Burning Man.Невададағы Ресей атқан оқтың ізі
АҚШ-тың Невада штатында, Black rock (Қара тас) жазығында дәстүрлі түрде өтетін Burning Man (Өртке оранған адам) атты дәстүрлі фестиваль бар.
Фестивальдің ғұмыр-жасы аса ұзақ емес – 1986 жылдан бастау алады. Сонысына қарамай, бұл фестивальдің ауқымы кең – былтыр 72 мың адам қатысқан. Билет құны да өте қымбат –3000 АҚШ долларына дейін жетеді. Бұл сіздің қатысуға алған рұқсатыңыз ғана, ал қалған шығынды (жол, ас-ауқат, жатын орын, т.б.) түгелдей өзіңіз көтересіз.
Бұл бейресми фестиваль деп аталып кеткенмен, оның нақты бір форматы, шарты жоқ. Онда бір ғана ереже бар – ішкі әлеміңді ашу, өзіңді көрсету, кез келген адаммен қоян-қолтық араласып, кірнесіз сөйлесіп, барынша көңілді жүру. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген барлық қатысушылар бірге туған бауырдай бір-біріне жылы қабақ танытады, бір-біріне сыйлық береді.
Бұл заманауи өнер, сән көрмесі деуге де болады. Онда архитектурадан бастап мүсін өнері, киім үлгісі, образ жасауға дейін барлық өнер туындылары көрсетіледі. Мәселен, бірнеше адам бірігіп, команда құрып, ерекше архитектуралық туынды жасайды; жалғыз адам өзінше образ жасап, өзіне көңіл аудартуы мүмкін. Мұнда адамдар жатын орынға деп ыңғайлаған шатырларының өзін ерекше үлгіде – ешкімнің ойына келмеген заттардан құрап, ешкім ойламаған архитектуралық шешіммен тігуге тырысады.
Black rock жазығында жыл сайын тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында 8 күн бойы қара құрым адамға толады және үлкен, ретімен салынған қалаға айналады. Сосын, ештеңе болмағандай, қазақша айтқанда, жылан жалағандай, тым-тырыс бола қалады. Себебі ең соңғы күні бұл жерде тігілген үйлер мен өнер туындыларының көбі өртке оранады. Ал өзгесі бүгінгі еркін шығармашылық адамдарының туындысы ретінде келген жағына кетеді. Қатысушыларға қойылатын ең басты талап та – артын тазалап кету.
Фестивальде сауда жасалмайды, ұсақ-түйек заттар сатылмайды, азық-түлік саудаланбайды. Бәрін өзіңіз ала баруыңыз керек. Киім-кешек те, ас-су да, көрпе-жастық та, бәрі өз есебіңізден. Жайма базардан сатып ала салам, дүкенге кіре салам деген түсінік жоқ. Әлбетте, 40º ыстықта көпшіліктің суы бітіп қалуы мүмкін, құмнан, күннен қорғайтын көзілдірігі сынып қалуы мүмкін, шамдарының батарейкалары таусылуы, одан өзге де керекті заттары болмай қалмай тұрмайды. Мұндайда, қорқатын, қысылатын дәнеңе жоқ, кез келген «үйге» кіріп, кез келген «бауырыңнан» керегіңді сұрай аласың. Мұнда ең болмаса айырбас сауда (бартер) да жоқ – тыйым салынған. Артығы болса бересің, болмаса, әйтеуір біреуден табылады. «Сыйға – сый, сыраға – бал» түсінігі де жоқ деуге болады, өйткені онда сіз берген затыңызға, істеген қайырыңызға ешқандай қарымта күтпеуге тиіссіз. Фестивальдің философиясын да осыдан шығаруға болады – былайғы өмірде қалыптасқан нормаларды бұзу. Әрине, мұнда нормадан аттау деген ойыңа келгенді істеп, азғындыққа салыну емес, керісінше, 8 күн бойы қалыпты өмірден демалып, еркіндікте өмір сүруге ұмтылыс. Өз болмысыңа жақындау. Бұл фестивальге қатысушыларды ұйымдастырушылар «Үйіңе қош келдің!» деп қарсы алады. Осының өзі-ақ біраз нәрсені аңғартса керек.
Енді Burning Man-нің тарихына аздап тоқталсақ. Тарих дейтіндей, философия дейтіндей, сондай бір терең мәнін тап басып көрсетіп берген ешкім жоқ. Бәрі кездейсоқтықпен астасады дейді. О баста Сан-Францискода, көлдің жағасында жатқан екі жігіт Ларри Харвей мен Жерри Жеймс 2,5 метрлік адамның сұлбасын жасап шығады. Адам сұлбасы болғанда, кәдімгі тұлып, қарақшы (чучело). Сосын, оны өртейді. Оны Сан-Францисконың жиырма шақты адамы (бір деректерде 35) тамашалайды. Қуана қол соғады. Сосын, келесі жылы дәл сол уақытта бұл жағдайды тағы қайталайды – әлдеқайда көп адам жиналса керек. Сөйтіп, «адам өртегіштердің» көбейгені сондай, бұл дәстүрге айналып, ақыры, 1990 жылы Сан-Франциско билігі тоқтау салуға мәжбүр болады. Қатары мыңдаған адамға артқан фестивальдің ұйымдастырушылары ойлана келе Невада штатындағы атақты Black rock шөлін таңдайды. Бұл өте дұрыс шешім болды, себебі осы күні фестивальге қатысушылардың саны 70 мың адамнан асып кетті. Биылға 100 мыңдық орын сайланыпты.
Осы күндері Burning Man өтіп жатыр. Дәстүр бойынша тамыз айының соңғы дүйсенбісі мен қыркүйектің алғашқы дүйсенбісі аралығында өтеді. Алғашқы күні от шашумен басталып, соңғы күні биік ағаш адамды (қазіргі биіктігі 30 метрге жеткен) өртеумен аяқталады.
Фестиваль ешқандай ұран көтермейді, ешқандай мәлімдеме жасамайды, бағдарламасын ешкімге, ешқандай оқиғаға арнамайды. Қаржылық демеушілері де жоқ. Ұйымдастырушылар да, қатысушылар да волонтерлар. Соған қарамастан, биыл бұл фестивальде бір инсталляция ерекше көзге түсті. Украиналық Алексей Сай ұзындығы – 32 метр, биіктігі – 7 метр, салмағы 10 тонналық инсталляция құрапты. Ол Украинадағы жол белгілерінен құралған I'MFINE :) деген жазу. Жол белгілерінің бәрінде оқтың, снарядтың ізі бар. Украина халқы осы арқылы, осы фестивальдің арқасында Украина-Ресей соғысына көзі үйреніп, немқұрайлы қарай бастаған әлемді өзіне тағы бір жалт қаратты деуге болады. Өзімен-өзі өтіп жататын, қандай да бір құндылыққа қысып тастауға ұйымдастырушыларының өзі қарсы екенін айтқан бұл фестивальге әлем осы бір арт-объект үшін ерекше мән беріп жатыр. Соған қарағанда, бұл фестиваль уақыт өткен сайын мәні мен ауқымын кеңейте түсетін сияқты.
«Ұйықтамай түс көргендей боласың» дейді қатысушылар. Ақылға сыймайтын ғажайыптарды жасауға құмар өнерпаздар мен оның көрермендері жыл сайын артып келеді. Ұйымдастырушылар қайырымдылық шарасымен айналысып тұрады.
Айтпақшы, бұл фестивальдің билеттері санаулы сағаттар ішінде сатылып кетеді. 2011 жылдан бері биыл тұңғыш рет билеттері түгел сатылмай қалыпты. Бұған дейін коронавирус кезінде фестиваль онлайн өткен.
Олжас Сламжан