БҰҰ Гүлнара Кәрімованың қамауға алынуын заңсыз деп таныды: неге?

БҰҰ-ның ерікті ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Гүлнара Каримованың бостандығынан айырылуы халықаралық құқық нормаларына қайшы деп танып, Өзбекстан үкіметінен оған өтемақы төлеуді талап етті.
Өзбекстан тарапы бұл істе процессуалдық нормалар сақталғанын алға тартты.
БҰҰ-ның ерікті ұстаулар жөніндегі жұмыс тобының маусым айының соңында жарияланған баяндамасында Гүлнара Каримованың – кәсіпкер әрі Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы – бостандығынан айырылуы адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық нормаларға қайшы екені айтылған.
Құжатта Каримова ісі ерікті ұстаудың екі санатына – І және ІІІ категорияларына – жататыны көрсетілген. Бұл – жаза мерзімі аяқталғаннан кейін бостандыққа шықпаған немесе әділ сотқа қол жеткізе алмаған жағдайларды қамтиды.
«Гүлнара Каримованың бостандығынан айырылуы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 3, 8, 9 және 11-баптарына, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 2, 9 және 14-баптарына қайшы келеді. Бұл – ерікті ұстау болып саналады», - делінген баяндамада.
Өзбекстанның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы БҰҰ мәлімдемесіне үкіметтің жауабын жариялады. Онда былай делінген:
«БҰҰ жұмыс тобының пікірі тек біржақты, субъективті ақпаратқа негізделіп жасалған. Үкімет ресми жауап жолдағанымен, процессуалдық мерзімдерге байланысты ол ескерілмеген. Бұл – БҰҰ органдары ұстануы тиіс объективтілік пен бейтараптық қағидаттарына қайшы».
Өзбекстан барлық халықаралық міндеттемелерін орындайтынын және құқық қорғау органдарының әрекеттері тек заң мен дәлелдерге негізделгенін мәлімдеді. Үкімет Каримоваға барлық құқықтық кепілдіктер берілгенін, оның ішінде қорғаушы жалдау, материалдармен танысу, шағым түсіру, адвокатпен құпия байланысу мүмкіндігі болғанын атап өтті.
«Каримова ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін – салық төлеуден жалтару, заңсыз табысты заңдастыру, мемлекеттік мүлікті иемдену, алаяқтық және мемлекетке ірі көлемде залал келтіру – сотталған», - делінген үкіметтің жауабында.
Сондай-ақ, үкімет Каримоваға қатысты істе ешқандай саяси себеп болмағанын, барлық үкімдер дәлелдерге негізделгенін айтты. 2022 жылы Швейцариямен бірлесіп «Vision 2030» қоры құрылғаны, оған Каримова заңсыз иемденген қаражат қайтарылғаны да атап өтілді.
Ақпарат көзіне сүйенсек, Каримова 2014 жылғы 14 ақпанда сот шешімінсіз тұтқындалған. Ол 15 жастағы баласымен бірге толық оқшауланған жағдайда үйқамақта болған. Алғашқы 18 ай бойы туыстарымен және адвокаттармен байланысу құқығынан айырылған.
2015 жылғы 21 тамызда оның ісі ас үйінде, қарулы күзет арасында өткен. Кейін 2017 және 2020 жылдары оған қосымша үкімдер шығарылып, барлығы 23 жылдан астам мерзімге сотталған. Қазіргі таңда нақты қанша уақыт жазасын өтеуі керектігі белгісіз.
Жұмыс тобы Каримованың құқығы бұзылғанын айтып, оған өтемақы төленуі және істі тәуелсіз түрде қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Олар сондай-ақ оның тұтқындалуының барлық мән-жайын анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.