БҰҰ – Қазақстан үшін тиімді ме?!

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы бейбіт саясат жүргізіп, барлық мемлекеттермен қатынастарын халықаралық құқық қағидаттары негізінде құрды, олардың әлеуметтік-экономикалық, идеологиясы мен наным-сенімі құрылымына қарамастан, барлық елдермен достық қатынастарды дамытудың жақтаушысы болып табылады.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық туралы айтқанда, бұл серіктестік екі жаққа да тиімді болатынын ұмытпаған жөн, өйткені халықаралық ұйымның көптеген бағдарламалары республикамыздың мүдделеріне сәйкес келеді.
Өткен аптада Қазақстан мен БҰҰ арасындағы 2021-25 жылдарға арналған орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура қол қойды. Ынтымақтастық бағдарламасы алдағы бес жылдағы Қазақстан мен БҰҰ-ның бірлескен қызметінің негізгі құжаты болады. Ол үш бағыттағы жұмысты қамтиды:
- адамның дамуы және теңдік қатысу;
- тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік;
- тұрақты қоршаған орта және инклюзивті экономикалық даму.
Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы серіктестіктің ерекше маңыздылығын еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ тұрақты даму жөніндегі саммитінде және БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесуінде сөйлеген сөзінде растаған болатын. «БҰҰ-мен өзара іс-қимылды нығайту – біздің сыртқы саясатымыздың маңызды бағыттарының бірі» деп атап өтті. Вице-премьер Әлихан Смайылов:
– Мен жаңа бағдарлама болашақтағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтетініне және Қазақстанның одан әрі орнықты дамуын, халқымыздың әл-ауқатын жақсартудың негізі болатынына күмәнім жоқ. Қазақстанның барлық маңызды халықаралық бастамалары алғаш рет БҰҰ алаңында айтылған, – деді.
Қазақстан ұйымға қабылданғаннан бері 30 жылға жуық уақыт ішінде қызметтің барлық бағыттары бойынша серіктестіктің жоғары деңгейіне қол жеткізді. Тұрақты дамудың 2030 жылға арналған күн тәртібінің және оның 17 мақсатының орындалуы екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты координаторы Норимаса Шимомура:
– Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстан үкіметі мен БҰҰ тобы осы бағытта, соның ішінде ТДМ бойынша координатор кеңесі аясында бірлескен жұмыстардың үлкен көлемін атқарды. Жергілікті атқарушы, жергілікті билік органдарымен, азаматтық қоғаммен және жеке сектормен нәтижелі өзара іс-қимыл орнатылды, осыған орай, БҰҰ Қазақстанға қолдауын кеңейтуде. Осы сәт БҰҰ елдік командасы үшін тарихи оқиға, өйткені біз Қазақстан үкіметімен және халық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біз ынтымақтастықтың жаңа шеңберін үкіметтің, азаматтық қоғамның, академиялық топтар, жеке сектордың, бұқаралық ақпарат құралдарының, халықаралық қауымдастықтың және БҰҰ-ны қоса алғанда, стратегиялық серіктестердің ресурстарын шоғырландыру арқылы Қазақстанда 2030 күн тәртібін іске асыруда одан әрі алға жылжу механизмі ретінде қарастырамыз», – деді.
Коронавирустық пандемия жағдайында осы жаһандық проблеманың жағымсыз әлеуметтік және экономикалық салдарын жұмсарту шараларын асыра бағалау қиын. Екі тарап бірлескен күш-жігердің арқасында қиындықтарды жеңуге және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
Республика үшін БҰҰ – әлем елдерімен ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі және олардың идеяларын жүзеге асырудың мүмкіндіктері. Ал БҰҰ үшін Қазақстан сенімді серіктес болып табылады, ұйым ұйымдаспаған халықтардың ұйымы емес, ұйым бастапқыда ойластырылған құрылым болып қалуы үшін, яғни бейбітшілікті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралы болып қалуы үшін жұмыс жасайды.