Бюджет дефициті жағадан алғанда, «Самұрық-Қазына» етектен тартады

Осы аптаның басында мәжілісте 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талқы болды. Жиында Жоғары аудиторлық палата өкілі Нұрлан Нұржанов үкіметтің бюджетке қатысты есебіне баға беріп, бірқатар кемшілікті атады.
Оның есебі көңіл көншітпейді. Ең бастыларына тоқтала кетейік. Былтыр әу баста бюджетке 16,1 трлн теңге кіріс кіреді деп жоспарланған. Кейін мұны орындау мүмкін емес екені белгілі болып, меже 14,1 трлн теңгеге қысқарды. Бірақ жыл қорытындысы бойынша осы көрсеткіштің өзі орындалмай, 609 млрд теңге жетпей қалған. Бюджеттің басты кіріс көзі – бұрынғыдай салық. Былтыр салықтан 12,3 трлн теңге түскен (жалпы табыстың 63 пайызы). Бірақ бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 5 пайыз төмен (604 млрд теңге) болған. Үкімет биылдан бастап қосылған құн салығын 12-ден 16 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл шешім салық түсімін көбейте ме, әлде көлеңкелі бизнес көбейіп, былтырғы 63 пайызға зар болып қаламыз ба, биыл жыл аяғында білеміз.
Бюджет кірісінің күйі мұндай болғанда шығысы қайдан оңсын. Былтыр республикалық бюджеттің шығыстарына 13 рет өзгеріс енгізіліп, кейінгі 5 жылдағы рекорд тіркелген. Сөйтіп бюджет шығысының 26 пайызы (6,2 трлн теңге) қайта қаралған. Басқаша айтқанда, қазынаға түсетін табыс тұрақсыз болғандықтан, жұмсайтын қаржы мөлшері қайта-қайта өзгеріп, шенділердің шарадай басы шақшадай болған. 2024 жылы ел бюджетіне қатысты пессимистік сценарийдің өзі орындалмағанын Жоғары аудиторлық палата мойындап отыр. Кейінгі кезде көп айтылып жүрген бюджет тапшылығы деген әңгіменің мән-жайы – осы.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, осындай қысылтаяң кездің өзінде қазынаға қол салатын қулар азаймаған көрінеді. Тіпті көбейіп кетіпті. Былтыр Жоғары аудиторлық палата 27 аудиторлық іс-шара жүргізіп, 862 млрд теңге мөлшерінде заң бұзу әрекетін анықтапты. Мұндай әрекет 2023 жылмен салыстырғанда 65-ке көп. 175 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа, 198 адам тәртіптік жауапқа тартылған. Яғни салық түсімі азайып, бюджеттің бүйірі көрініп тұрса да мемлекеттік қызметкерлер ұрлықтан бас тартпайды.
«Самұрық-Қазына» елді емес, басшыларын байытады
Осы отырыста аудиторлар «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекеттік сатып алудың 60 пайызын бір көзден өткізетінін айтқан. Осы әңгіме депутат Әділ Жұбановқа ұнамай, «Самұрық-Қазынаның» монополиясын да, Жоғары аудиторлық палатаның жұмсақтығын да сынға алды. Оның ойынша, аудиторлар осы жағдайға қатысты еш ұсыныс айтпай, жай ақпарат берумен шектеліп отыр.
«Мемлекеттік сатып алуды «Самұрық-Қазына» – 60 пайыз, «Бәйтерек» – 50 пайыз бір көзден берген. Неге? Елде соғыс немесе басқа төтенше жағдай болып жатыр ма? Бұл бүкіл елдің ұлттық қазынасын, байлығын ұрлауға жеңіл болсын деп бір қолға алып беру деген сөз. Бұл – нағыз ұрлық. Айдың-күннің аманында, тыныш бейбіт заманда сатып алуды бір көзден өткізу ешбір заңға сай келмейді. «Самұрық-Қазынаға» қарсымын. Оны таратып, қызметін бәсекелес ортаға беру керек. Қор құрамындағы компаниялар өз күнін өзі көрсін», – деді депутат.
Ал ЖАП өкілі Нұржанов «Самұрық-Қазына» қорына биыл толық аудит жүргізіліп, нәтижесі шілде айының аяғында шығатынын айтты. «Бізді де бұл мәселе қатты алаңдатып отыр» деген аудитор тексеріс нәтижесіне орай нақты есеп беріп, ұсыныс айтамыз деп ақталды. Екі жыл премьер-министр болғанда ел есінде қалатын ештеңе тындыра алмаған Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаға барғалы әкімдерді сынап, әр жерден ілік іздеп жүр. Оның қол астындағы қызметкер «Самұрық-Қазынаның» жайы бізді де алаңдатады дегеніне қарағанда Смайылов квазимемлекеттік сектордың серкесіне тізе батыруға бекінген сияқты. Бірақ онысынан қандай нәтиже шығатынын шілде айында көреміз.
«Жас Алаш» тілшісі Әділ Жұбановпен мәжіліс кулуарында жолығып, «Самұрық-Қазынаға» қатысты пікірін анықтап сұрады.
«Бұл қор Сингапур тәжірибесіне сүйеніп құрылған. Ал Сингапурда неге оң нәтиже көрсетіп, бізде керісінше болды? Өйткені ол елде заң қатал, ұрлық болса, жаза қатал. Біздегі қазіргі жағдайға қарап отырсақ, заң бәріне ортақ жүрмейтінін байқаймыз. Бізде де заң бар, бірақ сол заңды «Самұрық-Қазына» сияқты квазисектор қаншалық сақтап отыр? Қордың әлеуеті өте зор, бірақ мемлекет бюджетіне беріп отырған үлесі өте аз. Неге? Олар мемлекеттік сатып алудың 60 пайызын бір көзден, өзі кімге бергісі келеді – соған беріп отыр. Заң бойынша бәсеке болу керек, сатып алуға 5–10 компания қатысып, кім тиімді ұсыныс жасаса, сол жеңуі қажет. Ал бұл тәртіпті сақтамай отырғандар заңнан қорықпайды деген сөз. Мен солай ойлаймын.
Оның үстіне қор өзінің мемлекеттік сатып алу жүйесіне жиі өзгеріс енгізеді. Орта есеппен 2 ай сайын бір рет өзгертіп отырады екен. Сонда қатысатын мекеме басқа жұмысын қайырып қойып, таңнан кешке дейін «Самұрық-Қазынаның» сайтын аңдып отыруы керек пе? Бұл да сатып алуға сырт адамды кіргізбеудің бір жолы деп болжауға болады. Мұның бәрі дұрыс емес. Нарық заңына сай әділ жұмыс істеу қажет. «Самұрық-Қазына» құрамына 340 мекеме кіреді. Мысал үшін айтсақ, егер қорды жекеменшік компания келіп сатып алып, нарық заңы бойынша жұмыс жүргізсе, жаңағы 340-тың 70–80-і ғана қалуы мүмкін. Бір «ҚазМұнайГазға» қатысты бірнеше қосалқы мекемелер бар. Мұндайда оңтайландыру жайлы айтудың өзі артық.
Сондай-ақ ешқашан кәсіпкерлікпен айналыспай, байып кеткен азаматтарды білемін. Жеке танитын адамдарым да бар. Әрине, аты-жөнін атай алмаймын, өйткені қасында жүрген жоқпын. Бірақ ондайлар өте көп. Көбі шетелде тұрады. Олар ұлттық компанияларда, мұнай-газ саласындағы компанияларда еңбек еткен. Өзі де, отбасы мүшелері де кәсіпкерлікпен айналыспай-ақ мол байлыққа қол жеткізіп отыр. Олардың қанша байлығы, қаражаты бар екенін естігенде жағамды ұстадым. 30 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысқан менің өзім олардың қасында бала болып қалдым», – деді депутат.
«Самұрық-Қазына» қажет пе?
Қор 2008 жылы құрылған. Ол ел экономикасының бәсекеге қабілетін арттырады, тұрақтылықты қамтамасыз етеді деген үміт болған. Бірақ бұл үміт жүзеге асқан жоқ. Керісінше, үй ішінен үй тігіп, бюрократияны көбейткен ұйым болды. Өйткені қордың жалғыз құрылтайшысы – Қазақстан үкіметі. Екеуінің илейтіні бір терінің пұшпағы. «Самұрық-Қазынаның» бар функциясын үкімет атқара алады. Яғни үкімет өз міндетін қорға бөліп беріп, оны сыртынан өзі бақылап отыр. Салдарынан қор үкіметпен бірге де, өз бетінше де жұмыс істей алмайды.
«Самұрық-Қазына» құрамына «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», Qazaq Air, Air Astana, «Қазпошта», «Қазақтелеком», KEGOC сияқты алпауыт компаниялар кіреді. Яғни қор елдің мұнай-газ, көлік-логистика, химия және атом өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, энергетика және жылжымайтын мүлік саласын тұтас шеңгелдеп отыр деген сөз. Қордың қазіргі активі – шамамен 69 млрд доллар.
Ел экономикасы үшін ең маңызды салаларды уысында ұстап отырғанымен «Самұрық-Қазынаның» мемлекетке берері көп емес. Мысалы, «Самұрық-Қазына» былтыр мемлекет бюджетіне дивиденд ретінде 579 млрд теңге төлепті. Жалпы ішкі өніммен, бюджет кірісімен салыстырғанда, бұл түкке тұрмайды. Мұны аз десеңіз, 2024 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Самұрық-Қазына» экономикаға жыл сайын 1,8 трлн теңге зиян келтіретінін мәлімдеген.
2022 жылы қаңтарда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қордың пайдасынан зияны көп екенін айтып, ауқымды реформа жасауды талап етті. Сол кездегі басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевке бір айда жағдай оңалмаса, ұлттық компания жұмысын тоқтататынын айтқан. Реформа жасау – біреуді орнынан алып, екіншісін қою деп білетін шенділер президент сынынан кейін директорлар кеңесін жаңартып, қор құрамындағы бірер компанияның басшысын ауыстырды. Басқа ешқандай өзгеріс болған жоқ. Өзгеріс жасауға тиіс Сәтқалиев бір жылдан кейін энергетика министрі болды да, оның орнына Нұрлан Жақыпов келді. Ал Сәтқалиевке дейін Ахметжан Есімов – 4 жыл, Өмірзақ Шөкеев – 6 жыл, Тимур Құлыбаев – 1 жыл, Қайрат Келімбетов – 3 жыл басқарған. Бәрі экс-президенттің ескі кадрлары.
«Анклав деген ұғым бар, бір мемлекеттің ішіндегі мемлекет дегенді білдіреді. Сол сияқты «Самұрық-Қазына» жемқорлықтың ордасы ретінде құрылғаны болмаса, басқа ешқандай қажеті жоқ құрылым болатын. Басқаша айтқанда, ол нағыз монополист болып отыр. Оны ұлттық әл-ауқат қоры деп атайды, бірақ оны ұрлық қоры десек қателеспейміз. Бос шығынның барлығы осы мекемеге байланысты болып отыр. Бір үкімет, ұлттық экономика болған соң оны бөліп-жарудың қажеті қанша? Бұл сөз жүзінде экономика үшін құрылғанымен, шын мәнінде клептократиялық ұры биліктің өзін-өзі жарылқап, өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ететін тетігі. Әр салаға жауапты министрліктер бар, экономика, өндіріс министрлігі жұмыс істеп тұр. Ендеше, солардың жұмысын қайталайтын «Самұрық-Қазынаның» не қажеті бар? Оны дәл қазір таратып жіберсе де, ештеңе өзгермейді», – дейді экономист Жанкелді Шымшықов.
Жақында «Самұрық-Қазына» Абу Дабиде шығатын The National News басылымының тәуелсіз әл-ауқат қорлары рейтингінде күтпеген жерден екінші орын алыпты. Тізімде жергілікті Mubadala қорына ғана есе жіберген. Рейтинг БАӘ-де жасалғанын ескерсек, оның шынайылығына сену қиын. Тізім жасалған уақыт Абу Дабидің тақ мұрагері Қазақстанға келген уақытпен тұспа-тұс келіп тұр. Оның үстіне «Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесінің құрамында БАӘ азаматы Мұхаммед Жәмил әл Рамахи бар. Демек рейтингтегі екінші орын қазақ-араб достығы үшін берілсе, таңғалатын ештеңе жоқ.
Қуаныш Қаппас