Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:21, 11 Сәуір 2024

Бұзылған баланс. Топырақ тағдыры өмірімізді өзгертеді

Аманкелді Құрбанұлы
Фото: из открытых источников

Ғылым мен техниканың жетістігі өндіріске бағытталуы тиіс деген пікірге біреу қосылса, біреу қосылмайды. Бұл туралы биология ғылымының докторы, профессор, академик Аманкелді Құрбанұлы «ғылым ертелі-кеш коммерцияланып, нақты нәтиже беруі тиіс» дейді. 

Бүгінде Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығын басқарып отырған ғалым өз ісінде де осы айтқан сөздерін басшылыққа алады екен. Орталық агроөнеркәсіп кешені мен медицина саласында бірнеше препарат жасап шығарып, отандық өндірісті жолға қойған. «Жас Алаш» ғылым мен өндірістің, қажеттілік пен сұраныстың арақатынасы, елдегі микробиология ғылымының деңгейі туралы ғалымның өзімен арнайы тілдесті.  

Микробиология ғылымы ауыл шаруашылығына ауадай қажет

Бізді қоршаған әлемнің қай жерінде болсын, микробтар бар. Мәселен, инені топыраққа батырып алсаңыз, ұшында миллиондаған микроб қалады. Адамның ағзасында да мұндай тіршілік иелері көптеп кездеседі. Оны микрофлора деп атап жүрміз. Көзге көрінбейтін осы микроорганизмдер биосферадағы баланстың сақталуы үшін аса маңызды рөл атқарады. Кезінде мұның бәрін ерте түсініп, микробиология ғылымының болашағы зор екенін білген Қаныш Сәтбаев Украинадан белгілі микробиолог ғалымды шақырды. Ол Қазақстанға бірнеше зерттеушілерін ерте келді. Оған қоса, 1934 жылы ашылған ҚазМУ-дің биология факультетін тәмамдаған мамандарымыз болды. Осылайша, Алматыда аядай ғана институтымыз ашылды.

Шын мәнінде, бұл ғылымның дамуы елдегі ауыл шаруашылығы үшін қажет еді. Себебі қазақ даласындағы топырақтың халі нашарлаған үсті нашарлап бара жатты. Қазіргі жағдай да көңіл қуантарлық емес. Өйткені топыраққа егін салып жүрген де, сол өнімді тұтынып жүрген де, себіліп жатқан тыңайтқыштар қайда кетіп жатыр деп бас қатыра бермейді. Ал процесс кезінде химиялық қоспалардың бір бөлігі ғана өсімдіктің бойына сіңеді, дені топырақта қалады.

Негізі, топырақты құнарлы ететін – табиғи қарашірік. Өсімдік үшін де, малдың қорегі үшін де, түптеп келгенде, халық тұтынып отырған азық үшін де топырақтың табиғи құнарлылығы маңызды. Сол үшін де топырақтан қанша алсаң, сонша қайтарып беру керек. Ал бізде қалай? Баланс бұзылған. Сонау тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңін білеміз. Ауыспалы егіс реттілігі сақталмады, ертеңгі күн есепке алынбады. Қазақстан одақтағы ең ірі астық өндірушілердің біріне айналды деп жүргенде аямай егіп, аяусыз өнім алған топырағымыз таусылып бітті. Ал оңтүстіктегі күріш, мақта сынды суармалы егістіктерде инженерлік құрылыстар жасалып, әр егін маусымында каналдар, суару жүйелері, атыздарды тегістеу ісі үздіксіз жүргізілді. Қазір де топырақты егіске дайындау үшін механикалық әдістер қолданылады. Ұмытпау керек, топыраққа қаншалықты әсер етсең, соншалықты құнары кетеді. Міне, бүгінде сол аймақтарда тұздану көрсеткіші 70 пайызға дейін жетті. Қарашірік мүлде қалмады. Мәселен, Қызылорда өңірінде құнарлылық 2-3 пайыз болатын, қазір 0,5-ке де жетпейді. Бұл нені білдіреді? Тыңайтқыш бермесең, ол жерден өнім алу мүмкін емес... Соған қарамастан, жылда егін салып, өнім алып отырмыз. Әрине, бұл тұста көпшілік химиялық тыңайтқыштардың «көмегіне» жүгінеді. Осылайша, топырақтың органикасы одан сайын құруда.

Бірақ онсыз да құрыған топырақ деп соншама жерді қор қылуға да болмайды ғой. Өйткені мал да, жан да, шаруашылық та, астық та Жер-анаға тәуелді. Малға қуаты жоғары азық берем десең де, егістік мол болсын десең де, сапалы ауыл шаруашылық өнімін тұтынам десең де, топырақтың құнарлы болғаны керек. Ал топырақтағы барлық процесс, ондағы қарашіріктің түзілуі мен ыдырауы тікелей микроорганизмдерге байланысты. Демек, жоғарыдағы мәселелердің бәрімен ғалымдар жұмыс істеп, шешімін табуға тиіс.

Табиғи тыңайтқыштар жасап шығардық

Бір жағынан ауыл шаруашылығымен айналысатындарды да кінәлай алмаймыз. Себебі 10-20 гектар жері бар шаруа көзге көрінбеген соң топырақтың қарашірігіне алаңдамайды. Оның ойы да, мақсаты да – өнім алу, кәсіпті жүргізу, отбасын асырау. Бірақ бүгінгі табысты, бір жылғы егісті ғана ойлау өзіңе де, басқаға да жақсылық әкелмейді. Сондықтан шаруа адамы 10-15 жыл тұрақты егістікті қамдап, оған қоса кейінгі ұрпақтың да игілігін естен шығармауы қажет. Ол үшін топыраққа минералды-химиялық емес, биологиялық-органикалық тыңайтқыштар беру керек. Қазір қолданыста жүрген азот пен фосфордың ең әуелі бағасы қымбат. Әрі олар топыраққа ғана емес, өсімдікке де, алып отырған тамағыңа да, қоршаған ортаға да зиян. Мысалы, 100 килограм фосфор сепсек, оның 10 келісін ғана өсімдік алады. Қалған 90-ы топырақта «өліп» жата береді, келер жылғы өсімдікке де сіңбейді. Оның үстіне, бұл үрдіс жыл сайын қайталанады. Міне, біз осы фосфорды ыдыратып, өсімдікке сіңіретін биопрепарат жасап шығардық. Бұл инокулянтті тұқымға араластырып қолданады. Тура сол секілді, азот тыңайтқышы да химиялық өнім. Енді мына қызыққа қараңыз, ауада 78 пайыз азот, 21 пайыз оттегі бар. Жоңышқа, түйежоңышқа, ас бұршақ, май бұршақ, ноқат, жасымық сынды бұршақ тұқымдас өсімдіктердің тамырында азотты ауадан топыраққа табиғи жолмен сіңіретін «клубеньковые бактерии» деген микроорганизм болады. Бірақ олардың бәрі бірдей белсенді емес. Біз сол белсенді азотсіңіруші түйнек бактерияларды бөліп алып, биотыңайтқыш жасадық. Ол топыраққа ауадағы азотты көбірек сіңіреді. Нәтижесінде, ауыспалы егіс кезінде күріш пен жоңышқадан соң бидай ексең де, жүгері ексең де химиялық тыңайтқыш себудің қажеті болмайды. Себебі топырақ табиғи түрде азотқа қанығып тұрады.

Мұның бәрі айтар ауызға қысқа ғана әңгіме. Ал нәтижеге жету үшін қаншама жылдық зерттеулер мен лабораториялық жұмыстар, ғалымдар мен мамандардың еңбегі керек болды. Әрі мұның ешбірі де коммерциялық мақсатта жасалған жоқ. Сондықтан да біздің табиғи таза өнімдеріміз шетелдік химиялық тыңайтқыштарға қарағанда ондаған есе арзан бағада сатылып жатыр.

 Отандық ғылымды нарыққа енгізу оңай іс емес

Әрине, шетелде мұндай препараттардың аналогы аз емес. Бірақ ол әр елдің өз географиялық, биосфералық ерекшелігіне негізделген. Ал Қазақстан құрғақ аймақта (аридный зона) орналасқан, топырақтың типі өзінше бөлек. Сәйкесінше, еліміздегі флора да, фауна да, микробтар да, олардың бірін-біріне әсер етуі де басқаша. Демек, аталған тақырып жергілікті деңгейде, «локально» зерттеліп, өнімдер соған сай жасалуы тиіс. Біз осы принциппен жұмыс істейміз. Осылайша, шетелден қымбатқа алып, ақыры нәтижесіздігіне көз жеткізіп жүрген шаруалар отандық ғылымға келіп сүйеніп жатыр. Әуелде «Қазақстанда жасалған» дегенге мысқылдап, қырын қарағандар кездессе де, бүгінде ғылыми-өндірістік орталықта жасаған өнімдерімізді пайдаланып, жемісін көріп отырған шаруалар жетерлік.

Біз нарыққа шықпай тұрып Франция мен Ресейдің өнімдері кеңінен қолданылатын. Олардың имиджі мен атының өзі «лаулап» тұрды. Сондықтан алғашында кәсіпкерлерге өнімдерімізді тегін беріп, «тым құрыса 1-2 гектар жерге қолданып көр, салыстыр» дедік. Сөйтіп, олар ақшаға алынған сырттың өнімі мен тегін алынған отандық өнімді қатар септі. Бір-екі жыл солай жүрдік, одан кейін халық өзі іздеп, өзі сұрап ағыла бастады. Мұнымен айтқым келгені, нарыққа ену, ғылымның жетістігін танытып, отандық өнімге сендіру оңай іс емес екен.

Мал шаруашылығында да мәселе шаш-етектен. Шешілгенінен шешілмей жатқаны көп. Соның ішінде ет бағытын алып қаралық. Шаруалар малды семіртіп, көбірек ет алу үшін неше түрлі әдіске барады, ең сорақысы, гормондар егеді. Ол екпеде не барын ешкім білмейді де... Сататын адамға семіз мал керек, ал сатып алып, тұтынып отырғандар не жеп жатырмын деп ойланбайды. Ал шын мәнінде, малды жасанды жолмен семірту оңтайлы шешім емес екенін бәріміз білеміз. Осындай актуалды мәселемен жұмыс істей келе, бір шешімін таптық. Мал тамақты аузына алып шайнағаннан қорытып шығарғанға дейін 8 сағат өтеді. Бірақ ірі сабақты азықтар (грубые корма) бұл уақыт ішінде толық ыдырап, денеге сіңіп үлгермейді. Оны қорытуға атсалысатын пробиотиктер бар. Соларды зерттей келе азықты екі-ақ сағаттың ішінде толық ыдыратып, ағзаңа сіңуіне әсер ететін қоспа жасадық. Тағы мал төлдегенде төлдің 30-40 пайызы алғашқы бір аптаның ішінде өледі. Себебі экология мен қорекке байланысты қазіргі төлдер өте әлжуаз. Соларға арнап іштегі барлық зиянды микроорганизмдерді өлтіретін сүт-қоспа жасап шығардық. Біз жасадық дегенмен, пайдасыз болса қалып қоятын-ақ дүниелер ғой. Бірақ нарық бәрін өзі реттеп, іріктейді. Соңғы кездері сұраныс артып, күніне осы қоспаның 1 тоннасын өндіріп жатырмыз. Өндіріс өзіміздің зауытта жүріп жатыр. Жақында ғана сүт өнімдерін өндірген кезде бөлініп қалатын сарысудан пайдалы сусын алдық. Ол да микробиологияның, ғылымның арқасында келді.

Біздің елде фарминдустрия жоқ

Микробиология тек топырақ пен егін, мал шаруашылығы үшін ғана емес, адам денсаулығы үшін де аса маңызды ғылым. Дәрінің химиялық, өсімдіктерден алынатын түрінен бөлек, үшінші түрі – микробтар. Бұл ең мықты құрал. Себебі әсер ету объектісі нақты – бір микроб екінші микробты өлтіреді. Әрі химия дегеніміз – синтетика, бір жерге пайдасын берсе, екінші жерге зияны тиеді. Ал өсімдіктер ауыр сырқаттарға әсер ете бермейді. Біздің елде осы үш әдістің ешбірі потенциалын аша алмай келеді. Сондықтан болар, «Қазақстанның фарминдустриясы дамымаған» деп көп айтылады. Бірақ бізде фарминдустрия мүлде жоқтың қасы. Қарапайым таблеткалардан бастап шетелден әкеліп отырмыз. Қандай да бір күн туып, бір ел бізге дәрісін бермей қойса, халық аштықтан емес, аурудан қырылады... Сондықтан бұл салаға жіті көңіл бөлінуі қажет.

Бұл бағытта алғашқы қадамдар да жоқ емес. Біз институт қабырғасында толық циклда Қазақстанда өндірілетін алғашқы дәрілік препаратты жасадық. Аталған зең ауруларына, микозға қарсы жақпамайды жасап, өндіріске шығару үшін ондаған жыл уақытымызды жұмсадық. Клиникалық тексеріске дейінгі тексерістерден, клиникалық тексерістердің екі фазасынан соң тиісті құжаттар мен сертификаттардың бәрін алып, сатылымға шықтық. Қазіргі таңда екі дәрілік препарат клиникалық тексерулерден өтіп жатыр. Бұл жасалған, болған жұмыстар. Болмағаны, болғалы жатқаны қаншама? Тынымсыз зерттеулер мен ізденістердің нәтижесін көріп, халыққа сүйіншілеуге асықпыз. Бүгінде нан өнімдерінің балғындығын ұзақ уақытқа дейін сақтап тұратын ашытқы, алма алқаптарындағы бактериялық күйіктің алдын алатын препарат және жоғарыда айтылған бірнеше дәрілік зат өндіріске шығады деп үміттеніп отырмыз.

Осының бәрін өндіретін өзіміздің зауыт екенін айттым. Онда өте қымбат техникалар тұр. Ал енді халықаралық стандарттарға сай жаңа зауыт құрылысын бастағалы отырмыз. Себебі қанша жерден қымбат болса да ғылым үшін соңғы үлгідегі аппараттар мен техникалар қажет. Онсыз болмайды. Ғылым нақты, зерттеулер терең болуы керек, сонда өндіріс те дамиды.

P.S. Аманкелді Садановтың әңгіме барысындағы эмоциясы мен экспрессиясына қарап отырып, оның көзге көрінбейтін микроорганизмдерге деген, ғылымға деген махаббатын байқау қиын емес. Сөз аяғында тағы бір рет: «Ғылым ел игілігі үшін, ұлттық мүдде үшін, қашанғы шетелге қарап, қол жайып отырамыз» деп, бір күрсінді. Ғалымның айтуынша, елдегі ғылым салаларының көршілігінде лабораториялық зерттеу бар да, оны өндіріске енгізу жоқ. Өйткені зерттеу әлсіздеу, ал зерттеуі шала дүние өндіріске жетпей сүрінеді, өндіріс қателіктерді кешірмейді дейді ол.

Жазып алған  Баян Мұратбекқызы