Бюджеттің күні блогерге қарап қалса...

Қазақстан үкіметі қазынаның түбі көрінді дегенді желеу етіп, жан-жақтан қаржы жинауға кірісті.
Қосымша құн салығын көтеріп, кәсіпкерлердің табысына ортақтасып, айыппұлды көбейтіп, азаматтардың қалтасын қаққан билік енді блогерлер мен әнші-бишілерді нысанаға алған сияқты. Әрине, қазақ қоғамы әртістер мен блогерлердің нысанаға ілінгеніне қуанбаса, ренжімегенін ескерте кету керек.
14 ақпаннан бастап елдегі блогер, инфлюенсер, ақпарат саласындағы бизнес өкілдері, спортшылар және өзге де танымал адамдарға салық органдары хабарлама жіберіп, мемлекет алдында қарызы туралы ескерте бастаған. Өткен аптада телеграм-арналардың бірінде «салық төлемеген блогерлердің» тізімі жарияланды. Тізімде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан, Баян Алагөзова қатарлы шоу-бизнес өкілдері, Өркен Кенжебек, Бейбіт Әлібеков, Ләйла Сұлтанқызы сияқты блогерлер бар. Тіпті қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мен кәсіпкер Сырымбек Тау да «борышкерлер» тізімінің бел ортасында жүр.
Онда көрсетілген қарыз сомасы да аса қомақты. Мысалы, Әлібеков деген блогер 2 миллиард 163 миллион теңге табыс тапқаны жазылған. Ал Сырымбек Тау мен Мұхтар Тайжанның «берешегі» 114 және 21 миллион теңге болған. Мұндай танымал адамдар мемлекетке 53 млрд теңге қарыз көрінеді.
Қаржы министрлігінің есебі
Бұл тізім қоғамда қызу талқыға түсіп, дауға қатысы бар тараптар жарыса мәлімдеме жасап жатыр. Алдымен қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті БАҚ-та тараған тізімді өздері жасамағанын айтып, ақталды. Бірақ заңды және жеке тұлғаларға қатысты салықтық тексеріс жүріп жатқанын жасырмайды. Комитеттің ресми сайтында жарияланған ащы ішектей шұбатылған түсініксіз сөйлемдердің тігісін жатқызып, жалпақ тілде ұсынып отырмыз.
«Түрлі ақпарат көзінен алынған деректі салық декларациясындағы мәліметпен салыстырып, 594 тұлғаға қатысты 53,3 млрд теңге сәйкессіздікті анықтадық. Соған сай биыл 13-14 ақпан аралығында «кірісін төмендетіп көрсеткені» бойынша камералдық бақылау хабарламасын жібердік. Хабарламаны орындауға 30 жұмыс күнін беріп отырмыз.
Әртүрлі интернет-ресурста онлайн-жарнама жариялау арқылы (ақпараттық өнімді тарату немесе сату, әртүрлі оқу курсын сату, ұтыс ойынын өткізу, т.б.) табыс тапқан адам салық төлеуі керек екенін еске саламыз. Бұл конституция мен салық кодексінде белгіленген», – деп жазды комитет.
Мемлекеттік кірістер комитеті әлеуметтік желіде тараған тізімге үрке қараса да, ондағы мәліметтерді негізінен растап отыр. Мекеме блогерлердің соңынан шам алып түскенін де, олардан 53,3 млрд теңге өндіріп алуға ниетті екендерін де мойындап отыр. Тек борышкерлердің аты-жөнін ғана атаған жоқ.
Ал мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, блогерлерді тексеруге тұрғындардың арыз-шағымы себеп болған. Былайғы жұрт желіде жарқыраған өмірін көрсетіп, қымбат көлігі мен зәулім үйін көрсете беретін «жұлдыздарды» тексеруді сұраған. Тексеріс барысында блогерлер тапсырған декларация мен олардың есепшотындағы сома сәйкес келмеген.
«Кей блогер салық декларациясын тапсырды, кейбірі тапсырған жоқ. Ал кейбірі табысын нөлдік көрсеткішпен өткізді. Сондықтан біз талдау жүргізіп, оның шынайы табыспен сәйкес келмейтінін анықтадық», – дейді МКК өкілі.
Қаржы министрлігі «желі жұлдыздарын» қырына алып жүргені былтыр белгілі болған. Министр Мәди Тәкиев миллиардтаған кірісін жасыратын блогерлер туралы айтып, 162 блогердің кірісі мен шығысы арасындағы айырмашылық 1,1 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеген. МКК төрағасы Жандос Дүйсембиев министрдің емеурінін тез түсінген сияқты, бірден іске кірісіп, блогерлерге 53 млрд теңге салық салып отыр.
Тәкиев Instagram, Youtube, TikTok сияқты әлеуметтік желілерде 20 мыңнан асатын жазылушысы бар адамды блогер деп санайды. Былтыр қазандағы есеп бойынша елде мұндай 745 азамат бар. Олар 2024 жылы 9 айда мемлекетке 1,2 млрд теңгеден аса салық төлеген. Қаржы министрлігі бұл соманы азсынып отыр. Олар «300 миллионға үй алып, 80 миллионға машина мінетін» блогерлерден түсетін салық бұдан әлдеқайда көп болу керек деп санайды.
«Борышкерлер» тізіміне енген блогерлер не дейді?
Елдегі әлеуметтік-саяси мәселелерге араласпайтын, биліктің халыққа қарсы әділетсіз шешімдеріне қарсы жақ ашпайтын әншілер мен блогерлер өздеріне қатысты тізім шыққан бетте өре түрегелді. Жеке парақшаларында бірі ақталып, бірі ашуланып, бірі мысқылдап, жазба жариялап жатыр.
Мысалы, тізімдегі мемлекетке ең көп «қарызы» бар Әлібековтің айтуынша, 600 блогер 53 млрд салық төлеуі керек болса, олардың табысы 533 млрд теңге (1,07 млрд доллар) болады. Осы бойынша есептегенде, 60 мың блогер 107 млрд доллар табыс таба алады. Бұл жалпы ішкі өнімнің үштен біріне тең. «Ендеше, бізге мұнай не үшін керек, блогерлерді көбейтейік» деп жазды ол телеграм-арнасында.
Ал журналист Ләйла Сұлтанқызы өзіне хабарлама келгенін растап, табысы желіде тараған сомаға сай келмейтінін әрі салықты дер кезінде төлеп отырғанын, заң бұзбағанын жазды. Ол жауапты органға ресми сұрау жіберіп, бәрін заң аясында шешетінін айтты.
Саясаткер Мұхтар Тайжан салық қызметкерлеріне хабарласып, тізімге қалай еніп кеткенін анықтаған. «Facebook, Instagram парақшаларымда және YouTube-арнамда оқырман көп болғандықтан, мені блогерлер тізіміне қосып қойыпты. Салық қызметкерлері мені заңсыз жарнамамен айналысты деп күдіктенген. Олар менің жеке банк карталарымдағы барлық ақша айналымы жайлы ақпарат сұрады» деп жазды Тайжан. Сондай-ақ ол салық органы қызметкерлеріне әнші-бишілерді аңдымай, шетелден зәулім үйлер сатып алған шенділерді, судьяларды, ұлттық компания басшыларын жіті тексеруді ұсынды.
Ал кәсіпкер Сырымбек Тау тізімдегі 114 млн теңге қайдан шыққанын білмейтінін айтып, өзіне қатысы бар компаниялар мемлекетке кем дегенде 10 млрд теңге салық төлегенін мәлімдеді. Олар жарнама арқылы ақша таппағанын айтады.
Желіде жазба жариялаған блогерлердің бәрі мемлекеттік кірістер комитеті табысты дұрыс есептемегенін, өз банк карталарының арасындағы ақша айналымын, депозиттен жеке шотқа аударған қаржыны және туысқандарына берген көмекті табыс ретінде көрсеткенін айтады. Бірақ көпшілік әншілер мен блогерлерді сүттен ақ, судан таза дегенге сенбейді.
Бюджеттің бүйірін блогерлер толтыра ма?
Қазақстан бюджетінің тапшылығы 10 трлн теңгеге жетті деген ақпарат бар. Үкімет осы шығынның орнын толтырғысы келеді. Бірақ оның оңтайлы жолын премьер-министр Олжас Бектенов те, ол басқарған министрлер кабинеті де таба алған жоқ. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, ел үкіметінің қиын сәтте тапқан жалғыз тәсілі – салықты көбейту болып отыр.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлер декларация тапсырып жатыр. Сондай-ақ былтыр шілдеде «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң күшіне еніп, блогерлерді салық төлеуге міндеттеді. Осы екі норма әлеуметтік желі арқылы табыс тауып отырған мыңдаған адамды салық төлеуге міндеттеді.
Бірақ МКК блогерлердің шуынан секем алып, бір қадам артқа шегініс жасады. Комитет техникалық ақауға байланысты кей азаматқа хабарламаны қателесіп жібергенін хабарлады. Атап айтқанда, 93 блогерге жіберген 9,8 млрд теңге салық төлеу жөніндегі хабарламаны кері қайтарып алыпты. Яғни үлкен аудиториясы бар, танымал адамдар мәселесін айғай-шумен шешіп алып жатыр. Ал қарапайым жеке кәсіпкерлер шақырған жерге барып, декларациясын дәлелдеп, артық ақшасы жоқ екеніне мемлекеттің көзін жеткізуге мәжбүр.
Ел арасында «борышкерлер тізімі» қоғамды шатастыру мақсатында әдейі жарияланды деген де көзқарастар бар. Мұндай пікірді қолдайтын жұрт билік танымал блогерлердің атын пайдаланып, ҚҚС-ны көтеру, «Қазақмыс» кеншілерінің өлімі сияқты өзекті тақырыптардан назарды басқаға бұрмақшы деп санайды. Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев пен Ерболат Саурықов осы пікірді қолдап отыр. Ал олардың әріптесі Ринат Зайытовтың не дегенін бірінші беттегі «Қожанасыр тірі екен...» айдарынан оқып алыңыз.
Қуаныш Қаппас