Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:50, 02 Желтоқсан 2024

БҰҰ агенттігі Газа секторына көмек жеткізуді уақытша тоқтатты

1
Фото: из открытых источников

БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігі (UNRWA) Израильден Газа секторына гуманитарлық жүктер өтетін негізгі орын – "Керем-Шалом" бекетінен гуманитарлық көмек жеткізуді тоқтата тұратынын хабарлады.

Бұған жүк тонаумен айналысатын қарулы топтардан төнген қауіп-қатер себеп болған.

"Керем-Шалом" пунктінен Газаға көмек жеткізуді тоқтатуға мәжбүрміз. Бұл бағыт бірнеше айдан бері қауіпті болып тұр", – деді агенттік басшысы Филипп Лаццарини Х желісінде. Оның айтуынша, бұл шешім Газадағы аштық мәселесі шиеленісіп жатқанда қабылданған.

Лаццаринидің сөзінше, 30 қарашада қарулы адамдар "Керем-Шалом" аймағында гуманитарлық көмек партиясын ұрлап әкеткен, қарашаның ортасында 100-ге жуық жүк көлігі тоналған.

Лаццарини агенттік қызметкерлерін қорғауға және көмекті жеткізуге жауапкершілікті Израильге артты. Агенттік басшысы аймақтағы атысты тоқтатуға үндеді.

БҰҰ мәліметінше, Газаға барған гуманитарлық көмек көлемі бір жылда ең төменгі деңгейге жеткен. Көмек жеткізумен айналысатын ұйымдар қыркүйекте Израиль күштері Газаның солтүстігіне арналған жүктің жартысын шектеді деп хабарлады. Осыдан кейін Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Йоав Галантты тұтқындауға ордер берген.

 

Тегтер: