Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:33, 02 Наурыз 2023

Бұралқы ит пен мысықтың мысы баспасын!

None
None

Құрметті редакция!

   

Бұрынғы «Лениншіл жас» қәзіргі «Жас Алаш» газеттерінің 1959 жылдан бері оқырманымын, қазір жасым 79-ға келді.

Содан бері 64 жыл өтті. «Жас Алашпен» бірге келемін. Маған ұнайтыны, газеттің уақытында ащы шындықты ешқандай бұрмалаусыз оқырмандарға жеткізуі үлкен жеңіс деп білемін.

Өкінішке қарай, біздің биліктегі атқамінерлер газет оқымай ма? Әлде ешқандай көңіл аудармай жүре бере ме?! Кешегі коммунистік партия басқарған уақытта газетте жарияланған сын мақалалар тексерілетін және жазалап, тиісті шара қолданатын. Сол заман құрдымға кеткендей. Менің негізгі мамандығым – жоғарғы білімді мал дәрігері. Еңбек жолымды аға мал дәрігері үлкен мал шаруашылығы дамыған, үлкен совхозда бас мал дәрігері болып, 15 жылға жуық еңбек еттім. Одан кейін, бөлімше басқарушысы партия-совет қызметкері, еліміз егеменді ел болып, еңсемізді түзегенде ауыл әкімі болып, еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Яғни 40 жылға жуық ауыл өмірін бір адамдай білемін. Мені толғандырып отырған мәселе – соңғы уақытта еліміздегі бұралқы иттердің және мысықтардың шектен тыс көбейіп, соның кесірінен адамдарға, малдарға шабуыл жасап, оның арты қайғылы жағдайға тиіп отыр. Өкініштісі, біздің биліктің ешқандай ақылға сыймайтынын заң қабылдауында деп түсінеміз. Және қара халықтың менталитетімен санаспай, қоғамдық тыңдау жасамай, жаза салған заң ба дейміз. 

      Дамыған елдерден қалмаймыз деп, ақылға сыймайтын заң қабылдап алдық. Өкініштісі көптеген қаржы бөліп, питомник ашып, оны ұстау үшін жұмыс орнын ашып, қыруар қаржы желге ұшуда. Сол қаржыны көшелерде, базарлардың алдына қайыр сұрап отырған адамдарға неге тамақ қылып бермеске? Оларда адам баласы ғой, көпшілігі қандастарымыз. Кешегі келмеске кеткен кеңестер одағында қаңғыбас иттер мен мысықтар атылып, көздері жойылатын. «Отстрел бродячих собак и кошек» деген қатаң заң болды. Соның арқасында адамдарға және малдарға иттердің шабуылы жайлы естімедік. 

   Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жаңадан сайланған депутаттарымыз парламент және құрамы жаңарған еститін үкімет Жаңа Қазақстанда халыққа тиімді жаңа заңмен бастасақ. Яғни бұрынғы заңды қайта қарап, өзгертулермен толықтыру енгізіп, заң қабылдар деп сенеміз. 

    Құрметті редакция, бұл менің жеке пікірім. Енді осы туралы оқырмандарымыз, қоғам белсенділері, зиялылар, мамандар не айтар екен?! Олар қандай пікірде? 

             Игі тілекпен: Амангелді Камашев,

   мемлекеттік қызмет ардагері 

             

Тегтер: