Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:22

«Бұтақты» визит-орталығы – табиғат пен туризм тоғысқан жаңа кеңістік

Іле Алатауы қлттық паркі
Досжан Балабекұлы

Биыл Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осыған орай жыл бойына 30 іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ең маңыздысы – «Бұтақты» визит-орталығының салтанатты түрде ашылуы болды.

      Табиғат аясындағы демалысты жаңа деңгейге көтеретін, экотуризмді дамытуға бағытталған ауқымды туристік жоба «Туранға Групп» компаниясы мен ұлттық парк арасындағы серіктестік негізінде жүзеге асырылса, Алматы қаласы әкімдігі тарапынан инженерлік желілер тарту жұмысы атқарылды. Жобаға салынған жеке инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрап, нәтижесінде 200 тұрақты жұмыс орны, сондай-ақ «Бұтақты» визит-орталығында 20 адам жұмыспен қамтылды.

       Жаңа нысан Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді. Мұнда туристерге сапалы қызмет көрсетіліп, келушілерге қажетті ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар, бұл орталық ұлттық парк аумағындағы туристік ағынды тиімді ұйымдастыруға ықпал етіп, өңірдегі экологиялық туризмді дамытуға жаңа серпін береді. Заманауи кешен келушілерге жайлы демалыс ұсынып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да үлес қосады. 

Бұтақты визит орталығы
фото: Досжан Балабекұлы

         Жобаның ашылу салтанатына арнайы қатысқан ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, Іле Алатау ұлттық паркінде ашылып тұрған 4-ші визит-орталығы  экологиялық туризмді дамытатын үлкен мүмкіндік.

«Елімізге табан тіреген туристер осы орталық арқылы ақпарат алады. Одан кейін саяхатын алдын ала жоспарлап, қауіпсіздік жағын ескере отырып өз бағытын айқындап алады. Сол сияқты бұрын-соңды табиғатты тамашалауға келгендер дәретхана мәселесінен қиыншылыққа тап болатын. Бұл түйткіл де біртіндеп шешімін тауып келеді», – деді Данияр Ғалымұлы.

Данияр Тұрғамбаев
Фото: Досжан Балабекұлы

     Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық парк, 10 қорық пен 8 қаумалға келуші туристердің саны көбейген. Айталық, 2022 жылы 2 млн-нан астам адам саяхат жасаса, 2025 жылғы көрсеткіш бойынша 3,7 млн келуші демалып кетіпті. Соның ішінде шетелдіктердің үлесі 30 пайызға жетіп, соңғы жылдары Қытай, Үндістан елінен ағылған туристер саны едәуір артқан. Олар үшін маңыздысы – жайлылықтан бұрын толыққанды ақпараттың жеткілікті болуы. Осы мақсатқа орай визит-орталықтардың сайты үш тілде жұмыс істеуге көше бастады. 

    – Мұның өзі отандық туризмді дамытуға деген оң бетбұрыс. Көптің көкейіндегі тағы бір мәселе – ұлттық парктерге апаратын жолдар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жасалып келеді. Алдағы уақытта экологиялық тәртіпке көңіл бөлген жөн. Ақпараттандырудан бөлек, тәртіп пен тәрбие жұмысын да жолға қою керек. Себебі, табиғатты қорғау, тазалық пен қауіпсіздікті сақтау – бәріміздің міндетіміз.  Осы бағытта визит-орталықтың атқаратын міндеті мен рөлі арта түспек, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Ғалымұлы.

     Кешен екі негізгі бөлік – визит-орталық ғимараты және дәмхана аймағынан тұрады. Мұнда  «Бұтақты» атауымен ашылған дәмхана қызметін жоба серіктесі, белгілі кәсіпкер әрі таулы аймақтардағы туристік инфрақұрылымды дамытуға белсенді түрде атсалысып жүрген экобелсенді Сергей Спицын басқарады.

Сергей Спицын
Фото: Досжан Балабекұлы

     Визит-орталықтың инфрақұрылымы келушілерге жан-жақты қызмет көрсетуге бейімделген. Атап айтқанда, мұнда заманауи қоғамдық дәретхана, тамақтану орны, тимбилдингтер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаң қарастырылған. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына, мемлекеттік және жеке ұйымдарға арналған ашық аспан астындағы білім беру және мәдени бағдарлама өткізуге таптырмас орын. Мұнымен қоса орталықта ұлттық парк атын қалыптастыру мен насихаттау мақсатында жаңа үлгідегі сувенирлер мен фирмалық өнімдер навигация мен брендтеу элементтерімен астасып, заманауи талаптарға сай әзірленген. Бұл ауқымды жұмысты Qazaq National Parks брендімен жұмыс істейтін алты визит-орталық атқарып отыр.

     «Біздің Алатауымыз қандай керемет! Мен қаламыздың гүлденіп, туристердің көптеп келгенін қалаймын. Біз қала тұрғындары мен қонақтарының алдында ұятқа қалмауымыз керек. Сондықтан осы бағытта атқарып келген талай шаруаның нәтижесі болса екен деймін. Мен таза қала, таза дәретхана, таза табиғаттың қолдаушысымын. Әр келген туристің әсем табиғаттан, тау-тастан ерекше әсер алып, еліне керемет сезіммен оралуы үшін жағдай жасау қажет. Бұл визит-орталығын ашу туралы идея 2017-2018 жылдары келген. Себебі, жоспарын құрған саяхатшы әуелі осында тоқтап демалып, әлденіп алған соң әрі қарай туристік нүктелерге көтеріле береді», – дейді экобелсенді Сергей Спицын.

Бұтақты визит орталығы
Фото: Досжан Балабекұлы

     Туристер үшін тартымдылығы жағынан көш басында тұрған Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркіне 2019 жылы 300 мың демалушы келсе, былтыр 950 мың адамға жеткен. Яғни, үш есе турист қабылдаған ұлттық парк мамандары бұған соңғы кезде ашылған визит-орталықтың септігі тигенін айтады. Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметовтың айтуынша, ұлттық парк аумағында жүзеге асып жатқан 94 инвестициялық жоба алдағы уақытта 1,5 млн-ға дейін турист қабылдауға әлеуеттті мүмкіндік береді.  

«Бұтақты» визит-орталығы – көптен күткен нысан. Бұған дейін Іле Алатауы ұлттық паркі аумағында үш кешен жұмыс істесе, бұл – төртіншісі. Бұл салтанатты ашылу Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығы мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына сәйкес келді. Былтыр Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдігі Туризм басқармасымен бірлесіп, 4 туристік нысанды жаңартсақ, алдағы уақытта 8 нысан өз кезегін күтіп тұр.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі
Фото: Досжан Балабекұлы

        Жыл сайын кем дегенде 10-15 турист орны қайта жаңғырып, іске қосылады. Мұндай орталықтар экология туризмін дамытуға атсалысып қана қоймай, саяхаттаушылар мемлекеттік парк туралы мәліметке қанығады, қанша туристік бағыт бар, діттеген жерге қай уақытта жетеді, тағысын тағы керекті танымдық ақпаратқа қол жеткізе алады. Одан бөлек келушілер ұлттық, еуропалық, азиялық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын, ұлттық әшекейлер мен ұлттық киімдерді сатып алуына болады», – дейді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов.

     Алда өңірдегі туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадамның бірі – Үлкен Алматы көлі маңында жаңа визит-орталық салу жоспарланған. Табиғи ландшафтпен үйлесімділікті сақтай отырып, заманауи әрі экологиялық талаптарға сай жүзеге асырылатын кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын бұған дейін Глазго қаласының бас сәулетшісі қызметін атқарған әлемге танымал сәулетші Рикардо Марини әзірлепті.