БҰҰ миссиясындағы қазақстандық бітімгерлер Республика күнімен құттықтады
Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларында қызмет етіп жүрген қазақстандық әскери қызметшілер Республика күніне орай қазақстандықтарға өз құттықтауларын жолдады. Олар мерекені шетелде, өз елінен мыңдаған шақырым қашықтықта қарсы алса да, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтарын абыроймен танытып жүр.
«Бұл мереке – тәуелсіздігіміздің, елдік бірліктің және бейбіт өмірдің символы. Біз қай жерде болмасын көк туымызды биік ұстап, еліміздің намысын қорғауды – қасиетті парызымыз деп білеміз. Қазақстан әрдайым тыныштық пен келісімді бағалайтын мемлекет, біз сол құндылықтарды әлемдік аренада көрсетуге міндеттіміз» – деп атап өтті бітімгерлер өз жолдауында.
Екінші ұлттық бітімгершілік контингент құрамына арнайы дайындықтан өткен кәсіби әскери қызметшілер кірді. Атап айтқанда, ағылшын тілін меңгеріп, халықаралық гуманитарлық құқық негіздерін оқыған, көпұлтты ортада әрекет ету дағдыларын жетік біледі, жергілікті тұрғындармен мәдени және діни ерекшеліктерді ескере отырып жұмыс істеуді үйренген.
Қызмет барысында қазақстандық бітімгерлердің қызметін мамандар үнемі жоғары бағалап, бітімгерлік операциялардағы кәсібилігі мен тәртібі үшін алғыс хаттар мен марапаттарға ұсынған. Бұл Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде маңызды әрі сенімді серіктес екенін дәлелдейді.
Бітімгерлерді елдің бейбітшілік елшісі деуге болады. Қазақстандық әскери қызметшілер қарулы күштің өкілі ғана емес, сондай-ақ елдің беделін көтеретін дипломатиялық миссия орындаушылар. Олар әлемдегі қақтығыс ошақтарында бейтараптық, парасаттылық, шыдамдылық пен жоғары кәсіби мәдениеттің үлгісін көрсетіп келеді.
Бітімгершілік қызметтің негізгі мақсаты: қақтығыстардың өршуіне жол бермеу, жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта орнатуға атсалысу. Ал Қазақстан жауынгерлерінің ұстанымы айқын, олар бейбітшілік – ең жоғары құндылық екенін жақсы біледі.
Республика күні – елдік рухты біріктіретін мереке. Шетелде қызмет етіп жүрген сарбаздар үшін бұл мереке ерекше мағынаға ие. Өйткені олар Қазақстанның тәуелсіздігін қорғаудағы жауапкершілікті күнделікті сезінеді. Бітімгерлер туған еліне «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстанның көк байрағы әрқашан бейбіт аспан астында желбіресін!» – деген жүрекжарды тілегін арнады.