Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:23, 30 Мамыр 2023

«Bye bye, Kemal!» Түркия Ердоғанды таңдады!

None
None

Түркияда президент сайлауы аяқталды. Режеп Тайып Ердоған елді кемі тағы 5 жыл билеуге рұқсат алды.

Оппозициялық алты партия бірігіп ұсынған Кемал Қылышдароғлы басты қарсыласына бір айда екі рет есе жіберіп, өзгерістен үміт­ті жұрт­тың еңсесі түсті.

Түркиядағы президент сайлауының екінші туры ешкім күтпеген тосын сый жасамады. Демо­кратиялық өзгерістен үміт­ті тараптың сағы сынды, көңілі құлазыды. Оппозициялық алты партия бірігіп ұсынған кандидат Кемал Қылышдароғлы елді 20 жыл басқарып отырған Режеп Тайып Ердоғаннан жеңілді. Алдын ала санақ бойынша Ердоған 53%, Қылышдароғлы 47% дауыс алды. Дауыс толық саналып бітпей жатып Ыстамбұлда қолдаушыларының алдына шыққан Ердоған жеңіс әнін шырқады. Өзі үнемі «Bey, Kemal» (Кемал мырза) деп қайырылатын қарсыласына сахнада тұрып «Bye bye, Kemal!» (Қош бол, Кемал) деп қол бұлғады.

Кемал бей де көп күт­тірмеді. Ердоғаннан бір жарым сағат­тай кешігіп, ол да Анкарада жақтастарының алдына шықты. «Сайлау әділетсіз өт­ті, бізді енді бұдан да зор сынақтар күтіп тұр» деді. Қандай «сынақ» екенін ашық айтпады. Ердоғанның қудалауына ұшырауы мүмкін екенін меңзеді ме, белгісіз. «Жеңдім» демеді, бірақ аузынан «жеңілдім» дейтін де сөз шықпады. Қысқа ғана сөзінің соңын өзін жақтап дауыс берген 25 миллион сайлаушыға алғыс айтып: «Тұрыңдар! Еңселеріңді түсірмей, кеуделеріңді көтеріп жүріңдер!» – деп тәмамдады.

Алғашқы турдың алдында сауалнама жүргізген ұйымдар Қылышдароғлы жеңіп кетуі мүмкін екенін болжап, түрік халқын да, сырт әлемді де бір қызыққа ынталандырып қойған. Бірақ ешбір кандидат 50% дауыс алмаған бірінші кезеңнен соң-ақ батыс сарап­шылары Ердоғанның жеңісіне күмән келтірмеді. Екінші турға (бірінші тур 14 мамырда өткен) бір апта қалғанда бірінші кезеңде 5%-дан сәл асырып дауыс жиған үшінші кандидат Синан Оған жақтастарын қазіргі президент Ердоғанды қолдауға шақырып, оппозицияның үнжырғасын түсірді.

«Әділет және даму» партиясының негізін қалушы президент Ердоғанды Батыс елдері автократ санайды. Жоғары биліктегі жолы тоқсаныншы жылдары Ыстамбұл қаласының мэрі лауазымынан басталған ол елді үш мерзім (2003-2007, 2007-2011, 2011-2014) премьер-министр, екі мерзім (2014-2018, 2018-2023) президент ретінде үздіксіз билеп келеді. 2017 жылы Түркияда референдум арқылы конституция өзгеріп, премьер-министр лауазымы жойылды. Оған да Ердоғанның өзі мұрындық болды. «Осы сайлауда жеңсем ел тұтас жаңарады, халық болашаққа өзгеше қарайды» деп уәде еткен ол сайлауға санаулы күн қалғанда жаңа конституция жазбақ ойы барын мәлімдеді.

Ердоған сайлаушыларды жарқын келешек күтіп тұрғанын айтып қызықтырды. Өз жеңісін «Түркияның жеңісі» деп атады. Сайлау күні учаске алдында жолын кес-кестеген балаларға ақша таратты.

Әдетте сайлаушыларға ақша беру – дауысты сатып алу, қылмыс саналады. Бірақ оған қол созғандар ересек емес, дауыс беру құқығы жоқ балалар болған соң сын пікір әлеумет­тік желінің бетінде ғана қалды. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде Ердоған қарсыласына небір күйені жақты. Алғашқы турдың алдында Қылышдар­оғлын «араққа құмар» деп айыптады. Мыңдаған халықтың алдында «елдің тізгінін ішкіштің қолына ұстатып қоя салмаймыз» деп ұрандат­ты. Іле-шала оны «ЛГБТ-ның жетекшісі» деп сөгіп, діншіл қауымның наразылығын тудыратын тағы бір сөз айт­ты. Ердоған билікке келгелі Түркияда ЛГБТ белсенділерін, ұйымдарын қудалау күшейді. Демократиялық құндылықтарды, адам құқығын сайлауалды бағдарламасының негізі еткен оппозиция өкілі мұны тоқтатуға ниет­ті.

Тағы бір сөзінде Қылышдароғлының артында АҚШ президенті Джо Байден тұрғанын айтып, «Байден саған мені құлатуға тапсырма берген» деп мәлімдеді. «Дәлеліңіз бар ма?» деген CNN журналисіне Байденнің 2020 жылы New York Times газетіне берген сұхбатын еске алды. Сұхбат­та Байден «Түркияда билікті төңкеріс арқылы өзгертудің қажеті жоқ, Ердоғанның қарсыластарына қолдау көрсету ләзім» деген болатын.

Екінші турға жақындағанда Ердоған бақталасын «террорист» қылды. Оны әлемнің көп елінде (Қазақ­станда да) «террористік ұйым» атанған «Күрдістан жұмысшы партиясымен» байланыстырды. Мемлекет­тік арналар да Ердоғанның сөзін қуат­тап, түрлі репортаж көрсет­ті. Қылышдароғлы видеолардың жасанды екенін айтып, айыпты жоққа шығарды және «алаяқтықпен айналысатын адамның президент болуына келісеміз бе?» деп сайлаушыларға риторикалық сауал жолдады.

Батыс басылымдары екі кандидат­ты салыстырғанда Ердоғанның харизмасы басым екеніне назар аударды. Осы сайлауда тілге шешен, сөзге жүйрік, мінезі тік Ердоғанның бәсін «Түркияның Гандиі» дейтін бейресми лақап аты бар зиялы, жуас Қылышдароғлыдан жоғары қойды. Кейбір сарап­шы Қылышдароғлыны «иі жұмсақ» деп сипат­тайды. Зиялы кандидат қарсыласына қарағанда жастар арасында, әлеумет­тік желіде (әсіресе твит­терде) өте танымал. Оның сайлауалды бағдарламасын өз үйінің асханасында немесе жұмыс орнындағы тар кабинетінде, сабырлы кейіпте сөйлеп, түсіндіретін видеолары жаңашыл жастарға «Ақсарайда» (президент резиденциясы) немесе мемлекет­тік телеарналардың эфирлерінде отырып ақыл айтатын Ердоғанның образынан әлде­қайда сүйкімдірек.

Сарап­шылар сөзінше, Ердоғанды жақтаушылардың көбі – дінді берік ұстанатын, батыс құндылықтарын қабылдамайтын исламшыл қауым. Өзі де дін мен саясат­ты қатар алып жүруге бейіл саясаткер. Қылышдароғлы да діннен алыс емес. Бірақ ол саяасат­ты дінге билеткісі жоқ. Оның ағымы да басқа – алевит. Алевит ағымында ер мен әйел тең және әрі олар үшін құдайға құлшылық орны мешіт емес, әркімнің өз үйі. Түркияда алевит­тердің саны аз, дауыс беруші есебінде үлесі төмен. Сондықтан Қылышдароғлы үмітін дін қандастарынан гөрі демократиялық көзқарастағы, батысшыл тарапқа артқан.

Екінші тур да Түркияда өте тартысты өткен. Мамырдың 28-і күні таң ата ел сайлау учаскелеріне ағылды. BBC, CNN сынды батыс ақпарат құралдары кейбір өңірде сайлаушылардың учаске ашылмай жатып кезекке тұрғанын жазып жат­ты. Таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін дауыс беру құқы бар халықтың 85%-ы жәшікке бюллетень салып үлгерген. Не деген сая­силанған халық еді! Оппозицияның тұтас ел аумағында 400 мың бақылаушысы (BBC дерегі) жұмыс істеген. Әрбір парақ олардың алдынан өт­ті деп топшылауға болады. Учаскелер жабыла сала дауыс санау басталды. Түрік комиссиялары шапшаң екен, сағат түнгі 12-ге жеткізбей-ақ парақтарды санап тауысты. Түркияның Жоғарғы сайлау кеңесі (біздіңше Орталық сайлау комиссиясы) Ердоғанның 52,14%, Қылышдароғлының 47,86% дауыс алғанын ресми мәлімдеді.

Шетел басшыларының арасында ­Ердоғанды алғаш құт­тықтағандардың бірі – Ресей президенті Владимир ­Путин болды. Іле-шала Украин президенті ­Владимир ­Зеленский де ыстық сәлемін жолдады. Өзара соғысып жатқан орыс-украин президент­тері қазір Ердоғанның қолдауына мұқтаж екені айтпаса да түсінікті.

BBC-дің жазуынша, сайлаудан соң ел ішінде оппозицияның ортақ кандидаты туралы «сәтсіз таңдау» деген пікірталас қайта басталған. Көбі Қылышдароғлының орнына Ердоғанға қарсылас ретінде Ыстамбұлдың қазіргі мэрі 54 жастағы Экрем Имамоғлын шығару қажет еді деп бармақ тістеп жатса керек. Келесі сайлау қазіргі конституция бойынша енді 5 жылдан соң өтеді.

Тегтер: