Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:12, 25 Ақпан 2021

Буырқанған дауылда сыналған басылым

None
None

«Жас Алаш» – 100 жыл

        «Жас Алашым»!

        Сен менің санама жарық сыйлаған мәңгілік мектебімсің! Көркем ой мен көрікті сөзде ізі айқын, айдыны ашық, жүрек толқынындағы шамшырағымсың! Жан дүниеме нұрын шашып, өзімді толғантқан жайлар туралы қалам тербеткізген сонау бейкүнә балалық, жайнаған студенттік шақтың, тәлімі мол ұстаздық кезеңнің сенімді куәгерісің. «Өркенің», «Қоңырауың», «Қаһарманың», «Арайың», «Жас толқының», «Ақ отауың», «Сүзеген сөзің», «Ақшамың», «Адам. Уақыт. Иманың» және т.б. ой сезімде серпіліс тудырып, жадымнан бір сәтке кеткен емес. Түн ұйқыңды төрт бөліп, жарық айды серік етіп, оңашада жүрек лүпілімен жазылған алғашқы тырнақалды туындыларым сенде жарияланғаны шексіз қуанышқа бөлегенін қалай ұмытайын?!

        Өзіңе қатысты естен кетпес екі сәтті баяндайын.

        Біріншісі. Әлі есімде, бұдан отыз алты жыл бұрын,                                           1985 жылдың  көктемінің жайма-шуақ күндерінде республикалық «Жігер» фестиваліне жас сатирик-ақын ретінде ауылдан келіп қатыстым. Бәрі қызық, бәрі беймәлім. Кітаптарынан ғана білетін белгілі қаламгерлермен жүздесу қандай бақыт?! Әсіресе қолымнан түспейтін, онсыз тамақ ішпейтін, кешігіп қалса,  байланыс бөліміне барып, күтіп тұратын сүйікті «Лениншіл жас» газеті редакция қызметкерлерімен кездесу ше?! Сиқыр-сөздің сарайын соққан айтулы жазушы, әйгілі бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз жылы жанарымен, жайдары мінезімен қарсы алды. Газет жұмысымен таныстырып, үкілі үміт жастарға сенім  арта сөйледі. Әлден соң жас ақындардың өздеріне кезек беріп, оларды ыждағаттылықпен тыңдай түсті. Бір кезде маған да жетті.  Өзгелер секілді ойлы өлең емес, әзіл-қалжыңға толы, сықақ өлеңдерімді оқи бастадым. Бас редактор басын әнтек көтеріп, жымия түсті. Артынша күлкісі естіле бастады. Содан батылданып, тағы бір сықағымды оқи жөнелдім.

                         Рингте: папасы мен мамасы

                       («Семья» стадионынан репортаж)

                        Бірде,

                       «Бірге-бірге»,

                       яғни жекпе-жекке,

                       Танымал емес көпке,

                       Папасы мен мамасы шықты!

                       «Батылдық үшін» деп,

                       Папасы «жүз грамды» жұтты.

                       Мамасы да осал жау емес, беріле салатын,

                        Көршілермен болған «кездесулерде»

                        «Финалға» шыққан болатын...

       Бәрінен де осы спорт тілімен жазылған сықағыма риза болып,  «Әй, мынауың керемет екен!» деді. Содан соң, кездесуге қатысып  отырған «Сүзеген сөздің» сол кездегі аға жаттықтырушысы, белгілі сатирик Көпен Әмірбекке бұрылып:

    – Көпен, танисың ба? Міне, осындай жігіттерді оқырмандарға таныстыруымыз керек, – деді.

      – Ой, Әкім! Бәрекелді! Бір күлдірдің. Өлеңдерің ұнады, шығармашылығың арта  берсін! Сәттілік тілеймін!

      Мына сөз төбемді көкке жеткізді. Қаламынан  туған әрбір туындысы ешкімді бейжай қалдырмайтын, халықтың сүйікті жазушысы атанған жаннан мұндай сый-құрмет көремін деген жоқ едім. Айтылған бата-тілегі жанымды қанаттандырып, қатарластарымның арасында абыройымды бір көтеріп тастады. Бітімі бөлек суреттердің асыл қасиеті де ерекше болады екен-ау. Осы кездесудегі сұрақ-сұхбатта Сейдахмет ағаның нағыз жастардың жанашыры екенін жаныммен ұғына түстім. Бұл газетте, мынадай қамқор ағаның қасында жұмыс істейтін жігіттер неткен бақытты деген ойға келдім сол жолы.

