Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:41

Бүйірі тесік бюджет: Жұманғаринның жоспары қай қырда қалды?

Жұманғарин
Фото: primeminister

Өткен аптада Парламент Қазақстанның үш жылдық бюджетін бекітті. Бұдан бір апта бұрын Сенат Мәжіліс қабылдаған үш жылдық бюджет туралы заңды қарастырып, оның кейбір баптарын мақұлдамай, құжатты пысықтауға қайтарған. Сенаторлар 76 түзету енгізуді ұсынды. Олар негізінен сомаларды нақтылауға – ведомстволарды қаржыландыруды ұлғайтуға, азайтуға немесе жекелеген бағдарламаларға шығындарды түзетуге қатысты болды.

Жалпы, Қазақстанда бюджет қаражатын үнемдеу, мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыны шашау шығармай ұстау – үнемі айтылғанмен, ойдағыдай жүзеге аса қоймайтын сценарий. Қазынаның қаражатын ұқсату жайын айта-айта жағымыз да талды. Бұл жолғы құжатта мемлекеттің жыл сайын көбірек қаржы жұмсайтыны көрсетілген. Жұмсалатын қаражат жылына шамамен 1 трлн теңгеге артып отырады. Мәселен, бюджет шығыны 2026 жылы 27,7 трлн теңге; 2027 жыл – 28,7 трлн теңге; 2028 жыл – 29,7 трлн теңге. Алайда бюджеттің кірісі аз. Кірістер (трансферттерді есептемегенде): 2026 жылы – 19,2 трлн теңге; 2027 жылы – 21,2 трлн теңге; 2028 жылы – 23,2 трлн теңге.

Үйреншікті дағдыға айналғандай алдағы үш жылда да бюджеттен жұмсалатын шығын көп, кіріс аз болмақ. Үкімет енді бюджеттегі бұл айырмашылықты трансферттер мен басқа көздер арқылы жабады. Ұлттық қордан 2026-2028 жылдарға арналған ел бюджетіне кепілдендірілген аударым жыл сайын 2,7 трлн теңге болмақ.

2026 жылдан 2028 жылға дейін Қазақстанның мемлекеттік борышы да өседі. Үкімет мұның себебін «әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығындарды қаржыландыру, сондай-ақ инфляциялық қысымды тежеу қажеттілігі» деп түсіндірді. Мемлекеттік борыштың болжамды көрсеткіштері мынадай: 2026 жыл – 46,4 трлн теңге; 2027 жыл – 52,5 трлн теңге; 2028 жыл – 57,5 трлн теңге.

Сондай-ақ бюджет жобасында негізгі көрсеткіштер – айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі айқындалады. Оған сәйкес, 2026 жылы зейнетақы көлемі 10 пайызға көтеріледі. Негізгі әлеуметтік көрсеткіштер: ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге; базалық зейнетақы – 35 596 тг; ең төменгі жалақы (ЕТЖ) ешқандай өзгеріссіз – 85 000 тг; АЕК 4 325 теңгеге жоғарылады. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетке енгізілген қорытынды құжатқа ЕТЖ-ны 110 мың теңгеге дейін арттыру ұсынысы енгізілмеді.

Бюджеттің негізгі бөлігі мұнайдан түсетін түсіммен, азаматтардан, бизнестен, ірі компаниялардан түсетін салықпен: ҚҚС, табыс салығы, корпоративтік салықтар мен ірі мүлік сату-сатып алу кезінде төлейтін ақыдан құралған. Бұл қаржыға зейнетақы, жәрдемақы, бюджеттің және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы төленіп, басқа да бағыттарға жұмсалады.

Ал енді осы үш жылдық бюджет бекіп жатқанда, үкіметтің экономикалық даму жоспарларын айтпай кетуге тағы болмайды. Өйткені үкімет жоспар құрады, сол арқылы бюджеттен қаражат сұрайды.

Еске салсақ, биыл тамыз айында үкімет басшысының орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында 2026-2028 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын және 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын ұсынған. Жұманғаринның сөзіне сенсек, болашақта бюджеттің тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қорға жармасу, қол салу тоқтайды. «2026 жылы ЖІӨ өсуі 5,4 пайыз деңгейінде болады» деген Жұманғарин, келер жылы номиналды ЖІӨ 183,8 трлн теңге болса, (долларға шаққанда 344 млрд доллар), 2028 жылы бұл көрсеткіш 229,8 трлн теңгеге (429,7 млрд доллар) дейін өсетінін айтқан.

Осылайша үкімет 2029 жылға дейін ЖІӨ өсімін 450 млрд долларға жеткізе салатынына әбден сендірген. Тіпті Серік Жұманғаринның «ЖІӨ өседі, Ұлттық қорға қол салмайтын боламыз» дегеніне ішіміз жылып қалған.

Ал енді бұл жолғы үш жылдық бюджетті бекіткен құжатта алдағы үш жылда мемлекеттік қарыздың өсетіні, Ұлттық қордан жыл сайын 2,7 трлн теңге алынатыны, ең төменгі жалақының (ЕТЖ) өспейтіні, есесіне, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсетіні белгілі болды. Сонда үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринның тамызда ғана елге позитивті көңіл күй сыйлаған жоспары қайда қалды?!

Басқасынан бөлек АЕК өссе, Қазақстанда бірқатар төлемдер мен айыппұлдардың мөлшері автоматты түрде қоса өседі. Себебі бізде көптеген әлеуметтік, әкімшілік және қаржылық нормалар АЕК-ке байланған. Жол ережесін бұзу, әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша айыппұлдарды АЕК-ке шаққан. АЕК өскенде осы айыппұлдар да жоғарылайды. Әрине, АЕК артса, жәрдемақылардың кейбір түрлерібала тууға берілетін біржолғы жәрдемақы (бір бөлігі АЕК-пен есептеледі), мүгедектігі үшін төленетін жәрдемақылар, асыраушысынан айырылғандарға төлемдер АЕК-ке байланысты бөліктері болса – өседі. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер бағасы, лицензия алу, рұқсатнама рәсімдеу сияқты төлемдер де АЕК-пен белгіленеді. Сол төлемдер де қымбаттайды. Сот алымдары, сотқа талап арыз беру, өтініштер рәсімдеу – бәрі АЕК-ке байланған. АЕК өссе, бұл алымдар да өседі.

Қаржыгер Ілияс Исаев бюджетті жоспарлағанда АЕК-ті жыл сайын өсіру тәсілін тиімсіз деп санайды. Маманның айтуынша, үкімет осы арқылы айналымдағы ақша массасын көбейтіп, инфляцияны жанама түрде қоздырып жатқанын түсінбейді.

«Егер АЕК өссе әлеуметтік жәрдемақылар,кейбір жалақы топтары, бюджет қызметкерлерінің кей төлемдері,мемлекеттік қызметтерге төлемдер көтеріледі.Бұл мемлекет шығынын арттырады, қосымша қаржы қажет болады.Егер бұл қаржы салық түсімімен немесе қайта бөлумен жабылса, инфляция артпайды. Ал егер бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан тағы басқа қорлардан трансферттер алынып, ақша массасы ұлғайтылса, онда бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. АЕК өссе зейнетақы, жәрдемақы, тағы басқа төлемдер артуы керек. Зейнетақының артатынын білетін саудагерлер қазірдің өзінде сататын тауарының бағасын өсіруге даяр отыр. Бұған қоса АЕК өссе айыппұлдар,лицензиялар,мемлекеттік алымдар қымбаттайды. Бұл да қарапайым халықтың қалтасына салмақ. Ішінара қызметтер қымбаттайды. АЕК көтеру арқылы үкімет, бір жағынан, қызметтер құнын өсіріп, бюджетке кіріс жинағысы келеді, ал, екінші жағынан, бұл ақша массасын көбейтіп, инфляцияны жанама түрде арттырады. Осыны есепке алсақ, АЕК өсіру арқылы белгілі бір қызметтердің құнын өсіру арқылы бюджетті толықтырып аламыз деу тиімсіз тәсіл», – дейді қаржыгер Ілияс Исаев.

Маманның пайымдауынша, үкімет жыл сайын мемлекеттік қарызды арттыра беруден де сақтануы керек. Себебі Қазақстан өткен айда ғана әлем бойынша қарызы көп 25 елдің қатарына кірді. Қазір еліміздің мемлекеттік қарыз деңгейі ЖІӨ-нің 24,8 пайызына жетті. Үкімет мұны «бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен» деп түсіндіргенімен, қарыздың жоғарылауының өзіндік қауіптері бар. Қарыз бюджеттік қысым тудырады. Мемлекет алған қарызын өтеу үшін салықты көтеруі немесе әлеуметтік бағдарламаларды қысқартуы мүмкін. Қазір тура осындай жағдай болып отыр. Бұдан соң қарыз көбейе берсе, бізге деген инвесторлардың сенімін төмендетеді. Елдің рейтингтері құлдырап, жаңадан қарыз алу қымбаттайды. Егер қарыз ішкі нарықта және ұлттық валютада жабылса, ақша массасы көбейіп, бұдан да инфляция артады.

Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің ойынша, үкімет көбіне идеалистік жоспарларға үйір. Мысалы, 2026-2028 жылдарға арналған ЖІӨ-ге қатысты жоспар тура соны айқындайды. Маман ЖІӨ-ді 2030 жылы 450 млрд долларға жеткізуге қатысты жоспарды, 2030 жылы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты тәрізді жақсы ниет екенін айтады. Алайда ешкім «2030 жылы нақты осындай нәтижеге жетеміз» деп 100 пайызға кепілдік бере алмайды.

«Себебі күтпеген форс-мажор жағдайлар орнауы мүмкін. Сондықтан үкімет Ұлттық қордан қаржы алмай тұра алмайды. Бұл көптен бері айтылып келе жатса да, оны орындау қиын. Түрлі геосаяси жағдайлар, Ресей мен Украина арасы, тағы басқа жайттар бұл жоспарды өзгертеді. Сондықтан 2028 жылы «Ұлттық қордан мүлдем қаржы алмаймыз» деу – тек болжам ғана екенін ендігі түсініп отырмыз. Себебі үкімет үш жылдық бюджетте Ұлттық қордан жыл сайын 2,7 трлн теңге алынатынын жариялап та қойды», – дейді экономист-ғалым.

Маманның ойынша, үкімет келер жылы қолданысқа енетін жаңа Салық кодексіне көбірек сеніп отырған сыңайлы. Бірақ бұл кодекстің сауатты іске асуы да бизнестің және халықтың салық төлеу тәртібіне тікелей байланысты. Жаңа Салық кодексін жүзеге асыру аясында салық түсімінен бюджетке кемінде 3 трлн теңге түседі деп болжанып отыр. Үкімет осы арқылы Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайтқысы келеді. Алайда кәсіпкерлер салық төлеуден жалтарып, табысын жасырып, бизнес көлеңкеге қарай ойысса, бұл жоспардың да ойдағыдай орындалмай қалу қаупі басым.

Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков бюджетті бекітудегі және болжаудағы кемшіліктерге қатысты былай деп ой түйіндеді: «Ұлттық экономика министрлігі бюджетті бекіткендегі кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықтарға қарамастан, «Ұлттық қордың активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға өседі» деп болжайды. Білесіз, 2029 жылға дейін үкімет Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізуі керек. Қазір осы жоспардың орындалуы екіталай екенін сезіп жүрміз. Себебі 2028 жылы қордағы қаражат 68,6 млрд долларға өсетін болса, ар жағында бір жылдық мерзімде Ұлттық қордың 100 млрд долларға артуы сенімсіз.

Біріншіден, бізде бюджет жобаларын әзірлеуде ең үлкен мәселе – нақты экономикалық негіздеменің әлсіздігі. Жыл сайын кейбір шығындар толық дәлелденбей бекітіледі, ал бюджеттік бағдарламалар стратегиялық мақсаттарға сәйкес келе бермейді. Бұл қаржының тиімді жұмсалуына күмән тудырады.

Екіншіден, Қазақстан бюджеті көбіне мұнай бағасы, шикізат экспортынан түсетін түсімдер сияқты сыртқы факторларға тәуелді.
Кіріс бөлігін есептеу кезінде тым оптимистік болжамдар жасалады, бұл жыл ортасында бюджетті қайта қарауға немесе тапшылыққа алып келеді. Мысалы, салық түсімдері жоспардан төмен түседі, экономикалық өсім деңгейі күткендей болмайды, мұнай бағасы құлдырағанда бюджет кірісі күрт төмендейді.

Үшіншіден, бюджет шығындарының құрылымы қоғамға толық әрі түсінікті түрде ашылмайды. Ашық бюджет индексі бойынша Қазақстан бірнеше жыл қатарынан орташа деңгейден аса алмай келеді. Бюджетті талқылаудың жабықтығы, нақты ақпараттың қолжетімсіздігі, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар пікірінің ескерілмейтіні өте үлкен кемшілік.

Төртіншіден, Қазақстанның бюджетіндегі ең үлкен мәселенің бірі – қаржының басым бөлігі әлеуметтік шығындарға жұмсалады.Олар: жалақы, әлеуметтік төлемдер, қысқа мерзімді қажеттіліктер. Ал ұзақ мерзімді пайда әкелетін инфрақұрылымдық жобалар, экономикаға инвестициялар, технологиялық жаңғырту сияқты бағыттарға бөлінетін қаражат салыстырмалы түрде аз. Бұл елдің болашақ экономикалық өсу мүмкіндігін шектейді.

Бесіншіден, бюджет кірісінің басым бөлігі мұнай, газ және металл экспортынан қалыптасады. Ал бұл саладағы әлемдік нарықтағы бағаның кез келген құбылуы бюджетке тікелей соққы береді. Мұны біз «жүйелік тәуекел» десек те, экономиканы әртараптандыру қарқыны баяу. Әртараптандырудың әлсіздігі бюджетті тұрақсыз етеді.

Алтыншыдан, нәтижеге бағытталған үкіметтік басқаруәлсіз.Көптеген бағдарламаларда мақсат көрсеткіштері нақты емес, бөлінген қаржының қайтарымы белгісіз. Мұндай жағдай бюджет қаражатының тиімділігін бағалауды қиындатады. Міне, осы кемшіліктерді жойып алмай, экономикалық өсімді болжау да, бюджетті жоспарлау да нақты дәл әрі тиімді болмайды».

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: