Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:35, 22 Желтоқсан 2022

Бұрынғы теңізшілердің бүгінгі күйі

None
None

Қызылорда облысынан талай боздақ Ұлы Отан соғысынан бастап, Ауғанстандағы ұрыс-қимылға, 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған шекарасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейтуге, 1968 жылы Чехословакиядағы жалынды, Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысты.

Сондай-ақ Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысты. Оларға дерлік арнайы мәртебе беріліп, ардагерлер санатына жатқызылды. Бірақ бұл санатқа 1986 жылы Иран мен Ирак соғысы кезінде Парсы шығанағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан теңізшілер жатпады.

Осы ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер қатарына енбеген қызылордалық әскери флот ардагерлері елеусіз қалғандарына қамығады. Олар Отан алдындағы борыштарын теңіздегі әскери қимылдарға арнағанмен, бүгінде я жергілікті билікке, я жоғарыға керек болмай қалдық дейді.

1-ші рангтік фрегатпен үш жыл бойы 3 мұхит пен 7 теңізде жүзген Бақытбек Жаханов Кеңес заманында ауыр тапсырмаларды орындауға атсалысқан. 1986 жылы Иран мен Ирак соғысы кезінде Парсы шығанағындағы әскери қимылдарға қатысқан ол сол бір ауыр кезеңді тебіреніспен еске алады. Ол кездегі жас сарбаздың міндеті азаматтық кеме, танкерлерді күзету және олардың кедергісіз қозғалуына қауіпсіз жол ашу. Толқыны тулаған теңіздегі талай крейсерлердің шайқасына куә болған жауынгер бүгінде ардагер мәртебесін ала алмай жүр.  

– 2020 жылы 6 мамырда Қазақстанда ардагерлер заңы шықты. Ол заңға 4 категория кіреді: тәжік-ауғандар, таулы Қарабақ, Ирак пен Чехословакия. Ол жерге Парсы шығанағындағы әскери қимылдарға қатысқан жауынгерлер қосылмады. 2019 жылдың желтоқсанынан бері мәжіліс, сенат депутаттарына, Қорғаныс министрлігіне, Еңбек министрлігіне жазғанмын. Әзірге ешқандай нәтиже болмай тұр, – дейді әскери теңіз күштерінің ардагері Бақытбек Жаханов.

Арал ауданы Аманөткел ауылының тұрғыны Бақыт Ізбасқанов та Парсы шығанағын минадан тазалауға үлес қосқан сарбаздың бірі. Қауіпті әскери нүктелерде борышын өтеген ол кеме тұмсығында айдын бетін жіті бақылап, жарылғыш затты алыстан аңдап, өз қолымен қалқымалы 3 минаны жарып жіберіп, әріптестерін ажалдан аман алып қалған.

– Таңертеңгі 6-ның кезінде америкалық танкер жарылды. Ол бізге жақын жерде болды, қауіп төнді. Әйтеуір жан-жақтан азаматтық буксерлер келіп, тартып алып кетті. Теңіздегі бұндай оқиғаларды Қазақстанда ешкім білмейді, – дейді әскери теңіз күштерінің ардагері Бақыт Ізбасқанов.

Соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетілгенін тәжік-ауған шекарасын күзеткендер де қалайды. Қазақстанның ержүрек ұландарының есімі бізден гөрі көрші елдерде көбірек еленетінін айтады.

– Тәжік-Ауған шекарасында болған қазақстандық азаматтардың ерлігі әрқашанда ел есінде қалсын деп, Душанбе қаласында көше мен мектептің аты берілген. Бұндай құрмет Қызылордада болғаны жөн деп ойлаймын. Қатарымызда жүріп опат болған жерлестеріміз Жақсылық Жансүгіровке, Қанат Есетовке, Ержан Әбиевке көше, мектеп аттары берілсе, елеусіз қалмас еді, – дейді облыстық тәжік-ауған ардагерлері одағының төрағасы Марат Орынбайұлы.

Осылайша, Сыр бойындағы санаулы теңізшілер ардагер мәртебесін ала алмай жүр. Олардың ендігі үміті – президенттің пәрмені.

Тегтер: