Біз әлі де ұлтты ұйыстыратын себеп іздеп жүрміз

Қазіргі жанкүйер мен бұрынғы жанкүйерлердің арасы әлдеқайда алшақ. Жанкүйер болу мәдениеті де біздің буын өкілдерінен анық байқалатын сияқты.
Қазір футболға не басқа да сайыс түріне баратын жастар көп, бірақ барса да түсінбейді, түсінсе де жаны шын күймейді. Осыдан бірер апта бұрын «Қайрат» пен «Реал Мадрид» футбол клубтарының арасындағы ойыннан, байқасаңыз, нағыз жанашыр көрермендер қалып кетті. Билет бағасы аспанға шықты да, спорттың иісі тіпті де мұрнына бармайтындар ойынды тамашалады. Сәйкесінше, қолдау да кемшін болды. Стадионнан, көрерменнен қолдаудың жетпей қалғанын бәрі айтып-жазды. Қолында билеті бар көрермен ойынға барды, қайтты, әсері де тез басылды. Ал біздің жас кезімізде спортқа қызығатындар әлдеқайда аз болғанымен, олар көрген ойынын, сайысын жіліктеп талдайтын. Қазір шын жанкүйер жоқ деп кесіп айтуға болмас, бірақ жасыл алаңға, стадионға барып матчты тамашалауға қолы қысқа боп тұр, енді бірі билет таба алмай жүр. Шын жанкүйерлердің қандай болатынын өз көзіммен талай мәрте көрдім. Өзім өскен Атырау өңірінің Қошқар дейтін ауылында Ислам Әбілғазиев ағамыз шын жанкүйердің қандай болатынын дәлелдеген адам. Ол кезде біз әлі бала едік. Қазіргідей үй‑үйде телевизор болмайды, ағамыз көшеде ілініп тұрған репродуктордан, бес сомның кішкентай радиосынан әлем чемпионаттарының қалай өтіп жатқанын тыңдайтын. Тек тыңдап қана қоймай, барысы қалай боп жатқанын талдап отыратын. Ағамыз мықты жанкүйер ғана емес, футболдың тактикасын білетін, түсінетін адам еді. Ең қызығы сол – Ислам Әбілғазиев ағамыз өзінің бір баласының есімін Эйсебио деп қойды. Эйсебио – сол кезде аты дүкіреп тұрған Португалия ұлттық құрама командасында ойнаған ең ұлы футболистердің бірі еді. Баласының атын Эйсебио деп қойған кезде бүкіл ауыл шулап кетті. Оның үстіне алғашқы бала кемпір мен шалдың қолында өсетіні тағы бар, оған қарттардың тілі келмей, Есей десе үйлеспейді, ақырында Серік деп атап кеткен. Кейін сол Эйсебио есейіп, жеке куәлік алған соң, құжаттағы есімін де Серік деп ауыстырып алыпты. Қазір сол Серік Доссорда тұратын зіңгіттей жігіт болды, өз бала-шағасы бар, мұнайшы. Міне, Ислам ағамыздай жанкүйер қазір шынымен аз-ақ қалған сияқты. Футболдың жілігін шағып, майын ішетін, жеңісі мен жеңілісін қатар көтеретін жанкүйерлер тым сиреп кетті.
Күні кеше болған «бум» кезінде футболсүйер қауымның қатарына допты қалай тебуді де білмейтін адамдар қосылып кетті. Халықтың ынтызарлығымен сол футболсүйер топтың қатарына аңдаусызда бәрі кіріп кетті. Мұндай құбылыстың өзі де қоғамдағы қандай да бір әлеуметтік психоздан хабар берсе керек. Біз ұлтты ұйыстыратын, бірлікке шақыратын бір түрткі іздеп жүрміз. «Реалға», «Селтикке» қарсы ойын осы нәрсені тағы дәлелдеп көрсеткен сияқты. Халыққа әлі де бір қаһарман керек екен. Сол анық байқалды. Бұл құбылыс халықтың ішінде жатқан әлеуметтік беймаза күйдің бар екенін айтып тұр. Елдегі саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайларға көңілі толмаған жұрт өзінен-өзі лықсып, сол көңілі мен толқыныстарын, сезімдерін футболға әкеп құйды. Мұндай жағдай халықтың ендігі рахат тауып, құшырымыз қанып көретін нәрсе – осы, осыдан өзге көңіл қуантатын ештеңе қалмады дегені. Осындай абыр-сабыр күйдің кезінде шын жанкүйер көрерменнің тасасында қалып кеткені өкінішті-ақ. Әйтеуір қайда барсаң да, кімді оқысаң да, еркек пен әйелдің, жас пен кәрінің аузында футбол туралы сөз. Отырып ап ақыл айтатындар көбейді, бір ойын үшін Шерханды қаһарманға айналдырып жіберді. Осы деңгейге алып шыққан Анарбеков тасада қалып қойды. Осындай жағдайлар біздің қоғамның футбол мәдениетін әлі де түсіне бермейтінін, шын жанкүйер деңгейіне көтеріле алмай жатқанын түсіндірген сияқты.
Бұлай деуімізге себеп көп. Халық әлі жеңілісті қабылдай алмайды екен, аттандап кетеді. Дегенмен футболды қанша меңгерсең де, жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіні бар. Алда әлі талай жеңіс пен жеңілістің күтіп тұрғаны анық. Спорттың қызығы да осында. Әртүрлі факторлар әсер етеді. Ойыншылардың, бас бапкердің көңіл күйі, алаңның көңількүйі, стадионның қолдауы, тактика, құрам, дайындық – бәрінің үлкен ықпалы бар. Бірінші голдың да үлкен ықпалы бар. «Қайрат» пен «Реал» ойынында жігіттердің есепті 0:0 қып ұстап тұруға мүмкіндігі болды. Бірақ «бірінші гол» факторы бәрін шешіп кетті. Жеңілістен кейін жігіттеріміздің салы суға кетті, бұл психологиялық тұрғыда әлі де үлкен дайындықтың керек екеніне тағы бір мәрте көзімізді жеткізді.
Мақсат Тәж-Мұрат,
әдебиеттанушы-ғалым,
эссеист