БҰҰ Қазақстанға ғаламдық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді

Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда БҰҰ-ға мүше болды.
Міне, осы кезеңнен бастап еліміз БҰҰ аясында көптеген шараларға бел шешіп қатысып, белсене араласты. Бұл ретте бізге пікір білдірген дипломат Ерлан Ыдырысов: «Отыз жыл ішінде Қазақстанның БҰҰ-мен өзара іс-қимылын өңірлік және жаһандық деңгейде дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарылды», – деді.
Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ға енген жылы аталмыш ұйымның құрамында 168 мемлекет болды. Бүгінде ұйым 175 мемлекетті, оның ішінде сегіз посткеңестік елді біріктіре бастады.
«БҰҰ-ның мүшесі бола отырып, біз бірінші кезекте ғаламдық мәселелерді шешуге нақты мүмкіндік алдық. 28 жыл ішінде Қазақстан халықаралық аренада лайықты орынға ие болып, әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаһандық ұйымның көпқырлы күш-жігеріне өз үлесін қосады», – дейді ол.
Белгілі болғандай, Қазақстан БҰҰ-ға мүшелігі кезеңінде мынадай басымдықты анықтады: ядролық қарудан азат әлем құру; жаһандық соғыс қатерін жою және өңірлік жанжалдарды реттеу; өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты бір мезгілде нығайту кезінде Орталық Азия мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы күрес; Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік; қауіпсіздік пен тұрақты даму арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету; сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен БҰҰ-ның бүкіл жүйесіне XXI ғасырдың қауіп-қатерлері.
Сарапшылардың дені «өзінің тәуелсіздігі мен БҰҰ-ға мүшелігі жылдарында Қазақстан салмақты және дәйекті сыртқы саяси бағыттың арқасында үлкен тарихи тәжірибеден өтіп, дүниежүзілік ұйымның беделді мүшесі және халықаралық ынтымақтастықтың жауапты серіктесі болды» деп атап өтті.
Айта кетейік, БҰҰ-ның мүшелері ретінде құқық субъектісі – халықаралық дәрежеде мойындалған мемлекеттер ғана бола алады. БҰҰ жарғысына сәйкес, ұйым мүшелігіне қабылдау оның міндеттемелерін орындай алатын бейбітшілік пен ынтымақтастыққа үндейтін мемлекеттер үшін ғана ашық.
Ұйымға мүше кез келген осындай мемлекетті қабылдау Қауіпсіздік кеңесінің ұсынымы бойынша Бас ассамблеяның қаулысымен жүргізіледі. Жаңа мүшені қабылдау үшін Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекеттің кем дегенде тоғызы оны қолдауы қажет. Қауіпсіздік кеңесінің ұсынымын бекіткеннен кейін ол Бас ассамблеяға беріледі, онда кіру туралы қарар қабылдау үшін үштен екісінің дауыс беруі талап етіледі. Жаңа мемлекет Бас ассамблеяның қарары қабылданған күнінен бастап БҰҰ мүшесі болады.
БҰҰ жарғысында бекітілген мақсаттары халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, бейбітшілікке төнген қауіп-қатерді болдырмау, жою және агрессия актілерін басу, халықаралық дауларды бейбіт құралдармен үйлестіру немесе шешу, халықтардың тең құқылық және өзін-өзі анықтау қағидатын құрметтеу негізінде ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту; экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салалардағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, нәсіліне, жынысына, тіліне және дініне қарамастан, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау болып табылады.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болып табылады. Мүшелік кезеңінде біздің еліміз сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген барлық басымдықтарды жүзеге асырды. Әлемдік қоғамдастық республикамыздың жауапты және принципті ұстанымын жоғары бағалады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жетістіктері көп жағдайда мемлекет басшысының белсенді сыртқы саяси қызметінің және оның бейбітсүйгіш бастамаларының арқасында мүмкін болғаны даусыз.