Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 25 Қыркүйек 2025

БҰҰ-ны сынаудан жарыс, соғыс және Қазақстан теміржолы

Зеленский, Трамп және Ердоған
Фото: Жас Алаш коллаж

Нью-Йорк күнделігі

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы өтіп жатыр. Қазір БҰҰ-ның беделі төмендеп, әлемдік тәртіп әлсірегенін елдің бәрі айтып жүр. Нью-Йоркте бас қосқан барша мемлекет басшысының басты әңгімесі де осы болды. Тіпті БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Анналена Бербоктың өзі «бізге өзгеріс керек, реформаға мұқтажбыз» деп бас шайқады.  

БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған мерейтойлық сессияға 150 мемлекеттің басшысы қатысады деген жоспар бар. Сондай-ақ әлемнің әр түкпірінен саясаткерлер, дипломаттар, азаматтық қоғам өкілдері мен журналистер жиналады. 21 қыркүйектен бері АҚШ-та жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сессияға қатысып, пікірталас апталығының алғашқы күні 23 қыркүйекте сөз сөйледі.

Ал оған дейін Тоқаев Cameco, Chevron, Wabtec сияқты ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерімен, бірнеше елдің президентімен, халықаралық ұйым жетекшілерімен кездесіп, Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстелге» қатысты.

Қазақстан президенті бизнес өкілдерімен кездесуде Астана Вашингтонды аса маңызды сауда серіктестерінің бірі санайтынын әрі қазіргі қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ниетті екенін айтты. Оның сөзінше, АҚШ Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан аса инвестиция құйған, қазір елде 630-дан аса америкалық компания жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ АҚШ өзіне қажетті уранның 24 пайызға жуығын Қазақстаннан импорттап отыр.

4,2 млрд долларлық келісім

Тоқаев өз сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсандағы әңгімесін еске алып, онымен осы сапарында да сөйлескенін айтты. Ал бұл әңгіменің жай-жапсары жайлы Трамптың өзі айтты. Ақ үй басшысы өрекпи сөйлейтін әдетіне басып, «Қазақстан теміржол құралдарын сатып алу бойынша тарихтағы ірі келісімге қол қойды» деп жазды Truth Social әлеуметтік желісінде.

Биыл қыркүйектің басында Тоқаев Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25-саммитіне қатысып қайтқан. Сол сапарда Қазақстан мен Қытай арасында құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойылған. Президент ол кезде де Қытайдың ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысқан. АҚШ-та да Қазақстан экономикасына тікелей әсер ететін ірі компаниялар елімізде 30 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келе жатқан Chevron, ExxonMobil сияқты мұнай алпауыттарымен де келіссөз жүргізілді. Қазақ мұнайын бізге тиімсіз шарттармен игеріп келе жатқан фирмалармен келіссөз жеңіл болмайтыны анық.

Мұхиттың арғы бетіне мойнын созып қарап отырған ағайын «Қазақстан АҚШ-тың Wabtec компаниясынан 4,2 млрд долларға 300 локомотив сатып алады» деген ақпаратқа елең ете қалған болатын. Трамптың «тарихтағы ең ірі келісім» деп отырғаны осы. Бұл ақпаратқа байланысты жұрт пікірі екіге жарылды. Кейбірі Ресей мен Қытайға байланбай, алыстағы АҚШ-тан озық технология сатып алғанымыз дұрыс десе, екінші топ – осынша ақшаға 300 локомотив алып жатырмыз, сонда оның әрбірі 13 млн доллардан асады. Мұндай техника Ресей мен Қытайда бұдан екі есе төмен бағаға толып тұр деп дау айтты.

Кейін «Қазақстан теміржолы» АҚ ресми мәлімдеме жасап, сауданың мән-жайын түсіндірген болды. Олардың сөзіне сенсек, 4 млрд доллар 300 бірлік локомотив сатып алуды ғана емес, сол техникаға 2054 жылға дейінгі 18 жыл бойы толық сервистік қызмет көрсетуді қамтиды екен. Ал Ақорда «құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыда жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған» деп жазды.

