Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:01, 11 Қазан 2023

БҰҰ: Израиль шабуылынан Газада 260 мың адам үйін тастап кетті

газа секторы
Фото: EPA

Газа секторының 175 мыңнан астам тұрғыны БҰҰ мектептерінен баспана тапты.

Израильдің әуе шабуылдары салдарынан Газа секторындағы 260 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды.

Бұл туралы БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының (HMMB) мәлімдемесінде айтылған.

«Газа секторында 263 934-тен астам адам үйін тастап кеткен деген болжам бар», - делінген хабарламада.

Газа секторының 175 мыңнан астам тұрғыны БҰҰ мектептерінен баспана тапты. Мұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыс жөніндегі агенттігі (UNRWA) растады.

UNRWA олардың Газадағы агенттіктің 88 білім беру нысанында орналасқанын айтады.

7 қазан күні таңертең Хамастың әскери қанатының бригадалары Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясының басталғанын хабарлады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран ұшырылды, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді.

Бұған жауап ретінде Израиль әскерилері Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы ондаған жойғыш ұшақтарды қолданып, «Темір қылыш» операциясын бастағанын хабарлады.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігі сәрсенбі күні Израильдің Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың санының 950-ге жеткенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, жарақат алғандардың саны 5 мың.

Сонымен қатар, 8 журналист Израильдің Газаға жасаған соққыларының құрбаны болған.

Кейінгі шабуылдардан кемінде 1200 израильдік қаза тауып, 2600-ден астамы жараланды деп хабарлайды БАҚ Израиль билігіне сілтеме жасап.

Тегтер: