Бюджеті көбейген Шымкентте «крышаң» болмаса...
Шымкентте ай сайын лауазымды шенеуніктің аса ірі көлемде парамен ұсталуы әдетке айналды.
Өткен аптада антикор қалалық әкімдікке қарасты тағы бір басқарма басшысының қолына кісен салды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы Дәурен Ерғариннің хабарлауынша, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
«Ол мегаполистің әлеуметтік маңызы бар бағыттары бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялау кезінде бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін кәсіпкерден 13 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Соттың санкциясымен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген антикор басшысының таратқан мәліметінде.
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтындағы деректерге қарағанда, жоғарыда аталған басқарманың басшысы қызметін соңғы кездері Мұхтар Қоқанбаев атқарып келген. Ол басшысының міндетін атқарушы болып былтыр қазанда бекітілген, биыл наурызда бұл орынға ресми түрде тағайындалған. Естеріңізде болса, былтыр мамырда антикор Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшыларының (басқарманың басшысы мен оның орынбасарының) үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Бұл қылмыстық іс Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі «Ария-Жаңа Астана» компаниясымен байланысты. Компания екі жыл бұрын Шымкентте жол салуға қатысты 10 миллиард теңгенің тендерін ұтып алып, осы жұмыстарды атқару барысында 747 миллион теңгені жымқырған. Ал шенеуніктер атқарылмаған жұмыстарды қабылдаған көрінеді. Бірақ бір жылдан бері тергеліп жатқан іс әлі күнге сотқа өткен жоқ.
13 миллион теңге парамен ұсталды деген Мұхтар Қоқанбаев жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына осындай сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайдан кейін тағайындалған шенеунік. Былтырдан бері Шымкент қалалық әкімдігі шалғайдағы елдімекендерге қатынайтын автобустар өз шығындарын ақтай алмағандықтан, оларды бюджеттен субсидиялау шаралары қолға алынған еді. Ұсталған басқарма басшысы осы субсидияны кедергісіз төлеу үшін көлік компаниясының иесінен пара сұраған болып тұр ғой.
Мамырдың басында антикор қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшы құрамына қатысты бірқатар қылмыстық істердің тергеліп жатқанын хабарлаған болатын. Басқарма басшысы қызметтік міндеттерін орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бөлім бастықтарынан 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деп күдікке іліккен. Оның орынбасары мен бөлім бастығы алдын ала сөз байласу арқылы жер учаскесін мемлекеттік алып қою кезінде бюджет қаражатымен кедергісіз ақы төлегені үшін кәсіпкерден 5 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталып отыр.
Сәуірде Шымкент қаласына қарасты бір аудан әкімінің орынбасары мен бас маман ұсталды. Олар да тендер ұтып алған кәсіпкерді жалпы қамқорлығына алу үшін 60 миллион теңге мөлшерінде пара алды деген күдікпен ұсталды.
Жалпы соңғы жылдары үшінші мегаполисте сыбайлас жемқорлық өзінің шарықтау шегіне жетіп тұр. Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заңдылықтардың сақталуы жөніндегі комиссияның жетекшісі Жанысбек Өтегеннің айтуынша, Шымкентте бюджеттің қаржысын талан-таражға салу, шенеуніктердің ақша дәметуі бұрыннан бар жағдай.
— Соңғы жылдары қаланың бюджеті еселеп көбейді. Орталықтан бөлініп жатқан ақша көп. Ал бірақ ақша көбейгенімен, бақылау күшейіп жатқан жоқ. Бюджет қаражатының көбейгенін қаланың қарапайым тұрғындары сезініп отыр ма? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Шенеуніктер абаттандыру, көркейту деп күмәнді жобаларға ақша бөлуді әдетке айналдырды. Осының бәрі бақылаудың әлсірегенін білдіреді, – деді Жанысбек Өтеген.
Байқағандарыңыздай, жоғарыдағы фактілерден Шымкентте шенеуніктер кәсіпкерлерден параны кедергі келтірмеу үшін, жалпы қамқорлығына алу үшін сұрайды. Соған қарағанда, үшінші мегаполисте әкімдікте «крышасы» жоқ кәсіпкердің күні қараң болса керек.