     Арада біраз уақыттан кейін «Лениншіл жас», ағаның асыл сөзін паш еткендей, Көпен ағам суретіммен  газетке  бір топ сықақ өлеңдерімді жариялады. Содан бері газетімді қолға алған сайын азамат нар тұлғалы асыл ағаның нұрлы бейнесі  жүрегімді лүпілдетіп, жылы шыраймен қарап тұрғандай әсер етеді.

        Екіншісі. Ауылда, сол Бөржардағы өзім оқыған мектепте физика, астрономия және еңбек пәнінің мұғалімімін.  Әйтсе де шығармашылығымды шыңдай түсейін деп, жазған түрлі жанрдағы жаңа дүниелерімді сүйікті басылымыма жолдап тұрдым. Сейдахмет ағаның ақ тілегінің әсері ме, туындыларым жиі жарияланатын. Бір күні республикалық «Лениншіл жас» газетінің жаңа бас редакторы Уалихан Қалижаннан жұмысқа шақырту алдым. Журналист болу мен сықақ өлең, мақала жазудың айырмашылығы жер мен көктей емес  пе?!  Одан соң, ең болмаса аудандық газетте де жұмыс істеп көрмеген мен тілшіліктің тіршілігін, қыр-сырын тіпті білмейтінімді тілге тиек еттім. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқандығымнан ба, республика комсомол съезіне делегат боп қатысып, баяғы сол ұлтжандылыққа салынып, қазақ тілінің мүшкіл халін, ұлт ардақтыларын қастерлеу, республика дербестігін сақтау туралы батыл ойларымды ортаға салдым. Құрылтай қорытындысында  Қазақстан ЛКЖО орталық комитетінің бюро мүшесі болып сайландым. Осы кезеңде пленумда жолыққан Уәлихан аға бұрынғы ойын тағы да еске салды.

        – Әкім! Саған үлкен сенім жүктеп отырмыз. Мұны түсінеді деген ойдамын. Әлі де болса ойланып көр.

  • Уәке! Ниетіңізге рақмет. «Лениншіл жас» газетінде тілші болу талайдың арманы ғой. Әйтсе де ол менің қолымнан келе қояр ма екен? Өзім журналист те емеспін, жай ғана физикпін ғой, – деп жымиып қойдым.

       Жастар құрылтайынан соң, өмірімде бір өзгеріс орын алды. Ойламаған жерден мұғалімдіктен Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөліміне нұсқаушылық қызметке ауысып кеттім. Ауыстым деген аты ғана, менен ешкім сұраған да жоқ. Арада бірнеше айдан кейін комсомолдың  кезекті бір бюро мәжілісінде (өзі де бюро мүшесі ғой) соңына таман Уәлихан Қалижанов  мәселені тура төтесінен қойды

      – Менде бір ұсыныс бар. Жастар жұмысында жастар газетінің орны ерекше. Біздің «Лениншіл жастың» оңтүстік облыстардағы өз тілшісінің орны бос тұрғанына алты айға жуық уақыт болып қалды.  Бюро мүшесі, жастар жетекшісі, ақын, қаламгер, мына Әкім Ысқақовты  төл газетіне шақырудамыз. Көнгісі келмейді. Қолынан жазу  келеді. Ал оңтүстік біздің ең оқырмандары көп аймағымыз.

       Мына ұсынысқа Қазақстан ЛКЖО ОК бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов баспасөз өкілдеріне қарап:

  • Кімде қандай ұсыныс бар? – деп сауал тастады.

      Тура осы мәселені күтіп  отырғандай, комсомолдың орталық комитетінің мүшелері, «Ақжелкен», «Жалын», «Арай-Заря» журналдарының бас редакторлары Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов,  Ә.Көпішов және «Ленинская смена» газетінің бас редакторы О.Никоновтар әрқайсысы өз пікірін білдіріп, аяқастынан бұл ұсынысты қолдай жөнелді.

       Иманғали Нұрғалиұлы бюро мүшелерінің тез келісімін алды да:      – Жастар жетекшісі жастардың ортасында жүргені дұрыс. Бюро шешімі осындай! – деп бұл мәселеге нүкте қойды.

       Имекеңнің мынадай нақты, қорытынды сөзінен соң, мен ештеңе айта алмай қалдым. Уәлихан ағамыз баяғы өзіме таныс, көзіме ыстық көрінген «Лениншіл жас» газетінің редакциясына ертіп келді. Тағы да жаныңа шуақ сәуле сепкен баяғы бас редактордың сол бөлмесі, көп нәрсе өзгере қоймаған секілді. Іштей «Бұл қалай болар екен?» деген уайым басым. Тез арада бас редактор газеттің алқа мүшелерін жинап, мені таныстырып жіберді.      – Мә, мынау куәлігің! Үш облысыңа еге бол! Мынаны жаз, болмаса ананы жаз демейміз. Не жазсаң да өз еркіңде, ойлы, келелі мәселені көтере біл. Жолың болсын, оңтүстік облыстардағы өз тілшіміз! – деп шығарып салды.     Ал мен аң-таңмын. Түс көргендеймін. Аузымнан бір сөз шыққан жоқ. Ештеңеге түсінбей тұрмын. Ойламаған жерден тағдырымның бұлай шешіліп кеткеніне қайранмын.  Ішкі дүнием арпалыста.  Шындығында, маған да оңай  емес. Дәл  осындай қарбалас сәтте тілші болып кетем деген  ой тіпті болған да емес.

        Қазақ журналистикасында ерекше орын алатын республикада ең жоғары таралымға ие, оқырмандардың құрметіне, ынта-ықыласына бөленген басылымның қызметкері болу, әрине, үлкен жауапкершілік. Көңілдегі толғаныс: көрсетілген сенімді ақтай аламын ба? Мазасыз ой, тынымсыз кезең кештім.  Енді  бәрі артта. Шегінуге ешқандай жол жоқ. Алдағы жоспарды ойлану керек. Мәселе нені жазуда болып тұр.  Басқалар жазып жүрген өзекті мәселелер не?  Оның үстіне мен үшін «Лениншіл жас» өзгелерге қарағанда, жарқырап тақырыптары менмұндалап мазмұнына сай түрленіп тұратын, талабы жоғары, талғамы биік басылым. Газетті оқыған сайын мен жазам дегенді өзгелер жазып қойған секілді көрінеді. Елде, КСРО деген  үлкен мемлекетте  жаңарудың, қайта құрудың өрлеп тұрған шағы.

        Осы орайда, көкейде жүрген мәселені көтерсем деп бел будым. Бас редактордың орынбасары, сырбаз мінезді, өзіңді тыңдай білетін Ерғали Сағатқа ойымды айтып едім, қарсы болмады. Нартәуекел! Бірінші кезектегі мені баяғыдан толғантқан жайттың бірі, жазықсыз жапа шеккен Шымкент облыстық комсомол комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы  Нұрдәулет Сәрсеновтің тағдыры. Коммунистік партияның әлі ыдырамаған, күшіндегі кезі, оның үстіне кешегі Желтоқсан оқиғасынан кейін Мәскеудегі «Правда» секілді орталық басылымдар Қазақстанға, әсіресе  оның оңтүстігіне шүйлігіп тұрған сәті. Көңілде күдік те, ауыр ой да басым. Айлар өтті… «Неге жарияламай  жатыр  екен?» Газет қызметкерлеріне де оңай емес. Ақыры бас редакторымыздың батылдығы,  қалың  оқырманның жүрегіне жол табудағы парасаттылығымен «Асқаровтың кадры» атты тұтас бір бетті алған материал жарқ ете қалды. Шындығында, халықтың ынтыға күткені де осы екен. Оңтүстік облыстарда бұл үлкен серпіліс туғызды. Газеттің сол күнгі нөмірі тез арада қолдан-қолға тимей кетті. Басылымның сол нөмірін көшіріп таратқандар да болды. Жоғарыдағы билікке де әсер еткен тәрізді. Тәлкекке түскен Нұрдәулеттің тағдыры қалыпқа келе бастады. Шұғыл Шымкент облысы әкімінің аппарат басшысы болып тағайындалып, артынша облыс әкімінің  орынбасары, кейіннен Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты болып сайланды. Мұны газеттің қоғамға ықпалының құдіреті деп қабылдадым.

        «Генерал Сабыр Рақымов». Соғыстан кейінгі жылдары атақты қолбасшыны өзбек халқы қадірлеп, марапаттап, есімін ту қып көтеріп, аспанға шығарды.  Кеңшар, ұжымшарлардың, ауданның аттары берілді. «Өзбекфильм» киностудиясы  ерлігін паш ететін арнайы кино көрсетіп, баспалары ол жайлы бірнеше кітаптар шығарды.  Ал өзінің кіндік қаны тамған ата-баба жұрты, туған жері – Қазақ елі ше?  Тек ауыл-аймақ қана, Көкібелдегі жақын туған-туыстары ғана өз перзенті екенін бір-біріне  айтады. Әсіресе сонау бала кезімізден теледидардан әлгі  киноны көрген сәттерде, үлкендердің  аузынан естіп қалып, генерал ағайымыздай батыр болғымыз  келетін. Бір жағы, баяғы тар құрсаулы саясаттың арқасында жабулы қазан жабулы болып, жұмған ауыз ашылмай, іштей тынатын. Мұнда тұрған не қылмыс бар? Нағашы жұрты ардақтағанда, өз елі, өз жері неге атын ауызға алмайды? Иә, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, қазақтан шыққан батыр, генерал ағамыз туралы «Жас Алаш» газеті бірнеше нөмірінде  ашық баян еттік. Тығыны ашылмай жатқан тоғандай редакцияға жүздеген хаттар ағылды. Соның арқасында батыр ағамыздың жұбайы, соғыстағы  жан серігі  Құралай жеңгеміз де табылды. Бақсақ, Өзбекстанда емес,  осы Алматы маңындағы ауылда   аман-есен тұрып жатыр екен. «Жас Алашқа» алғыс айтып, үн қатып, ризашылығын білдірді. Осынау мақалалар сериясынан кейін сонау Қазығұрт ауданындағы батыр ауылындағы Энгельс атындағы мектепке, бір ауданның аумағындай  халық орналасқан әйгілі «Коммунизм» атты шаруашылық бірлестігіне  Сабыр Рақымовтың есімі берілді.

       «Темір табыт».  Бұл қазақ жігіттерінің әскердегі  азапты өмірін жария еткен, жаныңды ауыртып, ашына қалам алғызған мақала. Оның қысқаша мазмұны мынадай. Ауылдағы шопан Перне Тілемісовтің  бар-жоғы үш перзенті бар. Үлкені Сатылхан ержетіп, әскерге алынып, белгісіз жағдайда мерт болып,  еліне «темір табыт» боп оралады. Кенжесі Кәдірханды да ата-анасы қимай, жора-жолдастары үлкен үмітпен шығарып салады. Тағы да «темір табыт» күйзеліс, қайғы-қасірет. Өзге тілдегі, түрі суық аудандық әскери комиссариат бастығына  бұл халін, ашу-ызасын да жеткізе алмайды.  Қарапайым, ертелі-кеш мал соңында жүрген момын шопан қайдан орыс тілін білсін? Ал орыс тілінде сөйлемегенді әскери шенді Николай Пичугин тыңдамайды да. Шақырту қағазбен екі баласын бірдей алып кеткен осылардан сұрамағанда, кімнен сұрамақ? Екі баласының өрімдей жас шағында өмірі не себепті  кілт үзілгенін, не үшін қайғылы қазаға ұшырағанын ешкім дұрыстап түсіндірмейді де. Ал үйдегі қалған жалғыз, ортаншы бала Әділге малды ауыл болған соң, әскерге шақырту кеш тиеді.  Соның салдарынан бір күн кешігіп  қалған баласын сонда да  Перне қария ауданға өзі алып келеді. Қабағы  қатулы, ата-ана қасіретін түсінгісі келмеген әскери капитан Н.Пичугин  қайғысына көмектесудің орнына «азаматтық борышын өтеуден бас тартты, бұл өзгелерге ескерту болсын» деп, әке-шешенің ендігі бар үміті болған ортаншы баласын соттатып, сонау Петропавлға қаматып жібереді. Қайғыға қайғы қосып, запыран шегіп, еңіреп қалған ата-ана зары еді бұл мақала.      Екі күннен соң, Қазақ теледидарының әскери-спорттық бөлімінің редакторы, мықты, азулы журналист Қынабай Аралбаев Шымкентке, газеттің өз тілшісіне телефон соқты.

           – Әкім, мына дүниең бәрімізді  толғантты, ашынтты. Ризамыз саған! Бүгін бізде  бұл үлкен әңгіме өзегіне айналды. Сол ауылға біздің қызметкерлер барып, аталған жағдайды түсіріп қайтады. Арнайы хабар дайындайтын болдық.

         Газет көтерген өзекті мәселеге орай, ата-ана зары осылай көгілдір экран арқылы да жеткізілді. Артынша бас редакторымыз Уәлихан аға да хабарласты.

     – Мына жақта бізге де тыныштық болмай жатыр. Жан-жақтан телефон соғылуда. Бір топ ата-ана келіп, рақмет айтып кетті. Балалары әскерде қаза болғандардың қоғамдық ұйымын құрмақшы. Мақалаңды орыс тіліне аударып алыпты. Бағытың дұрыс, – деген сөзі, шынында, қанаттандырып жіберді.

  Республиканың сол кездегі бас әскери комиссары Леонид Бакаевтың  өзі Алматыдан Қазығұртқа барып, жаны жабырқау, екі бірдей перзентінен айырылған ата-анаға көңіл айтып қайтты. Мәселе мұнымен де бітпей, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінде депутаттар әңгіме қозғап, сотталып кеткен бала мерзімінен бұрын абақтыдан босатылды.                         Кішкене бір белеске көтерілсем, шапағатты сезінем, шығармаларым бағаланып жатса, үлкен жолыма сәт сапар тілеген, батасын берген Сейдахмет Бердіқұлов пен «осыдан журналист шығады» деп, табан тіреп тұрып алған Уәлихан Қалижанның шарапаты дер едім. Рухани әлемді жетік білетін, ойы терең, қаламы жүйрік Ерғали Сағаттың да орны бөлек мен үшін.         Газет маған көп нәрсені үйретті, шыңдады.  Қаншама адаммен кездестірді, қанша тағдырмен сырластырып, араластырды. Бұрынғы  ардақты ағаларым бастап кеткен көштің үрдісі де, әріптестерімнің бауырмалдылығы да әркез жаныңды әлдилеп, тәтті сезімге бөлейді.  Шындығында, редакцияда істейтін журналистердің  бойында адамгершілік, рухани ой-сәуле, бір-біріне ұқсамайтын қолтаңбасы болса да, бір-біріне деген құрмет ерекше еді.  Сол ынтымақ, бірліктің әсерінен ағалық-інілік, туыстық-достық көңіл өз арналарын тауып жататын.  Әсіресе сол кезде төл газетіміздің намысын жыртып, туын көтерген Төрехан Данияр, Сапарбай Парманқұл, Рахымбай Ханалы, Нұрлытай Үркімбай, Қасым Әзімхан, Дүрәлі Дүйсебай, Бауыржан Омарұлы,  Бекен  Нұрахметов, Ғалымжан Мелдеш, Жолдасбек Дуанабай,  Қыдырбек Рысбекұлы, Әділ Қойтан, Әділбек Қаба, Сейітхан Зеберханұлы  және т.б. есімдерін мақтанышпен айтамын. Осы киелі шаңырақ астында жоғарыдағы аты аталған әріптестеріммен араласа жүріп, көңіл сарайым ашыла түсіп, шыңдалу мектебінен өттім десем, қателеспеймін.        Архивімді ақтара қалсам, «Аштық амал емес, әйтсе де...», «Жұмыс тауып беріңізші...», «ССРО тарихы, Айсұлу және басқалар», «Колбин және басқалары жазалануға тиісті!», «Сен мәңгі тірісің, Қайрат!», «Ерте қиылған ғұмыр», «Ерте есейген қыз», «Жамалдың тағдыры не болды?», «Атамекен, елім бармысың?», «Жақтым мен өмірімді жалын қылып», «Қара бауыр қасқалдақ» әнін жазған кім?», «Сайғақтар сайран сала бере ме?», «Қаныпезер кім еді» деген дүниелер сол бір қарбалас та дауылды шақтың айғағындай өткеннің өткелінен сыр шертеді. «Күн ашық, ауа тымықта ескекшінің қандай адам екенін білмейсің, ол буырқанған қара дауылда сыналады» деп бір данышпан айтқандай, өзімді сындарлы сыннан өткен осы басылымның мәңгі сапындамын деп есептеймін.

Тегтер: