Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 20 Желтоқсан 2022

БҰҰ: «Соғысты қолдаған» қазақ дипломаты кім?

None
None

Соғысты жаны қалайтын ел бар ма? Әрине, оған әлбетте «жоқ» деп жауап беретініңіз хақ.

Жалпыадамзаттық құндылық тұрғысынан алғанда, солай. Тұрақтылыққа ешнәрсе жетпейді.

Біз Ресей-Украина соғысы туралы айтып отырмыз. Алдағы екі айдан соң, бұл қанды қырғынның басталғанына бір жыл толады. Қалалар қираған, экономикаға орасан зор шығын келген, елдің даму қарқынын ондаған жыл артқа қалдырған, ешкімге пайда бермейтін соғыс бұл. Ресей Украинаның энергетикалық нысандарын соққылап, қазір қысым жасап жатыр. Миллиондаған украиндар елінде өлместің күйін кешуде. Жүз мыңдаған украиндар әлемнің әр түкпірінде босқын атанып жүр. Елін қорғап жатқан украиндар қазір қаһармандықтың үлгісін көрсетуде. Әлем халқының басым көпшілігі қанды қырғынды бастаған көрші елдің басшысына лағнет айтып жатыр. АҚШ пен Еуропа елдері Ресейге экономикалық тұрғыдан қысым көрсетуде. Сөйтсе де, Путин бастаған Кремль бұл соғысты тоқтатпай отыр. Путин дүниежүзінің талабын құлағына қыстырар емес. Бізге соғыстың тоқтатылғаны, болмағаны дұрыс. Бірақ адам түсініп болмайтын мына бір қызықты қараңыз. 15 желтоқсан күні Қазақстан Украинадағы соғысты тоқтатуға шақыратын БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс берді. Тәуелсіздік мейрамының алдында ғаламдық ауқымда ешкім күтпеген осындай жағдай орын алды. Ал Украина тарапы Қазақстанның бұл қадамына түк түсінбей отыр. Ал аталған резолюция «Уақытша басып алынған Қырым автономды республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығы ахуалы» деп аталады. БҰҰ-ның Бас ассамблеясы қабылдаған құжатты 82 ел қолдап дауыс берген, 14 ел қарсы шыққан, 80 мемлекет қалыс қалған. Қарсы дауыс бергендердің арасында Ресей, Беларусь, Зимбабве, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Сирия және Қазақстан бар. Резолюция «Ресейден Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатып, әскерін Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған шекарасынан тыс жерге алып кетуді» талап етеді. Дұрыс қой. Украина және БҰҰ-ға мүше әлем елдері Ресейдің украин жерінен әскерін алып кетуді талап етіп отыр. Ал бұған дейін де Қазақстан тарапы Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаған жоқ. БҰҰ-дағы жиындарда аталған мәселеге қатысты көбінесе қалыс қалып келді. Ал енді бұл жолғы қадамын қалай түсінуге болады? Бұл әрекетке қарап, «ресми Астана сонда орыс-украин соғысын қолдай ма? Мәскеудің басқыншылық саясатын қуаттап отыр ма, сонда?» деген дүдәмал ой келеді. Демек, 15 желтоқсандағы Украинадағы соғысты тоқтатуға шақыратын БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс беруді қалай түсінуге болады? Ең болмаса, дауыс бермей, қалыс қалуға болмайтын бе еді? Бұл қалай айтқанда да, халықаралық міндеттемелерді орындайтын және бағалайтын Қазақстанның абыройына нұқсан келтіреді.

Алысқа ұзамай-ақ, осыдан алты ай бұрын орын алған оқиғаны есімізге алайықшы. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумында Луганск пен Донецкіге қатысты пікір білдірген. 

«Түрлі пікір бар, біздің қоғам ашық. Қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ жарғысы. Бірақ БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірме бар», – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өтуінше, егер әр ұлттың өз таңдауын жасау құқығы жүзеге асырылатын болса, онда жер шарында 500-600 мемлекет пайда болар еді.

«Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша, квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкіге де қолданылатын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дұрыс пайым. Сол кезде Путиннің дәл қарсы алдында отырып, осындай шынайы әділ пікір айтқан Тоқаевты біз қуана қуаттап, қолдағанбыз. Ресми Киев те рақметін айтқан. Ал 15 желтоқсан күні БҰҰ қабырғасында орын алған бұл оқиғаны қалай бағалауға болады? Сонда Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін жоққа шығарып отыр ма? Қазақстан бейбітсүйгіш ел емес пе? Онда неге Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Ресейді қолдап, дауыс берді? Жалпы бұл дипломатқа лайықты іс пе? Ал Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі кім? Енді атын атап, түсін түстейік: Ол – Ақан Рақметуллин. Саясаттың жай-жапсарын аңғармай қалды дейтіндей емес. 1967 жылғы жігіт. 55 жасқа толған. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап, нақты айтқанда 1993 жылдан бері дипломатия саласында келе жатыр. Жас емес, өте тәжірибелі. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында (ОБСЕ), бірқатар елдерде елші, БҰҰ-да және еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. Ең соңғы лауазымы – Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2022 жылдың сәуірінен қазан айына дейін осы лауазымда болған. Биылғы жылдың қазан айынан бастап, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болып қызмет атқарады. Алайда осыншама дипломатиялық тәжірибемен оның Ресей бастаған соғысты қолдап, дауыс беруін қалай түсінуге болады? Бұл ресми Мәскеудің жасап отырған қысымы ма? Солай болғанның өзінде Қазақстан өзінің о бастан ұстанған қалыс қалу немесе бейтараптық саясатынан айнымауы керек еді ғой. «Мүмкін, байқамай қалған болармыз, бұл туралы ақпарат бар шығар» деп, біз Сыртқы істер министрлігінің сайтын да ақтардық. Ең соңғы ақпарат 16-17 желтоқсан күні жарияланған. Онда да «Қазақстан елшісі Черногория президентіне сенім грамоталарын тапсырды»,  «Қазақстан мен Испания стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуді мақсат етуде» деген жағымды жаңалықтар мен басқа ақпараттар ғана тұр.

Ал саясаттан хабары бар азаматтар орын алған оқиғаға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен түсініктеме беруді талап етсе де, министрлік ләм-мим демей отыр. Ал бұл үнсіздікті қалай түсінуге болады? Ал әлеуметтік желіде, «Мен, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, Ресейден Украинаға қарсы агрессияны дереу тоқтатуды және осы елдің аумағынан қарулы күштерді шығаруды талап ететін БҰҰ қарарына дауыс бердім. Мен бұл соғысқа қарсымын» деген челлендж жалғасып жатыр.

Тегтер: