Burger King Kazakhstan төңірегіндегі жанжал: тексеріс қызметкердің сөзін растады
Алматыда Burger King Kazakhstan желісіне қатысты жүргізілген тексеру аяқталды. Тексеріс нәтижесінде қызметкер Әлібек Қаратайдың шағымында айтылған фактілердің дұрыс екені анықталды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жоспардан тыс тексеруді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаменті жүргізген.
Қандай заңбұзушылықтар анықталды
Тексеру барысында жұмыс беруші – «QSR» ЖШС тарапынан еңбек заңнамасының жүйелі түрде бұзылғаны белгілі болды. Атап айтқанда:
қызметкерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұсталымдар жасалған;
жалақыны жүйелі түрде кешіктіру фактілері тіркелген;
нақты жұмыс уақыты дұрыс есептелмеген;
мереке және демалыс күндері жұмыс істегені үшін үстеме ақы төленбеген;
ауысым кестесі қызметкерлерге заңда белгіленген мерзімде берілмеген.
Сонымен қатар, компания қызметкерлерді арнайы жұмыс киімімен, жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етпегені және еңбек қауіпсіздігі бойынша міндетті нұсқаулықтан өткізбей жұмысқа жібергені анықталған.
Қандай шаралар қабылданды
Тексеру нәтижесінде:
компанияға барлық заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқама берілді;
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды;
еңбек инспекторлары жағдай толық түзетілгенше бақылауды жалғастырады.
Бұл оқиға 2026 жылдың ақпанында әлеуметтік желідегі жазбадан кейін қоғам назарын аударған. Әлібектің анасы Жанат Қаратай Threads желісінде ұлының Burger King мейрамханасында 4 жыл жұмыс істегенін, бірақ жаңа аймақтық басшы келгеннен кейін оған қысым жасалып, жұмыстан кетуге мәжбүрлегенін жазған.
Жазбадан кейін бұрынғы және қазіргі қызметкерлер де еңбек құқықтарының бұзылғанын айтып шыққан, әлеуметтік желілерде талқылау басталған.
Қоғамдық қысымнан кейін компания ішкі тексеру жүргізіп, екі шетелдік басшыны жұмыстан шығарды.