«Бутаковканы» бұтақтап жатқандардың бетпердесі ашыла ма?
«Жас Алаш» газетінің 19 ақпандағы санында "Бай-манаптар енді «Бутаковканы» бұтақтауға көшкен бе?" деген мақала жарияланған болатын.
Мақалада алматылық байшікештердің «Бутаковка» шатқалын иемденуге әрекет жасап жатқаны жазылған-ды. Қазір Іле Алатауы паркінің құрамына енген, айрықша қорғалуы тиіс «Бутаковка» аймағында ерекше сәнді зәулім үй тұрғызылыпты. «Аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрайтын зәулім үй кімге тиесілі, неліктен бұл табиғат аумағына құрылыс жүргізіле бастады?» деген сауалдарға біз мақаланы жазу барысында жауап іздеп көрдік. Бірақ аталмыш аумақта құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан құрылысшылар барынша сыр алдырмауға тырысып бақты. Біз көлемі үлкен, әсем ғимаратты әу баста «шипажай немесе тағы басқа емдеу орталығына айналар» деп топшылағанбыз. Дегенмен нысан құрылысымен айналысушылардың айтуынша, бұл – жекеменшік үй. Анықтап білгеніміздей, зәулім сарай Әсет Бейсеуов көшесінде орналасқан. Үй құрылысын салу үшін арнайы тендер жарияланып, бірді-екілі емес, батпандай 20 фирма жұмысқа тартылыпты.
Аталмыш мәселеге қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген құқық қорғаушы Ермек Ниязбеков: «Бутаковкадағы» шыршалар еуропалық, олар 50 жыл бұрын егілген. 2019 жылдан бері «қатты желдің салдарынан топырақ босап, ағаштардың тамыры опырылғалы жатыр» деген желеумен «Бутаковкадағы» осы шыршалар кесіле бастады. Іле Алатауы паркіндегілер «өзге сау ағаштарды сақтап қалу үшін осындай әрекетке барып жатырмыз» дегенді айтады. Бірақ сол кезде «бұл үлкен құрылыс жұмысын жүргізу үшін дайындалып жатқан қадам емес пе» деп топшылағандар да болды. Міне, қазір сіздер құрылыс жұмысы жүргізіле бастағанын айтып отырсыздар. Бұған тоқтам болу керек. Бұл экологиялық апатқа апаратын құбылыс», – деген болатын-ды.
Біз де өз кезегімізде басылым арқылы «Бутаковканы» бұтақтауға көшкен кімдер?», «Жазғытұрым ел саясын паналайтын бұл табиғи аумаққа неліктен жекеменшік үй салынуы керек?» деген сауалды Алматы қаласының әкімдігіне және табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу департаментіне және экология министрлігіне жолдадық. Сондай-ақ «бір үйді салу үшін арнайы тендер жариялап, 20 фирманы құрылыс жұмысына жұмылдырған» деген ақпарат та сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің назарынан тыс қалмайды, құзыретті орган жауап береді деп үміттенгенбіз. Бірақ екі аптаның жүзі болса да, аталмыш ведомостволардан жауап жоқ. Тым-тырыс.
Сонда тиісті орындар қоғамдық пікірге селт етпей ме? Халықтың аманатын арқалаған басылым ретінде біз бұл мәселеге қатысты тиісті орындар алдағы күндері жауап берер деп үміттенеміз. «Бутаковканы» бұтақтап, құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан кімдер екенінің басы ашылып, айтылуы тиіс. Сондықтан аты аталып, түсі түстелген ведомостволардан әлі де ресми жауап күтеміз.