Тоқаев пен Зеленский кездесуі

Тоқаев АҚШ-та Черногория, Люксембург, Монако, Франция, Финляндия, Бельгия, Украина президенттерімен, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Еуропалық Кеңес басшысы Антониу Коштамен жолықты. Осылардың арасында Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу жұрт арасында біраз талқыға түсті. Көпшілік экономикалық байланысы қою емес, өзара барыс-келісі сирек екі мемлекеттің басшысы жеке кездесуде не айтуы мүмкін екенін талқылап жатыр. Біздің кей ағайын Тоқаевтың Зеленскиймен ағылшын тілінде сөйлескенін жақсыға жорып, мұны Мәскеуге көрсеткен қырымыз деп тәпсірлеп жатқанын да айта кеткен жөн.

Сарапшылар бұл кездесудегі басты тақырып Украинадағы соғыс жайы болды деп санайды. Олардың ойынша, Қазақстан президенті Ресей басшысы Владимир Путиннің сөзін Зеленскийге жеткізді немесе керісінше, Украина президентінің сәлемін Кремльге жеткізеді. Мұндай әңгіменің өз қисыны бар. Жақында Зеленский Путинмен кездескісі келетін елдерді атаған, сол тізімде Қазақстан да бар. Яғни Киев бетпе-бет кездесу алаңы ретінде Қазақстанды да қарастырып жатыр. Ал Путин Зеленскиймен тек Мәскеуде кездесемін деп қасарысып отыр.

Ақорда Тоқаев пен Зеленский екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселесін талқылағанын, Қазақстан президенті қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтқанын хабарлады. Ал Зеленскийдің айтуынша, қос тарап соғысты тоқтату жөніндегі талпыныстарды талқылап, екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту және қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіру ісіне қатысуға деген қызығушылығын сөз еткен.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы

Сессияның алғашқы күні бірқатар мемлекеттің басшысы мінберге шықты. Соның арасында Орта Азиядағы 5 елдің басшысы да бар. Отырысты БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Анналена Бербок ашты. Ол әлем елдерінің көшбасшыларына кеңес беріп, өз ойыңызды өзгеге мәжбүрлеп таңу мен өзгені төмендету нағыз лидерлік емес екенін айтты. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш залдағы жұрттан БҰҰ елдері эгоистік әлемде өмір сүре ме, әлде ынтымақтастық әлемінде өмір сүргісі келе ме деп сұрады. Ұйым басшылары бұл сөзді бір-бірін тыңдамай, әр таудың бөрісі болып жүрген президенттерге қарата айтқаны анық. Дәл қазір алпауыт мемлекеттер БҰҰ жарғысына, ережесіне мойынсынбайтын болған. Бербок пен Гутерриш осыны меңзеп отырса керек.

Бірақ одан кейін сөз алған президенттердің ұйымды сынамағаны жоқ. Әсіресе Трамп БҰҰ-ны аямады. Бір сағатқа жуық сөйлеген ол ұйымды әлемдегі қақтығыстарды реттей алмады деп айыптап, жалғыз өзім 7 қақтығысты тоқтаттым деп бар еңбекті өзіне жазып алды. «Президенттік қызметімде жеті бірдей ұзаққа созылған соғысты аяқтадым. Біреулер маған осы еңбегім үшін Нобель сыйлығын беру керек дейді. Бірақ мен үшін ең үлкен сыйлық енді осы елдерде соғыстың тоқтап, балалардың аман қалатыны», – деп популистік қырын да көрсетіп өтті.

Қырсыққанда Трамп БҰҰ-ның штаб-пәтеріне шығып келе жатқанда эскалатор тоқтап қалыпты, ол аздай, мінберге шығып сөйлерде телесуфлер істен шыққан. Ақ үй басшысы мұндайды қайдан құр жіберсін, «БҰҰ маған не береді? Олардан алғаным – сынған эскалатор мен сынған телесуфлер» деп мысқылдады. Трамп БҰҰ әбден тозығы жеткен штаб-пәтерін жөндеуге де қауқарсыз деп санайды.

Сондай-ақ АҚШ президенті босқындар мәселесі мен климат өзгерісі жайлы ақпараттарды сынға алды. Ол заңсыз иммиграция мен климат өзгеруіне қарсы күрес Еуропаны құрдымға жетелейді деп мәлімдеді. «Өзге елдің проблемасын өз елімізге проблема туғызбай шешуіміз қажет» деген Трамп босқындар өзі келген елдің заңын, тәртібін, мәдениетін бүлдіреді деп санайды. Ақ үй басшысы әлем жаппай жарнамалап жатқан жаңа энергияны, әсіресе жел электр станциясын бос сөз әрі тым қымбатқа түсетін әрекет деп атады. Ол БҰҰ 40 жыл бойы айтып жүрген климат өзгерісі туралы болжамды «ең үлкен алаяқтық» деп сипаттады.

Сондай-ақ ол Ресей мен Украина қақтығысын тоқтатуға Еуропа елдері көмектеспей отырғанын айтты. «Еуропа өзіне қарсы соғысты өзі қаржыландырып жатыр. Бұл Еуропа үшін ұят. Олар тез арада Ресейден мұнай мен газ сатып алуды тоқтату керек. Ресейге санкция салсам, соғыс бірден аяқталар еді, бірақ Еуропа жасау керек ісін жасай алмай отыр», – деді Трамп. Бірақ бұл сөзге сену қиын. Трамптың бұған дейінгі соғысты бір тәулікте тоқтату жөніндегі уәдесі де, 50 күнде Путинді тізерлетем деген уәдесі де бос сөз болып шыққан.

БҰҰ Бас Ассамблеясында Тоқаев не айтты?

Қазақстан президенті де әлем түбегейлі өзгергенін айтып, БҰҰ-ны реформалау керек деді. «Халықаралық құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды. Соның салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті», – дейді Тоқаев. Оның айтуынша, Ұйымды жаңғырту қадамы Қауіпсіздік кеңесін реформалаудан басталуы шарт. Ғасырға жуық құрамы жаңармаған кеңесті өзгертетін уақыт жетті.

Тоқаев БҰҰ-ны жаңарту ісіне санаулы мемлекет қана емес, барлық континент толық қатысуы керек деп санайды. «Азия, Африка және Латын Америкасының ірі мемлекеттері Қауіпсіздік кеңесіне ротациялық негізде ұсынылуы керек. Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды», – деді президент. Ол орта державалар әлем елдері арасындағы теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосуға дайын деп есептейді.

Сондай-ақ Қазақстан президенті БҰҰ жарғысын өзгертуді де ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттердің жарғыны қолайына қарай қолдануы ұйым беделіне нұқсан келтіріп отыр. «Құжаттағы қағидаттар босаң, ондағы егемендік пен аумақтық тұтастыққа қатысты көзқарастар түрліше тәпсірленеді. Осыны пайдаланған мүдделі топтар жарғыдан әскери әрекетін ақтауға себеп тауып келеді», – деді Тоқаев.

Осы тұста біздің есімізге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзі түседі. Биыл сәуірде ресейлік дипломат БҰҰ жарғысындағы аумақтық тұтастық туралы ережеге сілтеме жасап, Украинаға ашқан соғысты ақтаған. «Аумақтық тұтастық өз жеріндегі барша ұлттың мүддесін толық қорғай алған елдерге ғана қаратылған. Егер мұны орындай алмаса, онда сол елдің аумағының бір бөлігі бөлініп шығуына болады», – деген еді Лавров.

Ол бұл сөзді ұйым ережесінде кереғар талапқа сүйеніп айтып отыр. Жарғыда бірде мемлекеттердің территориялық тұтастығы сақталатыны жазылса, екінші жерде ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы бар екені жазылған. 2022 жылы Санкт-Петербург форумында Тоқаев осы жарғының алғашқысына сүйеніп, Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия, Абхазия және ЛХР мен ДХР-ды мойындамайтынын айтқан. Ал Лавров екінші бапты өздеріне оңтайлап, бұрмалап, Ресей ашқан соғысты ақтайды.

Тоқаев өз сөзінде ядролық қарусыздандыру, Ауғанстанға көмек, экологиялық проблемалар, Украинадағы соғыс, Газа секторындағы қиын жағдай туралы айтты. Сондай-ақ әлем елдері жаппай қаруланып, әскери салаға бөлінген қаржы 2,7 трлн долларға жеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Сессияда тағы қандай мәселе сөз болды?

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің Газа секторына шабуылын айыптап, БҰҰ-ға мүше елдерді Израильдің мұндай әрекетіне қарсы шара қолдануға шақырды. Оның айтуынша, соғыстан 65 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапқан. Ердоған тіпті мінберде аштыққа ұшыраған тұрғындардың суретін көрсетіп, Газадағы ауыр жағдайға жұрт назарын аударуға тырысты. Сондай-ақ ол Түркі мемлекеттер ұйымы жайлы да сөз қозғады. «Біз Орта Азиядағы бауырлас елдердің тыныштығы, тұрақтылығы мен гүлденуіне баса мән береміз, ол біздің атамекеніміз. ТМҰ дами береді», – деді.

Палестина. ХАМАС пен Израиль арасындағы ұрыс өршіген тұста әлемде Палестинаның мемлекеттігін мойындау мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазір Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 147-сі тәуелсіз ел деп таниды. БҰҰ Бас ассамблеясына дейін бұл қатарға Аустралия, Канада, Португалия, Ұлыбритания қосылған. Нью-Йорктегі жиналыс кезінде Франция мен Түркия да Палестинаны мойындады. Мальта, Андорра, Бельгия, Люксембург, Сан-Марино сияқты елдер де осы қатарға қосылуға дайын.

Ал бұл шешімге Трамп түбегейлі қарсы. Ол Палестинаны мойындау – ХАМАС ұйымына берілген сыйлық деп санайды. «Бұл ХАМАС террористеріне берілген тым жомарт сыйлық. Бұл 2023 жылы 7 қазандағы жауыздықты марапаттау», – деді АҚШ президенті. Оның ойы да, сөзі де Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бір жерден шығып отыр. Бұған дейін израильдік шенді Палестинаны мойындау – ХАМАС-ты мойындау деп мәлімдеген.

Украинадағы соғыс. Бұл қақтығыс жайлы сессияда сөз алған көшбасшылардың көбі айтты. Бірақ Трамптан өзге президенттердің бәрі ешкімді ашық айыптамай, дипломатиялық келіссөзді күшейту керек, бейбіт келісімге қол жеткізу қажет деп, сипай қамшылап өте шықты. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Украина бойынша жоғары деңгейдегі отырысында Владимир Зеленский Қытай болмаса Путиннің Ресейі түкке тұрғысыз деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қытай – Ресейге соғысты тоқтатуға қысым жасай алатын бірден-бір ел. Өйткені Мәскеу Қытайға толықтай тәуелді болып қалған, Қытай соғыстың аяқталғанын қаласа, Кремльді көндіре алады. «Алайда Қытай бейбітшілікті насихаттаудың орнына үнсіз отыр», – деді Зеленский.

Украина президенті Путинді тікелей келіссөздерден қорқады әрі соғысты жалғастырғысы келеді деп айыптады. Ол Ресей келісімге келуге дайын емес, келіссөз дегенді уақыт ұту үшін ғана айтып жүр. Зеленский БҰҰ Ассамблеясына Ресей өкілі келгенін, бірақ оның ештеңе шеше алмайтын адам екенін айтты. Сондай-ақ ол АҚШ президенті Дональд Трамппен бірге бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін «бірнеше жақсы идеяны» талқылағанын хабарлады. Айта кетейік, Зеленскийдің ештеңе шеше алмайтын адам деп отырғаны – жоғарыда біз атаған Сергей Лавров. БҰҰ Ассамблеясына Ресей делегациясын Лавров бастап барған. Ал Путиннің өзі барған жоқ.

Қуаныш Қаппас