Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:12

«Біз АҚШ-ты емес, Данияны таңдаймыз» – Гренландияның премьер-министрі

Йенс-Фредерик Нилсен
Фото: Reuters

Гренландияның премьер-министрі Йенс-Фредерик Нилсен егер дәл қазір таңдау жасау қажет болса, арал халқы АҚШ-ты емес, Данияны таңдайтынын мәлімдеді.

 Мұндай мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны аннексиялау жөніндегі бастамалары қайта күшейген тұста жасалды.

Трамп Вашингтон аралды Ресей мен Қытайдан қорғану үшін Гренландияға «иелік етуі керек» деп бірнеше рет айтқан. Ақ үйде аралды сатып алу мүмкіндігі де қарастырылуда, алайда күш қолдану арқылы аннексиялау нұсқасы да жоққа шығарылмайды.

Дания АҚШ-тың НАТО бойынша одақтасы. Осыған байланысты Метте Фредериксен АҚШ тарапынан әскери күш қолдану Трансатлантикалық қорғаныс альянсының аяқталуын білдіруі мүмкін екенін ескертті. Копенгагенде өткен мәслихатта ол «ең жақын одақтастың жол беруге болмайтын қысымы» туралы қатаң пікір білдіріп, «ең қиыны әлі алда болуы мүмкін» екенін атап өтті.

«Егер дәл қазір АҚШ пен Дания арасында таңдау жасауға тура келсе, біз Данияны таңдаймыз», - деді Йенс-Фредерик Нилсен.

Оның сөзінше, «Гренландия АҚШ-қа тиесілі болуды да, АҚШ басқаруында болуды де, АҚШ құрамына кіруді де қаламайды».

Копенгагендегі баспасөз мәслихаты Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен мен Гренландияның сыртқы істерге жауапты өкілі Вивиан Моцфелдттің АҚШ-қа сапарының қарсаңында өтті. Олар Вашингтонда АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесуді жоспарлап отыр.

Ресей мен Қытайдан қорғану уәжі

Гренландия – әлемдегі халқы ең сирек қоныстанған аумақтардың бірі. Солтүстік Америка мен Арктика түйісінде орналасуы оны әскер орналастыруға әрі өңірдегі кеме қозғалысын бақылауға қолайлы етеді.

Трамп Гренландияның АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін «аса маңызды» екенін айтып, дәлел келтірместен аймақ «Ресей мен Қытай кемелеріне толы» деген уәжді алға тартқан. Қазіргі кезде АҚШ Гренландияның солтүстік-батысындағы Питуффик базасында 100-ден астам әскери қызметкер ұстайды. Бұл база Екінші дүниежүзілік соғыстан бері АҚШ бақылауында.

Қолданыстағы келісімдерге сай, АҚШ Гренландия аумағына қалағанынша әскер орналастыра алады. Алайда Трамп жақында аралды жалдау жеткіліксіз екенін, АҚШ аралға «иелік етуі тиіс» екенін айтып, НАТО-дан «бұған дұрыс қарауды» сұраған.

НАТО-дағы одақтастар Еуропаның жетекші елдері мен Канада – Копенгагенді қолдап, мұндай шешімдер тек Дания мен Гренландияның құзырында екенін мәлімдеді. Олар Арктикадағы қауіпсіздік барлық серіктестердің, соның ішінде АҚШ-тың да жауапкершілігі екенін атап өтті және Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарын – егемендік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығын сақтауға шақырды.