Бұрынғы «қаржы полициясының әмияны» атанған Талғат Махатов тағы да сотталды

Белгілі болғандай, Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 соты оны алаяқтық, қаруды заңсыз сақтау және билік өкілдеріне қорқыту айыптары бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Онымен бірге сот алдында Владимир Мальцев, Наталья Кобзеева және Жанна Масимова да жауапқа тартылды. Олар 5 жылдан 6 жыл 8 айға дейінгі мерзімге сотталды. Мальцев пен Кобзееваның жазасы амнистияға байланысты тиісінше бестен бір және үштен бір бөлігіне қысқартылды. Ал ҰҚК экс-төрағасының фамилиясын иеленген Масимова мен Махатовқа бұл жеңілдік қолданылған жоқ. Керісінше, Масимова бұрын да алаяқтық үшін сотталғаны ескеріліп, рецидивист деп танылды.
Іс бойынша толық мәліметтер әзірге жарияланбаған. Бірақ бізге белгілі болғандай, Махатов пен Мальцев «алдын ала сөз байласу арқылы, бір топ адаммен, аса ірі көлемде, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен өзгенің мүлкін иемденді» деп танылған. Жәбірленушілер саны – кемінде төртеу.
Сот үкіміне сай, сотталғандар сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлерді іздеп, олармен байланыс орнатқан. Негізінен Қытайдан тауар импорттап, сол жаққа ақша аударуға мұқтаж кәсіпкерлерге жалған SWIFT төлем құжаттарын ұсынып, Қытайға аударылған қаржының баламасы ретінде қолма-қол ақша бергендей кейіп танытқан. Іс жүзінде олар миллиардтаған теңге иемденген, бұл сомалар азаматтық талаптарда көрсетіліп, судья Селицкий (фамилиясы таныс болуы мүмкін) олардың көпшілігін қанағаттандырған.
Махатовтың бұл алаяқтық істері ҰҚК қызметкерлерінің «қамқорлығымен» жүзеге асқан деген күдік те жоқ емес. Бұл қызметкерлердің кейбірі Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған болатын. Айтпақшы, бұл Талғат Махатов үшін үшінші үкім. 2023 жылдың тамызында ол кеденші Медет Жамашевты тапсырыспен өлтіргені үшін 20 жылға, ал 2025 жылдың басында «Искаков-Джумагельдиев ісі» бойынша 15 жылға сотталған. Енді сот барлық үкімдерді «жиынтықтап», «Бетон-Санычты» орташа қауіпсіздік мекемесінде 24 жылға бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, Махатов алғаш рет 2022 жылдың наурызында алаяқтық бойынша күдікпен ұсталған. Сол кезде жәбірленушілер қатарында ескі Қазақстаннан «жаңаға» дер кезінде көшіп үлгерген ықпалды адамдар да болғаны айтылады. Кейін оған қатысты басқа да қылмыстық істер қозғалған. Бұл процестердің бірі 2025 жылдың басында Медеу аудандық сотында басталған.