәселеге айналған.

Кәсіпкерлер не дейді?

Кәсіпкерлердің айтуынша, жер телімдеріне қатысты талап-арыздарды Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаменті беріп отыр. Ең алаңдатарлығы – талаптар тек жақында емес, көп жыл бұрын рәсімделіп, құрылысы салынып, пайдалануға берілген ғимараттарға да қатысты.

Кәсіпкерлер жерді заңды негізде сатып алғанын, барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеп, өз қаражатына құрылыс жүргізгенін және салықты тұрақты төлеп келгенін айтады.

Кәсіпкер Раушан Туранованың сөзінше, ол қонақүй нысанын салуға арналған жер телімін 2022 жылы үшінші тұлғалардан сатып алған. Нысан толық пайдалануға берілгенімен, қазір бұл мәміле сотта дау болып отыр.

Осыған ұқсас жағдайға кәсіпкер Валерий Калдыкин де тап болған. Оның айтуынша, жерді рәсімдеу мен рұқсат құжаттарын алу бірнеше айға созылған, барлық талаптар заң аясында орындалған. Алайда кейіннен меншік құқығы күмән астында қалған.

Заңгерлердің мәліметінше, жер иелері мемлекеттік органдардың талаптарын тек сот процесі басталған кезде ғана білген. Қазіргі таңда соттарда шамамен 100-ге жуық талап-арыз қаралып жатыр, ал тағы 1000-ға жуық жер телімі тексеру тізіміне енгізілген.

Заңгер Бауыржан Ақылбаевтың айтуынша, қорғау тарабы мемлекеттік органдар даулы аумақтардың нақты шекараларын айқын көрсетпегенін алға тартады. Ал кәсіпкерлердің пікірінше, меншік құқығынан айыру әрекеттері заңсыз.

Прокуратураның ұстанымы

Ал Ақмола облысының прокуратурасы бұл мәселеге қатысты басқа ұстанымда. Ведомствоның мәлімдеуінше, даулы жер телімдері бұған дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызылған. Кейін олар елді мекен жерлері санатына заң бұза отырып ауыстырылған.

Прокуратура ұлттық парк аумағындағы жерлер Қазақстан халқының ортақ меншігі екенін және оларды жекешелендіруге болмайтынын атап өтті. Осыған байланысты соттарға жер телімдерін ұлттық парк құрамына қайтару үшін талап-арыздар берілген.

Сонымен қатар кәсіпкерлер жағдайдың қалай өрбитініне алаңдаулы. Олар жер телімдері мемлекетке қайтарылғаннан кейін, бұл аумақтарда ірі коммерциялық жобалар жүзеге асуы мүмкін деген қауіптің барын жоққа шығармайды.

Тегтер: