Бұрышқа тақап тепкілеген: Қызылордада мұғалім оқушыны ұрды деп айыпталып жатыр
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылындағы №223 мектептен шу шықты.
Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 3 сынып оқушысын ұрды деп айыпталып жатыр. Қазіргі уақытта құзырлы мекемелер тиісті тергеу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Оқыс оқиға дене шынықтыру сабағы үстінде орын алғанға ұқсайды. Ата - ананың жанайқайын жаңақорғандық блогер Сандуғаш Тұрлыбекова өзінің Facebook парақшасында жариялаған. Шағымданушының айтуынша, оқыс жағдайды үлкен қызы көріп қалған. Ол інісін мұғалім ұрғанын айтып, дереу анасына хабарлаған.
"Спортзалда екі сынып сабақ өтіп жатқан. Үшінші және төртінші сынып. Менің үлкен қызым інісін ағайы ұрып жатқанын өз көзімен көрген, сыныптастары да куә. Бұрышқа тақап тұрып ұрыпты. Бұл не сұмдық. Негізінен бұл ұстаздың мамандығы "Технология пәнінің мұғалімі". Бұл кісі қалай дене шынықтырудан беріп жатқаны бізге түсініксіз", - дейді Жансая Батырбекова.
Осы жағдай бойынша аталмыш мектеп әкімшілігімен хабарласқан болатынбыз. Оқу орнының басшысы мұғалімнің дене шынықтыру пәнінен сабақ өтуге тиісті мамандығы бар екенін жеткізді.
"Бұл мұғалімнің 30 жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибелі ұстаз. Ешқашан ата - ана тарапынан шағым болмаған. Қазір анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары қызметкерлері де араласуда", - деді мектеп директоры Шамсуддин Бекназаров.
Директордың айтуынша, ата-ана мен мұғалім өзара татуласып, келісімге келіпті.
Айнұр Төлешова