Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:08, 13 Сәуір 2023

Былтырғымен салыстырғанда...

None
None

Ең үлкен бастығымыз Ху жылына бір рет келеді. Бригадирлер бәрімізді топырлатып, залға айдап бір сағат бұрын әкеледі.

Түлкібай кеңесшісі микрофондарды шертіп, бірден беске дейін санайды. «Бір, екі, үш, төрт, бес». Ауданбай жынды «Насыбайдың басын кес», – деп әндетеді. Сорымыз қайнап, «сменнен» шыққан жұрт бір жетісіп қаламыз. Түлкібай орысша санай бастайды: «Раз, два, три, четыре, пять!» «Баба ягодка опять», – дейді. Екі тілді Ауданбай қу. Алпысқа жақындап, аяғын зорға алып жүрген әйел әріптестер мыңқ етпейді. Жылы жерге жетісімен қалың ұйқыға кеткен еді олар. Аузында бірді-екілі тісі қалған – Жайынбай, Дауылбай, Сауынбай, Итбай және бастары жұмыртқадай – Бәли, Сәли, Көде, Мөделер еркек екендіктерін естеріне түсіріп, ыржалақтап қалады...

 Осы кезде мемлекеттік тілде сөздің түбін түсіретін көмекшілерін ертіп Ху кіреді. Әуелі, екі қолын жүрегіне қойып, бірнеше рет сәлем салады. Сосын, Түлкібай ұсынған микрофонға шидей мойнын бұрып: «Әссә-ә-ә», – деп дыбыс шығарады.

 «Әлікисәләм», – деп «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының 30 жылдан бергі төрағасы Итбай орнынан әрең тұрып, сәлем қабылдайды. Арқасынан екі орынбасары тіреп тұрады. Әйтпесе, Ауданбай айтпақшы: «хана». Не алға, не артқа кетіп қалуы мүмкін. Сосын арнау айтылады. Ху жылдағыдай домбыраны айналдырып көреді. Бір-екі шертіп, бас бармағын шошайтады. Қол ұрып, қырылып қала жаздаймыз. Әйтпесе, көмекшілері жеп қоюы мүмкін.

 Содан жиналыс басталады. Күн тәртібінде бірнеше мәселе. Худың адамдары кезегімен баяндама жасайды.

 – Орташа жалақы, былтырғымен салыстырғанда 50 процентке өсті...

 – Экология былтырғымен салыстырғанда 50 процентке жақсарды...

 – Кісі өлімі былтырғымен салыстырғанда 50 процентке төмендеді...

 – Сыйақы көлемі былтырғымен салыстырғанда 90 процентке өсті...

Содан марапаттау басталады. Сол кезде аяқтарын әпіл-тәпіл басып келген әйел әріптестерді жұлқылап оятып аламыз.

– Иванова К.З. «Тоқ шәйнек. Бір тал гүлімен».

 – Жансызбаева Қ.М. «Тоқ шәйнек. Бір тал гүлімен».

 – Сидоров С.М. «Пепельница. Бір қорап сигаретімен».

 – Қамсызбаев М.М. «Пепельница. Бір шақша насыбайымен».

— Тезекбаев Б.Б. «Пепельница. Бір шақша насыбайымен».

 Осылай жалғаса береді.

 Сонымен жиналыс бітеді. Ху тағы да сәлем салып, ернін томпайтып, саусақтарын сүйреңдетіп, ауа арқылы қайта-қайта сүйіседі. Бізде қалыспаймыз. Худың сүйісін қағып алып, қайта лақтырып жатамыз. Бұлай істемесек, қазақшаға судай Худың құйыршықтары қаныңды ішеді.

 Бірақ бір түсінбейтініміз – салыстырмалы процент мәселесі.

Біздің есебіміз бойынша, базарға шықсаң, дүкенге кірсең баға былтырғымен салыстырғанда 200 процентке өскен...

 Ал кім өліп, кім қойып жатқаны туралы процентке миымыз жетпейді...

 Ел аяғы басылғанда білмейтіні жоқ, бастықтармен арагідік арақ ішіп жүретін Бақырбек қудың маңына топтасамыз.

 Ол бір тісі жоқ аузын еппен ашып:

 – Сенің жалақың 250 мың, ал Худікі – 10 миллион. Осы екеуін қосып, екіге бөлсең, орташа жалақы шығады. Сонда сенің жалақың 5 миллионнан асады.

 Анау шегін тартып, құлап түседі. «Бұдан былай 5 миллион аламын ба?», – деп.

 – Аласың, аласың. Әкеңнің басын, – дейді Бәкең, жан-жағына жылан көзін жүгіртіп. Бәріміз ыржаңдап, «әумин» деп қаламыз.

 – Ал енді кісі өлімінің 50 проценті азайғаны рас. Былтыр 70 адам өлсе, биыл 35-ақ адам өліпті, – дейді Бәкең.

 – Бәсе, көп жігіт көрінбейді. Командировкаға кетті десек...

 – Экология не бопты? – дейміз.

 Осы кезде Бақырбек шарт сынады.

— Қойындаршы, түкке тұрмайтын нәрсені әңгіме ғып!

 Сөйтсек, кәсіподақ төрағасы келіп қапты.

— Былтырғымен салыстырғанда, жағдайымыз жақсы екен, – деп шу ете қалдық...

Тегтер: